Ұлттық кодқа қатер қайдан?
Құзырлы орган қырағылық танытып, есірткіге қарсы екпінді күрес жүргізгеніне қарамастан, статистикалық деректер көңіл көншітпейді. Мәселен, облыстың полиция департаментінің дерегіне сүйенсек, көрсеткіш жыл сайын артып келе жатқанын байқауға болады. Атап айтсақ, өткен жылы дәл осы есірткі қолдану және өткізуге байланысты – 255, ал, биыл 332 құқық бұзушылық тіркеліп, көрсеткіш 30 пайызға артқан. Одан бөлек, дәрігерлер де нашақорлықтың күн өткен сайын жасарып, жас ұрпақтың есірткіге, оның ішінде, синтетикалық есірткіге деген тәуелділігі күшейіп келеді деп дабыл қағуда. Бірақ, «бүгін дәмін татып, ертең қоя саламын» деген ұғым жоқ дәл осы наркоманияда. Жаныңды алмаса да, жапырағыңды жайқалтпай, өзіңнің ғана емес, бүтін ұрпағыңның тамырына көпе-көрінеу балта шапқанмен бірдей. Сондықтан да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында дәл осы есірткіге қатысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Биылғы «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесін көтерді. Әлбетте, мемлекетте тиісті заңнамалық шаралар қабылданғанымен, есірткі соғысында әлі де болса, жеңіліске ұшырап келеміз. Қылмыспен күрес өз алдына, бұл ретте есірткі қолданған әр адам өзіне ғана емес, бүтін ұлтқа қастандық жасайтынын ойлануы керек.
«Синтетикаға» сұраныс – жоғары
«…Есірткі мәселесі ушығып барады. Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан, біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деген Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып, жұмыла күресу қажеттігін де айтты. Демек, есірткімен күресті құқық қорғау органдарына ысырып қоя салу – жеткіліксіз.
Облыстың полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы ведомствоаралық үйлестіру және алдын алу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Данияр Жақұдаев нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарын анықтау департаменттің басым бағыттарының бірі екенін айтады.
– Қазақстан Республикасында нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында облыста бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Одан бөлек, облыс әкімінің жанында өңірлік ведомоствоаралық штаб жұмыс істейтінін айту керек, – дейді полиция подполковнигі. Қабылданған шаралар нәтижесінде жыл басынан 332 есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қылмыстың тіркелуі 30 пайызға өскенімен, Данияр Әбілқасымұлы есірткімен байланысты қылмыстардың көптеп ашылуы кешенді жұмыстың нәтижесі екенін де айтады. Яғни, қырағылық танытып, қауіпті қылмысқа қарсы жүргізілген әрекеттер өзінің тиімділігін көрсетуде.
Мәселен, биыл заңсыз айналымнан 445 келі әр түрлі есірткі құралдары алынса, оның 12,5 келісі – синтетикалық есірткі. Бірақ, деректер тағы көңіл көншітпейді. Данияр Жақұдаев ұсынған деректер жыл сайын дәл осы синтетикалық есірткі саудасының айналымы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Демек, «синтетикаға» деген сұраныстың да өскені. Дәлел ретінде өткен жылы құқық қорғау органдары небары 2,5 келі синтетикалық есірткі алғанын айтсақ, көрсеткіш бір жылдың ішінде 343 пайызға артқан. Ал, өкініштісі – есірткі қылмысына кәмелетке толмағандардың көптеп тартылуы.
– Өкінішке қарай, жыл басынан есірткі заттарының заңсыз айналымымен, яғни, «закладка» жасаумен айналысқан кәмелетке толмаған сегіз бала ұсталды. Олардың қатарында колледж студенттерімен қатар, мектеп оқушылары да бар. Полиция департаменті жүргізетін нашақорлықтың алдын алу бойынша іс-шараларға қатысқанына қарамастан, балалар осындай әрекеттерге барып отыр. «Неліктен бұлай жасадыңдар?» деген сұраққа, қаржылай тәуелсіз болғылары келгенін айтты. Одан бөлек, тұрмыстың ауырлығы да балалардың қылмыстық жолға түсуіне ықпал еткен. Есірткі жасыра жүріп, кәмелетке толмағандар өздерінің қылмыс жасап жүргендерін білген және кінәсін мойындады, – дейді Данияр Жақұдаев.
Әлбетте, заң алдында бәрі бірдей, әрі оны сақтауға міндетті. Бұл Конституцияның 34-бабында нақты, анық жазылған. Яғни, әркім Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға міндетті. Ал, есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеуге Қылмыстық кодекспен тыйым салынған. Жасына, ұлтына, нәсіліне, жағдайына қарамастан, заңды бұзған жазасыз қалмайды. Данияр Әбілқасымұлы биыл ұсталған сегіз баланың үшеуі сотталып, оларға бес жарым жылдан алты жарым жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шыққанын айтады. Қалғандары бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде. Бұлардың да алдыңғыларының кебін киетіні – даусыз.
Есірткі ешкімге де аяушылық танытпайды. Бір айналдырғанды шыр айналдырып, түбіне жетпей қоймайтын бұған «оңай ақша табамын» деп кіргендер қатарында әйелдер де бар. Мәселен, жыл басынан осы есірткіге қатысы бар 125 адам ұсталса, оның 12-і – әйел.
Данияр Әбілқасымұлы облыста дәл қазір жаңадан пайда болған «Альфа-ПВП» және «Мефедрон» атты есірткі құралдары танымал екенін айтады. Ал, классикалық есірткілер – гашиш пен марихуана.
– Нашақорлықтың алдын алу бойынша полиция департаменті жыл басынан мыңнан астам түрлі шаралар өткізді. Оның ішінде құқықтық оқыту бағдарламасы бойынша облыстағы мектептің барлығы қамтылды. Оның 247-сі ауылдық мектеп, 162-сі қалалық мектеп, 52 колледж бен 8 жоғары оқу орнында нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізілді. Ал, қатысқандар саны жүз мыңнан асады, – дейді Данияр Әбілқасымұлы.
Өткеннің салдары
Есірткінің адам денсаулығына әсері туралы мәселеге қатысты қоғамның да, ғалымдардың бас қатырғанына біраз болды. Жүргізілген зерттеулер кез келген есірткі, психотроптық зат не, сол тектестер болсын, мейлі, нашақордың денсаулығына тікелей әсер етуден бөлек, оның болашақ ұрпаққа әсер ететінін көрсетті. Себебі, ананың денесіне химиялық әсер ету оның генетикасында із қалдыруы мүмкін, бұл оның ұрпағының денсаулығы мен дамуына әсер етеді. Ал, генетикалық код жоғары дәлдікпен ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.
Жалпы, ғалымдар кокаин, марихуана, героин, синтетикалық есірткі болсын, мейлі, препараттар орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, мидағы химиялық өзгерістерді тудыратынын айтады. Бұл өзгерістер адамның мінез-құлқы мен психикалық жағдайына әсер етіп қана қоймай, генға да әсер етуі мүмкін. Ал, бірқатар зерттеулер есірткінің әсері мидың жұмысына жауап беретін гендерде мутация тудыруы мүмкіндігін көрсетеді.
Бұл ретте есірткіден болатын генетикадағы өзгерістер ұрпаққа берілетініне ерекше назар аударған жөн. Осылайша, нашақорлық проблемасы адамның жеке өзінің денсаулығымен шектелмейді.
Облыстық клиникалық аурухананың отбасын жоспарлау және репродуктивтық денсаулық орталығының генетик-дәрігері Әлия Жүнісова нашақордың ағзасында түрлі өзгерістер болатынын айтады. Мәселен, есірткі ДНҚ құрылымын өзгертпегенімен, ол эпигенетикаға тікелей әсері бар. Яғни, эпигенетика дегеніміз ДНҚ тізбегінің өзіне әсер етпейтін гендік белсенділіктің өзгеруін зерттейтін зерттеу саласы.
– Біз нақты қандай да бір есірткі түрінің адам ағзасына қалай әсері барын айта алмаймыз. Себебі, оның күн сайын жаңа түрі шығуда. Сондықтан, әрқайсысының әсері әр түрлі болуы мүмкін. Бірақ, ұзақ уақыт есірткі пайдалану ДНҚ-ға әсер ететіндей эпигенетиканы өзгертіп жібереді, – дейді Әлия Қанатқызы.
Генетик-дәрігер есірткіге тәуелділік генетикамен тікелей байланысты екенін айтады. Бірақ, нақты әкесінен, не анасынан беріледі деп айтуға келмейді. Дегенмен, зерттеулер отбасында бір адам есірткіге тәуелді болса, жақын туыстардың осындай проблемаға ұшырау қаупі – жоғары.
– Егер әйел жүктілік кезеңінде есірткі қолданса, дүниеге келетін баланың денсаулығында ақау болады. Біріншіден, ақыл-ой кемдігін айту керек. Одан бөлек, тыныс алу жүйесіне де тікелей әсері бар. Бұл тек бір парасы ғана. Бұл тізімді тізе берсе, өте көп, – дейді Әлия Жүнісова.
Есірткі қолданған адам түзу жолға түсіп, жаман әдетінен толықтай арылғанымен, оның өткені болашағына көлеңкесін түсірмей қоймайды. Яғни, есірткіге тәуелділік емделген күнде де адамның ұрпағынан көрініс беретіні ақиқат. Тіпті, баланың дені сау туылған күнде де, оның жадында бағдарлама ретінде есірткіге бейімділік жазылып қалады. Ал, оны жою мүлдем мүмкін емес.
– Ер я әйел болсын, кезінде есірткі қолданып, кейіннен толығымен айыққан күнде де, эпигенетикадағы өзгерістер балаға берілуі мүмкін. Бұл тек бір ұрпаққа ғана емес, жеті ұрпағына дейін жететін нәубет, – дейді генетик.
Адамның өмір жолында жасаған әрбір әрекеті оның тағдырына ықпал етпей қоймайды. Есірткі тұтынуда да солай. Бұл ретте аурудың берілуі жынысқа да бөлінбейтінін айту керек. Оған генетик-дәрігердің сөзі дәлел. Ал, «балам – балым, немерем – жаным» деген қазақ үшін ұрпағын мәңгілік азапқа салудан ауыры жоқ болар…
Эксперимент құны
Ал, облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісі Бақыт Дүйсембаева «Нашақорлық – бүгінгі дәуірдің қауіпті індеті» дейді. Айтуынша, тұрмыстың қиындығынан қашқан адамдар нашақорлық құрығына жылдам ілігеді екен.
– Қиындықтан қашып, нашақорлыққа салыну арқылы өз өміріңе эксперимент жасаудың құны – өте жоғары. Адам ем қабылдағанның өзінде толық тәуелділіктен және нашақорлықтың салдарынан арыла алмайды. Нәтижесі – өлім, не өмір сапасын жоғалту, – дейді Бақыт Дүйсебекқызы.
Нарколог-дәрігер халық арасында «бұрыншы нашақор болмайды» деген ұстаным қалыптасып қалғанын жоққа шығармайды, әрі онымен келіседі. Себебі, нашақорлықтан арылу өте қиын. Науқас алдына мақсат қойып, өз ниетімен келіп, емнің барлық кезеңдерін толық өткенде ғана оң нәтиже беруі мүмкін. Дегенмен, толық емделіп, социумға дені сау адам болып қосылғандар жоқ емес екенін де айтады.
Яғни, айналып келгенде адамның өзіне байланысты екенін жоққа шығара алмаймыз. Деннің саулығы – әр адамның жеке таңдауы. Есірткіге тәуелді адам емделіп, оңалтудан өтіп, өткен өмірінен бас тартса, ол адамнан жиренуге ешқандай негіз жоқ. Ал, отбасының және жақындарының қолдауы – жақсы терапия болмақ.
– Жастар ғана емес, кез келген адам нашақорлықтың құрбанына айналуы мүмкін. Есірткеге үйір болу нашақордың өзіне ғана емес, қоршаған ортасы, ата-анасы, тіпті, ұстаздары үшін де үлкен қасірет. Наркомания – адамның тұлға ретінде жойылуына әкеледі. Яғни, күні кеше ғана сап-сау жүрген адам әп-сәтте қоғамға қауіпті болып шыға келеді. Бұл проблемамен қоғам болып күрескенде ғана жеңіске жете аламыз, – дейді Бақыт Дүйсебекқызы.
Нарколог-дәрігер қазір нашақорлардың дені синтетикалық есірткі қолданатынын айтады. Ал, олардың классикалық есірткілерге қарағанда зияны да орасан. Мәселен, тұз түріндегі «Эфедрин» орталық жүйкені зақымдап, ұйқыдан айырады. Ал, «2ЛСД» синтетикалық есірткі ұнтақ түрінде де, сұйықтық түрінде де галлюцинация туғызады. Ал, ағзада жинала келе, адамның толық ақыл-есінен айырады.
– «Экстазии» эмоцияны күшейтіп, қорқынышты жояды. Бұл есірткінің түрі түнгі клубтарда таратылатынын айту керек. Сондай-ақ, тұз түріндегі синтетикалық катинон да өте қауіпті. Ал, «Спайс» – шегетін қоспа, атап айтқанда, синтетикалық каннабинойд. Оның да галлюцинация туғызатын әсері бар. Облыста синтетикалық есірткінің осы түрлері кең таралған. Оны қолданғандар денсаулығынан және психикалық денсаулығынан жылдам айрылады, – дейді Бақыт Дүйсебекқызы.
Нарколог адам емделгеннен кейін де есірткіні қайтадан пайдалану қаупі өте жоғары екенін айтады. Себебі, психикалық тәуелділік болады. Сондықтан, одан арылу үшін ем алудан бөлек, психологпен, психотерапевтпен жұмыс жасау маңызды. Ал, біраз уақыт синтетикалық есірткі қолданатындардың дені қоғамға толық қанды дені сау адам ретінде қосылуы екіталай. Өйткені, химиялық препараттар адамның орталық жүйке жүйесінің жасушаларын зақымдайтындықтан, бұзылған ойлау қабілеті қалпына келмейді. Небары бір ай пайдаланғанның өзінде фобия, паранойя және тағы басқа психикалық ауытқулар пайда болады. Бұдан иммунитеттің төмендеуіне байланысты әр түрлі инфекциялық аурулар да жылдам жұғады.
Бақыт Дүйсебекқызы да бүгінде есіртке қолданатын жастар, жасөспірімдер және әйелдердің көбейгеніне алаңдаулы. Оның үстіне, балалар да есірткі қолданудан үлкендерден кем түсіп жатқан жоқ. Егер осыдан 3-4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 16-17 жасты құраса, қазір 13-14 жас. Одан бөлек, есірткі пайдаланатын әйелдер саны да жеті есеге артқан.
«Облыс бойынша ең жас нашақор 18 жаста, есепке алынғанына 2 жылдай болды» дейді нарколог-дәрігер. Бұл – біз білетіні, білмейтініміз қаншама.
Сонымен қатар, Бақыт Дүйсебекқызы апиын қолданатын нашақорларға қарағанда синтетикадан уланатындар аз екенін айтады. Бірақ, соңғылары арасында галлюцинация салдарынан өз-өздеріне қол жұмсап өлу – жиі.
Дәрігер табиғи есірткіге қарағанда синтетикалық есірткіден тәуелділік жылдам туындайтынын да айтты. Синтетиканы бір рет пайдаланғаннан-ақ, тәуелділік туындайды. Оны пайдалану жолы да оңай. Мәселен, классикалық есірткіні шприц арқылы тамырға енгізу керек болса, синтетиканы көбінесе иіскейді, ішеді немесе шегеді. Әрі, бағасы арзан.
– Жастар көп жағдайда білместікпен марихуананы жеңіл есірткі ретінде қабылдайды. Бір қарағанда зияны жоқ тәрізді көрінгенімен, физикалық және психикалық тәуелділік тудырады. Жылдар бойы пайдаланғаннан кейін шизофрения, психоз тәрізді психикалық ауытқулар пайда болуы мүмкін. Марихуана пайдаланатындар біраз уақыттан кейін оған қанағаттанбай, басқа есірткі түрлеріне ауысады. Мұндай факт өте жиі кездеседі. Яғни, нашақорлардың көбі марихуанадан бастайды десек болады, – дейді Бақыт Дүйсебекқызы.
Р.S. Статистика бойынша Қарағанды облысында өткен жылы 7335 адам наркологиялық есепте тұрса, биылғы көрсеткіш – 7442. Ал, оның 1196-ы – кәнігі нашақорлар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz