Жаңалықтар

Ұлттық бірегейлік ұлы мұратқа жетелейді

2024 жылдың 14-15 наурызында еліміздің батыс өңіріндегі Атырау қаласында Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысы өтті. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы бұл алқалы жиында көптеген қоғамдық мәселелер көтеріліп, зиялы қауым өкілдеріне, сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ өкілдеріне бірнеше үндеу жарияланып, қоғамдық орын алған кеселдерге біріге қарсы тұрудың тиімді тұстары ұсынылды.

Сурет: dzen.ru сайтынан

Осы арада Құрылтайда көтерілген өзекті мәселелердің бірі – ұлттың бірлігі, бірегейлігі жөнінде көтерілген мәселелерге тоқталсақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында халықтың береке-бірлігін сақтаудың елдігіміз үшін қашанда маңызды екендігін атап өтті. «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», – деп атап көрсетті. Осы арада әйгілі Күлтегіннің мына сөзі ойымызға оралады: «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанының алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі менен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады». Қай заманда болсын, өзегін жоғалтпаған бұл мәселе – бүгінгі қоғамда да басты орында екендігі сөзсіз! Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінде екендігін баса көрсете келе, ел ағаларының арасында ауызбіршіліктің маңыздылығы қоғамға өте қажет екендігін айтып, оларды ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуға шақырды.

Мұнымен қоса зиялы қауымның кейбір өкілдері, тіпті, мемлекеттік қызметшілер де орынсыз байбалам салып, айналасын сынап-мінеуді әдетке айналдыр­ғандығын тілге тиек етті. Мұндайды доғарып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылағанда зиялы қауымды байыпты болуға шақырды. «Үнемі артқа қарайлап, өткен күнге өкпе арта беру­ге болмайды. Әлем қауымдастығында лайық­ты орнын иелену­ді қалайтын ұлт өзін өзгелерден кем сезінуден және әлеуетін әлсірететін жалған түсініктерден арылып, болашаққа нық сеніммен қарауы  керек», – деп нақты көрсетті.

Ұлттық бірегейлік мәселесін көтергенде, қоғамда орын алған жағымсыз жайттар қатарында ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу сияқты келеңсіз әдетті де атап көрсетті. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндердің көбейгендігін және мұндай ұстанымдар еліміздің біртұтас идеологиялық кеңістігіне зиян келтіретіндігін баяндады. Ал бұл мәселенің ұрпақ тәрбиесіне кесірін тигізіп, қазақты бөліп-жаруға әкелетіндігін көрсете білді. Біз жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылып, әрбір қазақтың ата-бабасын құрметтейтінін, рухына тағзым ететінін, шежіренің біздің мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі екендігін ұмытпауымыз керек екендігін алға тартты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда барлық пікірді қорыта келе, ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Соның ішінде, ең алдымен, Тәуелсіздік және отаншылдық мәселесін айт­қан кезде халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай алатындығымызды, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта  түсетіндігімізге мән берді. Ұлттық бірегейлік мәселесін көтергенде, бұл дін мәселесіне де қатысты екендігі сөзсіз. Дәстүрлі дінге ден қою деген идея да көтерілді. Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдардың, өз азаматтарымыздың көбейгендігін көрсете келе, халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмағанын, бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс екендігін көрсетті.

Біздің салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек екендігін алға тартты. Радикалды неофиттер халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүрген жағымсыз жайтты және бұл жағдайдың дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені көрсетілді. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек екендігі, еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет екендігі айтылды. Бүгінгі күні кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп, жақсы, орынды бастама көтергендігі, оны қолдап, ауқымын кеңейту қажет екендігіне баса назар аударды.

Ұлттық бірегейлігімізді ны­ғайту мәселесін айтқанда ұлттың бейнесін көрсететін ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің де маңыздылығын алға тартты. Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өту биылғы жылы жаңа форматқа ие болғандығын көрсетті. Арнайы тұжырымдама қабыл­данды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпайтындығымыз, бірақ әз Наурыздың  мәртебесін  көтеріп, мазмұнын байытып, Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауына ие болғандығын, Ұлттық киім күнінің қосылғандығын атап өтті. «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы  мәселеге  арнайы  тоқталдым», – деп атап айтты.

«Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетін­дер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймай­тын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс» деп Президентіміз дәстүрдің озығын алып, тозығынан бас тартуды еске салды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей нашақорлық, лудомания деген кеселдермен күресу қажеттігіне шақырды. Есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайтып, ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет екендігі және Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырды.

Тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті, бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер екендігін де Құрылтайда Президентіміз ерекше атап өтті.

Ұлттық Құрылтайдың идеологиялық бағдары болған ұлттық бірегейлік – бүгінгі Әділетті Қазақстан қоғамын құрудағы басты шарт. Дәстүрлі дала демократия­сына негізделген бұл алқалы жиында көтерілген ел мен жердің тағдыр шешті мәселелері Қазақстанның мәдени-рухани және саяси қайта жаңғыруы деп есептейміз.

Минар АМРИНА,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті
Қазақстан тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы
кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button