Ұлтаралық алауыздық тудырды деген күдікпен қарағандылық кәсіпкер қамауға алынды
Қарағандыда ұлтаралық алауыздық қоздырды деген күдікпен 22 жастағы жергілікті кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында Threads платформасында ұлтаралық араздық белгілері бар жазба анықталған.
– Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы 1-бөлігі — «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектiк-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – дейді облыстық полиция департаменті.
Сонымен қатар, тергеу органдары оның елден кетуге ниетті болғаны туралы мәліметке қол жеткізген. Осыған байланысты тергеушілер күдіктіні қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялау жөнінде өтініш түсірген.
22 шілде күні Қарағанды қаласының тергеу соты тергеу органдарының өтінішін қанағаттандырып, күдікті А.Мұхамадиеваны екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалған. Сараптама нәтижелері шыққаннан кейін іс бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Іс құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында тұр. Полиция қоғамды әлеуметтік желілерде жауапкершілікпен әрекет етуге және ұлтаралық татулықты сақтауға шақырады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА