Бас тақырыпРуханият

Ұлт ұясын ұлықтау – ұлағатты ұмытпау

«Ұлытау – ұлт руханиятының алтын бесігі, ұлттық кодтың бастауы. Дәл осы арада Алты Алаштың баласы бас қосып, Қазақ мемлекетінің іргетасы қаланған. Хан ордасы бой көтеріп, үш жүздің баласы жаңа мемлекеттің туын желбіретті. Сондықтан да оның тарихы һәм рухани маңызы жоғары».

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жуырда Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында Алматыдағы «Тұран» университетінде «Ұлытау – қазақ жеріндегі мемлекеттілік пен хандық билік институтының алтын бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлт ұясы Ұлытаудың отандық тарихтағы өлшеусіз өнегесін әспеттеуді мұрат тұтқан іргелі іс-шараға облыс әкімі Ерлан Қошановтың тапсырмасымен арнайы барып қатысқан Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар тақырып төңірегіндегі толғақты ойларын ортаға салып, аймақ басшысының конференцияға қатысушыларға жолдаған құттықтау хатын оқып берді.

Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығы, «Тұран» университеті және «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қоры бірлесіп өткізген әлеуметтік-қоғамдық сипаттағы маңызы аса зор жиынға танымал тарихшы ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері, көрнекті саясаттанушылар, құқық саласының кәсіби мамандары, жоғарғы оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, докторанттары, магистранттары мен студенттері, саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Жүргізу тізгінін «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, экономика ғылымдарының докторы, «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының төрағасы Рахман Алшанов ұстаған конференция Нұрсұл- тан Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатынан үзінділер берілген деректемелік мазмұндағы бейнекөрініспен басталды. Аталмыш сұхбатта Елбасы туған жерін түлетуді, егемен елінің еңсесін көтеруді азаматтық парызы санайтын ұрпақ тәрбиелеуде ғасырлар шежіресі тұнған киелі Ұлытаудың орны ерекше екендігіне көңіл бөліп, Ұлытаудың беделін көтеру – мемлекеттің беделін көтеру деп білу керектігін айрықша атап өткені белгілі. Ұлытау ауданының әкімі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әнуар Омар өз сөзінде Ұлытаудың ұлттық психологияны қалыптастыруда ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды жалпыотандық, патриоттық сезімге баулуда да мүмкіндігі шексіз екендігін дәйекті түрде жеткізді. Қасиетті өңірді рухани Меккеге айналдыру мақсатында барлық қам-қарекеттерді жасау қажеттігін тілге тиек ете отырып, алғашқы кезекте, Ұлытауды Қазақ елінің алғашқы астаналарының санатына енгізу, киелі өлкенің құндылықтары төңірегіндегі сан қилы пікірлер мен болжамдарды ғылыми тұрғыдан бірізділікке салу және билік тара- пынан шынайы жанашырлық таныту тәрізді көкейкесті мәселелердің оң шешімін табуы қажеттігіне назар аударды.

Пленарлық отырыста Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғалымдары Әлімғазы Дәулетханов, Ахмет Тоқтабай, Факия Шамшиденова, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің профессо- ры, тарих ғылымдарының докторы Ханкелді Әбжанов, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры, профессор Әбділмәлік Тәкішев, сондай-ақ, Философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері, Phd докторы Нұркен Әйтімбетов күн тәртібіндегі сауалға қатысты өзіндік көзқарастарымен, құнды пікірлерімен бөлісті. Баурайында ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғалардың ізі қалып, ұлағат ұстыны қалыптасқан, қиын-қыстау күндерде Алаш жұртын ұлы істерге жұмылдырған Ұлытауды ұлықтау, оның лайықты мәртебесін орнықтыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды, сонымен қатар, осы бағытта қолға алынған нақты әрекеттер жайы да қаузалды.

Мәселен, Ұлытаудың перзенті, Қазақ тағамтану академиясының президенті, академик Төрегелді Шар- манов конференцияға қатысушыларға жолдаған хатында Ұлытауды төрткүл дүниеге таныту қажеттігін айта келе, осы мақсатта 2016 жылы Алматы қаласында бие сүті негізінде өнімдер шығаратын «Ұлытау» саламатты тағамтану орталығын ашып, әлемде тұңғыш рет денсаулыққа аса пайдалы, биенің сүті негізінде әзірленетін инновациялық өнімдерді жаппай тұтынуға ұсынып отырғанын жеткізді. Ал ғылыми жиынға келген академия қызметкерлері жиналған қауымға «Ulytau» брендімен дайындалған аталмыш өнімдерді таныстырды.

Конференцияны дайындау мен оны жоғары деңгейде өткізуге айтарлықтай еңбек сіңірген «Ұлытау алтын мұрасы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ғалымжан Әбдібеков Алматы қаласындағы көшелер мен метрополитен станцияларының біріне Ұлытаудың атын бергізу тұрғысында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жария етіп, Ұлытауға арнайы «Ұлттық парк» мәртебесін беру туралы ұсынысын білдірді. Профессор Ханкелді Әбжанов Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени дүниелері, көне әдеби мұралары жайлы ақпарат беріп отыру мақсатында әр тоқсан сайын ғылыми жинақ шығаруды ұсынса, Ұлытаудың төлтумасы, белгілі саясаттанушы Кенжеболат Жолдыбай бұл мақсатта мерзімді баспасөзбен қатар әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланған жөн деп санайтынын мәлімдеді. Кенжеболат Махмұтұлы сондай-ақ, Үкімет тарапынан «Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданғанын, оны жүзеге асыруға 351,5 миллиард теңге бөлінгенін айта келе, конференцияға қатысып отырған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметовтен құжаттың орындалу барысы туралы жаңадан жасақталған Үкіметке депутаттық сауал жолдауды өтінді. Жиын түйінінде түзілген ұсыныстарды ел Үкіметіне жіберу жөнінде шешім қабылданды.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.

Басқа материалдар

Back to top button