Бас тақырып

Ұлт рухының ұлы жеңісі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бірегей де тарихи мақаласында «Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуге тиіс», – деп айрықша атап өтті. Иә, қасіреті мен қасиеті қанжыға қағысып келіп, әлімсақтан әз арманын ту еткен Алаш жұртына бос­тандық бодандық қамытын бырт-бырт үзіп, бірақ орнады. Азат күнін, азаттығын анасымен қатар қойған қаракөз қазақ сол күні жүрегі жарыла, өкпесі қабына қуанғанына төрткүл дүние куәгер.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Ұлы арман

16 желтоқсан. Алаш та, Абай да  терең түсінген мәртебелі күн. Сол сұрапыл сәттерде қазақ жастары егемендігі жолында екілене есе алған шақ. Тәңірге тәубе дегізіп, тәу етер Тәуелсіздігіміздің екі тізгін бір шылбырын қос қолымызға ұстатқан қастерлі белес. Бұл өзі көз талдырып, көңіл кездіртетін, алдымен құлап жұбанатын, соңында жылап қуанатын, сүрлеу. Соны да сонар әлем. Әлімсақтан андағайлап, айтудан, жазудан жалықпайтын, толғаудан талықпайтын жүрек жыры. Махаббат пен мархабатқа ие киелі дата. 16 желтоқсан. Мұзға жанған алаулы тарихтың тұтас ұлттың тағдырын айқындаған ұлық күн. Сол кезде еркіндіктің рухы жүрекке ұя салған, тәуелсіздікке ұмтылған ұлы арманның ақиқатқа айналған кезеңі. Қайратты қазақ жастарының қайсарлығы, олардың ұранға айналған асыл мұраты осы күндердің қасиетті бейнесін мәңгілікке бедерледі. Сол уақыттағы күрес пен намыстың лебі әлі күнге дейін әр қазақтың жүрегін жылытады, рухын асқақтатады. 

Қайталайықшы, осы күн – тек күнтізбеде белгіленген қарапайым дата емес. Ұлт рухының жаңғырып, тамыры тереңге кеткен тәуелсіздік шежіресінің бастау алған сәті. Қазақтың еркіндігі үшін күрес­кен бабалардың татыққан тарғыл тастай беріш болып кеткен жан аманаты орындалып, кейінгі ұрпаққа азаттықтың ақ таңы атқан бәйгетөбе белесі. Ақтүтекте арзуынан адасып кете жаздаған ақжүрек жұртқа жаратқанның қалауымен тарих атты төренің мөрі басылып,  әділдігі орнады.

Тәуелсіздік –  еркін ой,  бостандыққа ұмтылған сананың шарықтауы, сосын шексіз мүмкіндіктердің жарқын әлемі. 16 желтоқсан. Кең даламыздың жұмыр төсін аралай ұшып жеткен бозторғайдай, әр қазақтың жүрегінде мақтаныш пен жауапкершіліктің ұшқынын жағатын, болашаққа ұмтылуға сарқылмас жігер сыйлайтын ұлт мерейі болып қала бермек.  Балбал тасы басын көтергендей,  ондағы қашалған жазу да бәрі-бәрі осы мерекенің қасиетін еселей түседі. Бұл – тарихтың соқпағында жоғалмайтын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жұлдыз-даңқы аспаннан биік мәңгілік мұра. Тәуелсіздік таңы бізге аманат!

Жаңа жазу

«Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көптомдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді. Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп әзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе. Сондықтан, Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет», – деп ордалы ойын алға тартқан Президент ең қажетті мәселеге үндейді. Отыз күн ойланып, тоғыз күн толғанған, салмағы қорғасыннан ауыр зият пікір. Оқшау ой.

Президенттің баянды бастамасы еркін елдің тарихи санасын жаңғыртудағы маңызды мәселені айқындар жол. Ұлттық тарихты жаңа ғылыми тұрғыда қайта жазу – тек өткенді түсініп, бажайлаумен шектелмей, болашаққа бағдар жасауға негіз жоралғы. Тәуелсіздік жылдарында көптеген талпыныс­тар жасалғанына қарамастан, Қазақстан тарихының жан-жақты әрі терең зерттелген академия­лық үлгісін қалыптастыру әлі де өзекті. Мемлекет басшысы ұсынған көптомдық жаңа тарихты жазу бастамасы – болмыс бітімімізді жаңғырту арқылы ұлттың бірегейлігін нығайтуға арналған кешенді жоба. Өткен дәуірлердің құнын аларлық жұмысқа тек қазақстандық беделді тарихшыларды ғана емес, шетелдік ғалымдарды да жұдырықтай жұмылдыра отырып, халықаралық деңгейде зерттеулер жүргізудің маңызы терең. Мұндай көзқарас тек объективті әрі дәлелді деректер негізінде ғана емес, сонымен қатар, ұлттық мүддеге сай келетін заманауи ғылыми ұстанымдарды басшылыққа алады. Жаңа тарих мектеп оқулықтарынан бастап, жоғары білім беру бағдарламаларына дейін енгізіліп, ғылыми және педагогикалық тәсілдердің негізінде дайындалуы қажет-ақ. Тарихтың көптомдық академиялық үлгісі ұлттық бірегейлікті нығайту, патриотизмді арттыру және ұрпақтарға тарихи шындықты жеткізу мақсатында іргелі еңбек болмақ. Президенттің бұл ұсынысы – уақытылы әрі қоғамның қажеттіліктерін дөп басқан қадам. Осы бастама жүзеге асқанда ғана тарихи сана жаңғырып, ұлттық шежіреміз толыққанды жүйелі түрде қалыптасады. Бұл кезең келе жатыр…

Төрлет, Тәуелсіздік!

 «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырау­ға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қас­терлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – деп бекінеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұстын сөзі еңселі егемендіктің мәнін айқындайтын терең философиялық тұжырым. Ол Қазақстан халқы үшін аса қымбат үш құндылықты ерекше атап өтіп, оның ұлт болашағындағы маңыздылығын айқын көрсетеді. Кең-байтақ жеріміз – ұлттың тірегі. Бұл жер ғасырлар бойы ата-бабамыздың ерлігімен, қанымен қорғалып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді. Сондықтан, оны сақтау, қорғау және келер ұрпаққа аманаттау – әрбір қазақстандықтың ең алғы борышы. Жеріміз тек табиғи байлық қана емес, ұлттық бірліктің символы. Ал, тіліміз – рухани негіз. Қастерлі қазақ тілі, баба тілі – ұлттың рухани өзегі және мәдениетіміздің алтын қазығы. Ана тілінде сөйлеп, ойлап, жазу – ұлттық сананы қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Президенттің бұл құндылықты ерекше атап өтуі тілдің қоғамдағы орнын нығайтып, оны күнделікті өмірде кеңінен қолдануға үндейді. Бұл – ұлттық мәдениетті сақтау мен оны жаһандану жағдайында дамыту жолындағы маңызды қадам. Береке-бірлік – елдің ұйытқысы. Қиын-қыстау кезеңдерде халқымызды сүріндірмей алып келген бірлік пен ынтымақ – егемендіктің негізгі тұғыры. Қазақстанның көпұлтты мемлекет ретінде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтай білуі – әлемге өрнегі өзгеше үлгі. Елдің тұтастығы мен халқымыздың бірлігі кез келген сын-қатерлерді еңсеруге дем-күш.

Ошақтың үштағанындай бұл үш құнтты құндылықты сақтау – елдің әрбір азаматы үшін қасиетті міндет. Мемлекет басшысы атап өткендей, оларды «көздің қарашығындай сақтау» – Қазақстанның болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт. Бұл құндылықтар ұрпақтар сабақтастығының, ұлттық рухтың беріктігінің және тәуелсіздіктің мәңгілік болуын қамтамасыз ететін мызғымас негіз. Президент ойы ел азаматтарын ортақ мақсатқа жұмылдырып, тәуелсіздікті нығайту жолындағы жауапкершілікті арттыруға шақырады. Осы үштағанды сақтау арқылы Қазақстан әлемде өзіндік орны бар, қуатты әрі біртұтас мемлекет ретінде дами беретіні сөзсіз.

Бүгінде байсал тауып баптанған қаракөз жұртымыз ең бастысы ұлт ұжданы ұрланбасын деген рәуіште келешек көкжиегіне көз артатындай. Кірпігі күндіз-түні ілінбеген зиялылар қауымы алды жарық, арты аңыз азаттық күнін қастерлейді. Тәу етер тәуелсіздік күні, қаймана қазақтың төріне шық! Ақ жүрегін айқара ашқан ел-аймақтың жүрегін тербет! Пейілі шат жұртыңа мейір дарыт. Аза-мұнарынан толық айығып үлгермеген әр адамын шаттыққа бөле! Атамекеніміздегі алтын тағыңа қонып, орныңды суытпа. Өткен қараңғылық көлеңкесін қаққа жарып, өмірі өркендеп өзгерген бостан рес­публиканың өңін аша түс! Тәмамы тамсанар телегей де келешегі кең ғасырларға жетеле!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button