Ұлт өнері ұлықталды
Қазақтың қара домбырасы мен иір қобызы, әуелеген әні дәріптелген облыстық фестиваль мәресіне жетті. Бұл фестивальді басқадан бөлек етер өзіндік өзгешелігі бар. Қазақтың ұлттық өнерін өміріне серік қылған өзге ұлт өкілдері ғана ән шырқап, би билеген фестивальде этномәдени бірлестіктер ел мен жерге ерен құрметін көрсеткендей-ді.
«Өнеріміз саған, Қазақстан!» аталған өнер додасы бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешен халқымыздың ымыра-бірлігін, бір-біріне деген риясыз пейілінің куәсіндей еді. Фестивальді ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.
Ұлттың өнерді жан жүрегімен меңгерген этномәдени бірлестік өкілдері үш аталымда өнер жарыстырды. «Вокал» аталымында қазақ тіліндегі әндерді шырқаса, «Би» аталымында қазақтың мың бұралған ұлттық биін назарға ұсынды, «Ұлттық аспаптарда шығарма орындау» аталған үшінші аталымда қазақтық халық музыкалық аспаптарында ойнады. Фестивальге аймақтың барлық қала, аудандарынан өкілдер келгенін атап өткен абзал.
Сонымен, фестивальдің жеңімпаздары болып, Юнус Магомадов (Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» ҚБ), «Киппым» би ансамблі («Қарағанды облысы корей этномәдени бірлестігі» ҚБ), Карина Түсіпбекова (Бұқар жырау ауданы Новоузенка кентінің Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы білім беретін мектептің 7-сынып оқушысы) танылды.
Барша қатысушылар дипломдармен, сертификаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz