Әлсіздік әйелдің әлемі емес
«Нәзік жандар» дейміз-ау… Ой түбіне бойласаңыз, орынсыз сипаттама. Себебі, кейінде нәзіктік сөзін әлсіз дегенге теліп алдық. Солтүстіктегі орман жұртының «Слабый пол» дегенінен калька жасай салғанымыз ғой. Ал, әйел жаны әсте әлсіз емес. Мұны басқасы басқа, барсакелмес заманалардан аман қайтқан қазақ жақсы біледі. «Елдігімнің қорғаны ерімнің мұрагері, ұлы рухтың шырақшысы» деп перзенті үшін жау тылына түскен де осы – әйел. Қазақ қызының қажет болса теңізді кешіп өтер, тіпті, тау төңкерер қуаты бар. Бүтін бір елдің намысын белі қайыспай арқалаған, «Тоғыз ай, он күн толғатқан», аманатына адал жаратылысты қалайша әлсіз дейміз?!
Филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлының тағдыры – құдіреті шексіз жаратушының әйел затына жазған мадақ жыры ма дерсің. Мекемтас Мырзахметов 1932-1933 жылдардағы аштықты көзімен көрген, қынадай қырылған қазақтың қанды жасын алпыс екі тамырымен сезінген. Тумаластарының бірі соғыстан, бірі аштықтан, қалғаны қылша індетінен көз жұмған. Бір атаның ізі жарық жалғаннан жоғалып кетудің аз-ақ алдында қалған ғой. Ал, атадан тұяқ қалмау – қазақ үшін орны толмас қасірет.
12 құрсақ көтерген Мекемтас ақсақалдың анасы аштықта жан сақтау үшін бала Мекемтас пен қызын арқалап, жолға шығады. Міне, ұлтына бар құнарын берген асыл перзенттің маңдайына жазылған хикаятының осы бір бөліміне жүрек көзін бұрыңыз.
«1932-1933 жылдары ашаршылық болды. Аштықтан қиналған соң, түс кезінде жездеміздің үйіне қарай жолға шықтық. Анам сонда қарындасымды бауырына алып, мені қолымнан жетелеп, аштықтан бұралып әрең жүрді. Жол өнбей, ауылға жақындаған шақта қас қарайып кетті. Бір кезде бізді 3 қасқыр қамап, топырақ шаша бастады. Мен қорыққанымнан анамның етегіне тығыла бастадым. Анам таяғын көтеріп, айғайласа да қасқырлар қаймықпады. Содан анам қарындасымды жерге қойып, мені арқалай жөнелді. Қасқырлар қарындасыма қарай бас салған болу керек, шар еткен даусы естілді. Біз сол уақытта аман-есен құтылып үлгердік. Кейін барып қарасақ, шашынан басқа ештеңе қалмапты. Бұл – қасірет. Ашаршылық кезінде әр жерде осындай оқиғалар көп болды. Мен оны өз көзіммен көрдім», – дейді Мекемтас Мырзахметұлы өз естелігінде.
Қайран ана, даланың төрт аяқты тағысымен емес, өмір дейтін қасқырдың өзімен арпалысқан екен-ау! Етегіне тығылған аш құрсақ баланы қалай да сақтап қалу керек еді. Өйткені, ол – бабадан қалған аманаттай қасиетті Атамекеннің мұрагері, ұлыстың жалғасы. Көкірегі қарс айырылса да аманатқа адал болды. Жыртқыштардың қоршауына түссе де, тасқында тал қармаған қасіретті халқының бір жағалауға жететініне сенді. Бауырындағы Мекемтасқа жұртымның үміті деп қарады. Қайран қазақтың әйелі…
Әйел затының қуаты – махаббат пен мейірім. Сол қуат адамзатты жылытып, сақтап тұр! Жер бетіне ғазиз аналардың шуағы мен жылуы тарамай қалған күні, кеудемізге мәңгі түнек орнайды.
Сурет ашық дереккөзден
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz