Бас тақырып

Құлсарыға гуманитарлық көмек жөнелтті

Табиғи апатқа тап болған бұқараға қол ұшын беріп жатқандар жетерлік. Ерік-жігері, елге деген махаббаты ерек еріктілер еліміздің түпкір-түпкірінен Құлсарыдағы халыққа көмек көрсетіп жатыр. 15 сәуір күні су тасқынынан зардап шеккен өңірге балқаштықтар 6 жүк көлігімен гуманитарлық көмек жөнелтті.

Суреттер автордан

Балқаш аумағынан жолдаған гуманитарлық көмекте азықтүліктер, күрек, қажетті құрал-саймандар, кілем, жатын төсек-орындар мен жеке гигиеналық заттар, өзге де қажетті заттар қамтылған.

– Біз баспанасынан айырылып, көңілін қаяу басқан бұқараның жағдайымен таныспыз. Қазір көптеген өңірде су тасқыны жүріп, адамдар зардап шегіп жатыр. Осыны естіп, көріп отырған Балқаш көлі жағасын жайлаған Шашубай, Ақжайдақ, Дересін сияқты ауылдардың халқы да үнсіз қалмады. Мен бастама көтерген күннен жергілікті белсенді Ғабит, Құрмаш және қаладағы жүк тасымалымен айналысатын «Газель» көлігін жүргізетін жігіттер қолдау танытып қаражат жинауды бастады. Халықтан 5 миллион теңге қаржы жиналды. 4 миллион теңгеге керек заттар алынды. 1 миллион теңге жол шығынына қарастырылды. Және Балқаш қаласының әкімдігі жол шығынына 1 миллион теңге қаржы бөлді. Ендігі басты мақсатым – халықтың аманатын Құлсарыға жеткізу, – дейді белсенді топтың жетекшісі Біржан Мақсұт.

Сонымен қатар, құтқарушыларға үрмелі қайық, суда киетін етік пен арнайы киімдер, су соратын құрылғылар, бөгет жасауға арналған қаптарды көптеп алғандарын қоғам белсендісі Ғабит Жақып жеткізді.

– Бүгін Құлсарыдағы зардап шеккен халыққа көмек ретінде 6 «Газель» көлігімен аттанып бара жатырмыз. Осы орайда барлық жанашыр тұрғындарға алғысымды білдіргім келеді. Қала әкімі Сапар Сатаев бастаған қала әкімдігінің мамандарына, қайырымдылық іспен айналысып жүретін Анар Адамбековаға, кәсіпкерлерге, қол ұшын ұсынған өзге де ұлт өкілдеріне тіпті, игі шарадан қалыс қалмаған студент жастарға дән ризамын. Біржан Мақсұт есімді жақсылыққа жаршы болған бауырымызға, оны қолдаған барша азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Кешегі күні Ербол, Ғазиз, Құрмаш, Амандық есімді арда азаматтар құрбандық шалып, елдің амандығын тілеп құран оқытып, Құлсарыға жолға шығатын адамдарға ас берді. Жақсылық жасап жарысқан жұртты көргенде, бірлігіміздің бекем екендігіне көзіміз жетті. Біз құлсарылық ағайынмен біргеміз! – дейді Ғабит Жақып.

Айта кетейік, Балқаш қаласынан Құлсарыға бағыт алған қайырымдылық керуеніне тұрғындар әлі де қаржы аударуда. Балқаш өңірінің жанашыр азаматтары мен еріктілері түскен қаржыны арнайы ашылған есепшоттарға аударып, халыққа табыстап қайтатын болады.

Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button