Басты тақырып

Өлмес рухтың ескерткіші

      Халқымыз әрненің өлшемін кесіп айтқан-ау. Тіптен, адамның ғұмырын қамшының сабымен салыстыратыны бар. Иә, Жаратушы иеміздің ең ұлы сыйы – жарық дүния. Өмірді өлшеп беретіні өкінішті, бірақ. Өзгермейтін заңдылық. Мәселе, сол өмірдің мәнісіне жетуде болса керек. Атпал азамат, білікті заңгер Балапан ӘБЕНОВТІҢ рухына арналған «Жұлдыз-ғұмыр» кітабын парақтап отырып, осындай ойдың жетегіне ердік…

Жуырда ғана «Арко» баспасынан басылып шыққан туындыға деректі хикаяттар топтастырылған. Балапан Зипатоллаұлының жарқын бейнесі һәм игі істерінен түзілген естеліктер мен эсселер кітаптың салмағын арттыра түскен. Арнау өлеңдер мен әндер де оқырманды ерекше әсерге бөлесе керек.

Рух кітабының алғы сөзін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жазыпты. Қарт Каспидің жағасынан жеткен жазба қимас досқа деген сағынышқа толы. «Оның тұңғиық жанарындағы мейірім, бойындағы сабыр, жүрегіндегі ізгілік, болмысындағы қарапайымдылық, қанындағы қайсарлық азамат ретіндегі келісті келбетін кемелдендіріп тұратын. Төңірегіне шуағын шашып, қаншама жүректерге жылу мен жігер сыйлады. Соның бәрі – бүгінгідей көз алдымызда» деп еске алыпты Ералы Лұқпанұлы. «Бұл кітап – Балапанның жарқын бейнесі мен өлмес рухына қойылған ескерткіш!» деген бағаны да алғы сөзден оқыдық.

Арын кірлетпеген, бағын қастерлеген Балапан Зипатоллаұлының тағылымды өмірі кітаптың төрт бөліміне өзек болған. «Із тастап аққан жұлдыз» бөлімі Балапан марқұмның бала күніне үңілтіп, жастық шағының шуақты күндерін көз алдыңызға әкеледі. Әбеу атасының тізесіне отырып алып, ертегі тыңдағаны қандай ғажап! Қазақ баласының боямасыз бейнесі!

Мазмұны осылай өрбіген «Жұлдыз-ғұмыр» деректі хикаяты – аталған бөлімнің ғана емес, тұтас кітаптың жүгін арқалап тұр. Балапан марқұм бала күнінен-ақ атасының соңында құлдыраңдап жүріп, маңайына үнемі назар салып, зеректігімен ерекшеленген-ау. Жұдырықтай жүрегі жердегі жыбырлағанға емес, көктегі жұлдызға көңіл аудартқан. «Ата, ата деймін. Мен де үлкеееен болып, қартайып өлген кезде соңыма із тастап ағамын». Бұл сөзді періште баланың аузына Алланың өзі салған-ау! Із тастап ақты, тек, қартайып емес…

Деректі хикаятта Балапан марқұмның студенттік шағы, жастық дәурені де сәтімен суреттелген. Болашақ жарымен жүздескенде «махаббаттың тілін емес, Қарағандыда бағы жанбай тұрған қазақтың тілін жырлайды ғой» деген жолдарды Балапан марқұмның патриоттық қырының бір ғана белгісі дерсіз.

Балапан Зипатоллаұлының Қазақ елінің гүлденуі жолындағы еңбек жолы – заңғар заңгерге тән қасиеттері де туындының мазмұнын аша түскен.

«Сағыныш салмағы» деп аталған бөлімде Балапан Әбеновтің замандастары, туған-туыстары, достары мен әріптестерінің естеліктері берілген. Марқұмның асыл жары мен ұрпағы да осы бөлімде сыр шертеді.

Мемлекет және қоғам қайраткері Камалтин Мұхамеджанов ағамыз Балапан Зипатоллаұлын Сенім мен серттің серкесіне балайды. Өзімен қызметтес болған азаматтың жарқын бейнесіне, кісілігі мен кішілігіне жоғары баға берген. «Мен көбіне Балапанға сенетінмін. Небір күрделі сәттерде істің түйінін тарқатуды Балапанға қалдырамын. Ол шешеді» деп еске алыпты Камалтин аға.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Нұрлан Дулатбеков елдік, азаматтық мұраттар жолындағы істердің бел ортасында Балапан марқұм жүргенін алға тартады. Тәуекелшіл тұлғаның Алаш арыстарын ұлықтаудағы ерен еңбегін де естелігіне өзек еткен.

Кітаптың үшінші бөліміне облыстық, республикалық басылымдарда Балапан Әбенов туралы жазылған мақалалар мен заңгердің өз қаламынан туған қоғамдық пікірлері топтастырылған. Марқұмның мәңгілік сапарына орай жазылған қазанамалар мен көңіл айтулар да – осы бөлімде.

Балапан Зипатоллаұлы көзінің тірісінде астарлы әзілдің, қазақы қалжыңның да «жілігін шаққан екен». Ойының жүйріктігі, көңілінің сергектігі болар. Тауып айтқандары – өмірден алғаны, жұлдызды ғұмырынан түйгені емес пе?!

Марқұмның жатыпатарларын өзінің достары ұсынған. «Әзіліңді сағындық» бөлімін оқып отырсаңыз, ұзаққа созылған науқасы оның өмірге деген құлшынысын еш бәсеңдетпеген, жігерін жасыта алмаған. Тектілігі мен қанындағы қайсарлығынан!

Кітапты құрастырып, жазбаларды әдеби өңдеген – біздің «Орталықтың» қызметкерлері – тарихшы Ерғазы Төлеу, ҚР Ақпарат саласының үздігі Ерсін Мұсабек.

Бұл – өлмес рухтың ескерткіші!

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button