Жаңалықтар

Өлмейтін жанның жаназасы

Қайран, Базаға!

Арқа журналистикасының базары да, ажары өзің едің… Сол ортаның базары кеміп, ажары тайғалы 40 күн өте шығыпты-ау. Ұлытаудың ұнжырғасы еңкіш тартып, жампозынан айырылған Жаңаарқа жабырқап, ақынның алтын бесігі қасиетті Қараағашқа қаралы көш келгелі – 40 күн. «Атқан оқтай, шапқан аттай» зымыраған уақыт… Содан бері табиғат-ананың да көз жасы тыйылған жоқ. Келмеске кеткен кекілді ұлын жоқтап тұр.

…Белгілі ақын, парасатты публицист, сатира сұрмергені Базарбай Әлеуханұлының журналистикадағы сара жолы біздің «Орталықта» басталған. Зауытта құрылыс инженері болып қызмет істеп жүрген дарынды жастың жазған-сызғаны ара-тұра «Орталыққа» жарияланып тұрады екен. Бірде өлеңі жарық көреді, бірде «екпінді құрылыс» алаңынан (кеңестік жүйенің ұраншыл идеологиясы осылай атаған) хабар-­ошар жөнелтеді. Базағаңның «балағының биті бар» екенін аңдап қалған обкомның хатшылары оны аттай қалап, газетке шақырған. Марқұм Тілеухан Жүсіповтің редактор болып тұрған кезеңінде келіп, ақиқаттың алдаспаны Нұрмахан Оразбековтің батасын алған шәкірті. Міне, сол жылдардан Алаш жырының ақтаңгері Ақсұңқардың Серігіне іні, Арқа баспасөзінің алыбына айналған Мағауия Сембайға дос болып, ұлт руханиятының көрнекті өкіліне айналды. Базағаңның қаламының жорғалығын, сатирадағы уытты тілін қазақтың Мұхтар Мағауині жоғары бағалаған.

 

Жалған дүние-ай! Осынша қажыр танытқан қасиетті қаламның қаңтарылғанына да – 40 күн…
…Тірінің парызы көп атқаратын,
Жақсыны жауға бермей, жақта, жаным!
Өмірге босқа келіп кеткендер көп,
Арасын ажыратпай ақ-қараның.
Бұл – Базарбай ағаның «Парыз» атты өлеңінің алғашқы шумағы. Өзіне парыз болған ардың жүгін парасатпен пайымдайды да:
Келіппін әке-шешем өлмейді деп,
Бір туған қазан-ошақ бөлмейді деп.
Басыма пәле-жала төнбейді деп,
Бауырым бөтен сөзге көнбейді деп.
Келіппін әр нәрсені байыптамай,
Пендені адам ғой деп айыптамай.
Жанымды тағалаған бір жан едім,
Жалғаннан өту қиын тайып қалмай, – деп, өзінің аңғалдығын мойындайды. Кіршіксіз тазалық! Боямасыз болмыс! Аңғал арман! Маңғаз мақсат! Осының бәрі жиылып келіп, ақынның тәкәппар жаратылысын сомдайды. Ол – ақын! Барлық өлеңі – өзінің автопортреті!
Қарашаңырағымын Ұлыстың,
Ымырамен келсең – ырыспын.
Тас тығып келсең қойныңа,
Басыңды шабар қылышпын!
Арғымақ мінген Қазақпын,
Талайын көрген азаптың.
Дос болып келсең, құлыңмын,
Жау болып келсең –
жасақпын! –
деп, алдаспандай жарқылдаған намысты жырдың соңғы нүктесі қойылғанына да – 40 күн…

Шәкіртімін ғой, Базағаңның қасында көп жүрдім. Алғаным – көп, бергенім – жоқ. Жарқылдағанын көрдім. Алқынбағанын көрдім. Жабыққанын да, қамыққанын да көрдім. Ана бір жылы өзі 22 жыл басқарған Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасы сатылып кеткенде:

– «Дидар» сатылып кеткенше, өзім атылып кеткенім әлдеқайда жеңіл еді, – деп, бүк түсіп жатып алғанын көрдік. Қайтсін-ай?! Жезқазған облысы жабылып, телеарна ескі жұрттың орнында қалған қараша үйдің кебін кигенде жалғыз камера, жарымжан «Москвичпен» қалған мекемені аяғынан тік тұрғызып, іргелі шаңырақ, мәртебелі мектепке айналдырған өзі еді ғой.

Иә, Базарбай Әлеуханұлы «Дидарды» (бүгінгі «Ұлытау» арнасы) жан-тәнімен сүйді. 2019 жылы Базағаң асқаралы 60 жасқа толған. Шәкірттері ерте қамданып, «Аға, жинағыңызды шығарайық, кешіңізді ұйымдастыра­йық» деген қолқамызға:

– Биыл – «Дидардың» да 60 жылдығы. Менің тойым тойланар. Осы телеарнаның уығын қадап, шаңырағын көтерген аға-апаларымыздың рухы разы болсын, әуелі «Дидардың» мерей­тойын атап өтейік, – деп, ұсынысымызды қабылдамаған еді. Шіркін-ай, не деген кеңдік?! Не деген қарапайымдылық?! Сол жылы өз жетекшілігімен телеарна тарихын толық қамтыған «Ұлы Даланың Дидары» атты мерекелік жинақ құрастырып, Жезқазғанда дүркіреген той өткен-ді…

Міне, осынша биік парасат патшалығындай болған ұстазымыздың жомарт жүрегі соқпағалы – 40 күн…
Қазақтың аса талантты ақыны, Базағаңның ұстазы Сайлаухан Нәкенов өмірден озғанда:
Сал-серінің соңы едің,
Үлгі едің өңшең жақсыға.
Өмір боп қалды өлеңің,
Бас имей өттің бақсыға.
…Ақ өлім деген осы ма?
…Ақ өлім деген бақ, сірә, – деп азанама жазған шәкірті де ақ өлім құшып, ақыретке оранды. Алаштың Ақселеуін табытқа салған қыркүйектің ызғарлы желі Жаңаарқаның тағы бір жампоз ұлының қазасын естіртті. Тағы бір қалам қаңтарылып, Базағаңның «қоңыр шапаны» шегеге ілінді. Соқталы жырдың соңғы шумағында не жазылды екен? Сырбаз ұлдың сыр-сандығын енді ашамыз…

Марқұмдардың өзі өлгендер, өлмейтіндер болып, екіге жіктеледі. Осыдан 40 күн бұрын біз өлмейтін жанның жаназасына жиналғанбыз. Базағаң өлмейді! Ол жүректерде өмір сүреді. Жаңа дәуірдің жасампаз ұрпағы оның жырын жатқа оқитын болады… Біз сатирик Базарбай Әлеуханұлының оспағын оқып, өзін жымиып еске алатын боламыз.

Бақұл бол, Арқа руханиятының ажары болған Базар аға!

Ерсін МҰСАБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button