Басты тақырып

«Әліппеден» айырған, болды кімнің екпіні?!

       Білім саласындағы баянсыз бағдарлама сор болып тұр. Бар кітапқа бас болған «Әліппеден» жерігеннен не ұттық? Әліппемен қоштасу кеші өтпейтін, 42 әрпі бар тәж кию бақыты бұйырмайтын ұрпаққа обал-ақ.

Есіңізде болса, «Әліппеден» ал­ғаш әріп таныған оқушылар қазақ зиялылары болатын. «Әліппенің» өзі «Әліп» әрпінен (І) жалғыз сызық, яғни «Алла» сөзін білдіреді. Содан бері исі мұсылман, қазақ үшін «Әліппе» – қастерлі кітап.

Алайда, биыл Әліппенің орнын «Сауат ашу» басты. Тарихқа үңілсек, халықты жаппай сауаттандыру большевиктер тұсында жүргізілген реформа болатын. Содан бері ата буын «қазақтардың сауаты төмен болған», «оқымаған» деген жаңсақ пікірді құптады. Жаппай сауат ашу үшін жас та, кәрі де қызыл бұрышқа қамалды. Сауатсыздықты жою да әпербақан әсіре науқаншылдықпен жүргізілген. Ал, бүгінгіге не жорық? ҚР Білім және ғылым министрлігі, жалпы кітап құрастырған мамандар оқулыққа «Сауат ашу» атауын бергенде осыны ескеруі тиіс еді. Өткеннен сабақ алмағандық шығар, бәлкім?!

Қош,«Әліппеге» оралсақ. Бұрынғы әліппе түрлі-түсті суреттерімен, оқыту тәсілінің ерекшелігімен оқушыны өзіне еріксіз баурайтын. Алғаш ұлт басшысын арнау тілегінен танып, әрбір бүлдіршін ең алдымен сұрағанға Отанын, Елбасын атайтын. Сол арқылы сабақ сайын бір әріппен танысып, дыбыстың айырмашылығын білді.

Ал, жаңа «Сауат ашуда» бірінші сынып оқушыларына енгізілген оқулық әріпті өтпей жатып, суреттерге қарап талдау жасап, әңгіме айтуды тапсырады. Көмекші шағын дискі, ұстазды айтпағанда, ата-ананы әбігерге салды. Мектеп табалдырығын енді аттап, тегін жаттап жүрген бүлдіршіннен суретке қарап әңгіме сұрау ақылға қонбады.

Көзі ашық қоғам белсенділері де бұл кітапты бірінші сынып оқушысы үшін күрделі әрі түсініксіз санайды. Баланың жасына сай кітаптың ауыр­лығы ескерілмеген дейді. Кітапты парақтағанда түрпідей тиген мысалдарға тоқталайық…

«Сауат ашудың» бірінші бөлімінің 26-бетінде «Жоқ шығар теңдесі, Бір ғажап бала бар. Тұратын бөлмесі, Қорамен барабар. Кітаптар обал-ды, Сиямен сыланған. Демейсің оларды, Басқамен бір алған. Айнала жайыпты, Ойыншық байлығын. Кім бұған айыпты? Ұқсама қайбірің». (Сейтен Сауытбеков) Автордың адам бөлмесін қораға теңегені қай сасқаны?! Негізі – өлең салақ бала туралы. Алғашында «зерек» баланы айтқысы келген, ал, келесі жол бұл мазмұнмен сабақтаспаған. Түсініксіз?!

Сондай-ақ, «Сауат ашудың» екін­ші бөліміндегі 13 бет – ұлттық тағам Наурызкөжеге арналған. Онда «Наурызкөженің рецебін даярлауға кірісейік» деген сөйлем бар. Қазақтың төл асының қашаннан «рецебін» сұ­рап едік? «Наурызкөженің құрамы», «Наурызкөжеге қосылатын тағамдар» дейді. «Рецепт»-ке тең келер қазақша синоним табылмағаны тағы түсініксіз? Бұл «рецепт» тілдердің үштұғырлығына бағытталған шығар, десек те, әліппеге «рецептің» қажеті қанша?

Оған қоса «Сауат ашудың» екінші бөліміндегі 49-бетте Александра Лопатинадан өңделген «Тәтті тоқаш» әңгімесінің нұсқасы берілген. «Күн айғай-шумен басталды. Қызы кәмпит жегісі келді. Ал анасы: – Алдымен ботқа немесе сүт ішіп, нан жейсің, – деді. – Нан мен сүт жаман! – деді қызы. – Қызым-ау, ботқа мен нан дәнді дақылдан жасалған. Оларды жер-Ана өсірді, – деп түсіндірді анасы. – Ф-ф-у, нанды ма? Кәмпит тәтті, ал нанда түк дәм жоқ …»

«Ф-ф-у, нанды ма?» дейді. Дәмнің қасиеттісі нанды қазақ, алдымен балаға оң қолмен жеуді, тастамауды үй­ретеді. Дастарқанда нан тұрмаса, қазақтың берекесі кетеді. Ұлттық құндылықты дәріптеуі осы ма? Кезінде құндылықты дәріптеген Ахмет Байтұрсынұлы 1912 жылы Орынборда алғаш «Оқу құралы» (қазақша әліппе) басып шығарды. «Балалар, бұл жол басы даналыққа» дейтін кітаптың әріп үйрететін бірінші бетіне «Биссмиллаһи-рахмани-рахим» деп Құран сө­зін жазды. «Жазған сөз жаным ашып алашыма, Алаштың адасқан аз баласына» деп қазақтың дүниетаны­мында бар дәстүрді өзге түркі халықтарына ортақ араб таңбаларымен байланыстырып, қазақ тіл білімінің іргетасын қалады. Сөйтіп реформатор «Сауат ашу» ұғымын балалар әріп танымаған, мектеп көрмеген ХІХ ғасырға қолданды. Қарағанды облысының өзінде бүгінгі күні 1 жастан 6 жасқа дейінгі баланың 87,6%-ы және 3-тен 6 жасқа дейінгілердің 98 %-ы мектепке дейінгі біліммен қамтылған. Жаһанданған ХХІ ғасырда балаңыз сауатын бірінші сыныпта ашса, балабақшаға не үшін барып жүр? Ғұмырын «Әліппеге» арнаған реформатордың еңбегі елеусіз қалмасын. Ғасыр биігінде Ахаңның «Әліппесі» тұруы тиіс. Тұрмаса, ұрпаққа – сын.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

31 пікір

  1. Дұрыс! Әліппе керек! Бар кітапқа бас болған “Әліппеден” жеру қазаққа жат! 1 сыныптың соңында сауат ашумен қоштасу тойын жасаймыз ба сонда?

  2. Иә, “Әліппемен қоштасу” деген бала үшін де, ата-ана үшін де ғажап мереке болатын. Одан да айырылдық. Тамаша жазылған мақала!

  3. Өте жақсы жазылған. Дәлелді түрде! Қаламың әркез қарымды болсын, Аяулым! Жақсы мәселе көтергенсін! Әліппені енді қайтаратын кез келді.

  4. Ойды жақсы жеткізген. Ұлттық құндылыктан жұрдай боламыз ба деп қорқам? Менің де қарындасым бар. Бірінші сыныптың кітабынан 7 сыныптың есебін шығарып отырқ.

  5. “Ата-апа атын сен,
    Бізге үйреттің Әліппе
    Бізге нағыз жақынсың
    Сенен білдік әріпті” деп әліппемен қоштасу кешінде тақпақ айтқаным есімде. Бұл да бір өмірдің бір сатысы болатын. Білмеймін, бастауышты, әсіресе, 1-сыныпты әліппесіз елестете алмаймын!

  6. Жаксы жазылган макала!Буны мен колдаймын…Шынымен озекти ари ой толгарлык маселе!Озимиз Әліппе мен Ана тілінен біліп алып,білім нəрін сусындатып,көп нәрсені уйренгенбіз!Əліппе білім бастауы емеспе!Жарайсың Айкотайым…..Қаламын əрі қарай ұсталатын берсин..?

  7. менің ойымша бұл Қазақты құртқысы келетіндердің кезекіт амалы! Кей қаракөз қандастарымыз айналдырған 9 төл әріптерімізді білмейді…

  8. Орталыкка оз ыкыласымен жазылатындарды енди тусиндим. Улт рухаиятынын жокшысы бола билу талабына жауап берер ойлы дуниелер бар екен гой. Кейинги кезде жазылмаганыма окинип, сайтын калт жибермей карап журмин. Тамаша! Жарайсын, Аяулым карындасым! Жаза бер! Сагадиевти тагы урып берши

  9. Орталыкка баримиз жазыламыз. Бирнеше маселе котерди осы газет. Туракты окырманымен озим. Осындай макаласымен окырман сениминен шыгып отыр мына журналист. Жарайсын! Окыган, сауатты жастар деген осылар гой биликке керек!

  10. Қазақ газетінде қазақша мақаланың қазақтың қамы үшін жазылғаны қуантты мені. Соның ішінде Орталық орны бөлек, айтар ойы бар аса салмақты басылым еді. Айналайын, Әліппені ойлаған сендей жастан. Көзі ашық, көкірегі ояу. Мынау, мынау деп көрсетіпсің. Кейінгі толқын осындай, Алла қолдасын сені тілші бала. Мен алаңсызбын. Сендім саған.

  11. ” Тұратын бөлмесі, Қорамен барабар” дей ме? Рас кой кейде кора боп кетеді. Бирак енди корада мал гана турады гой. Акындар осы неге логикадан нашар болады екен? Зияны Әлиппеге тиип жатыр. Бир кем дуние.

  12. 32 жыл мугалим болдым. Осындай соракылыкты кормедим. Наурыз коженинин “рецептин” 6-7 жасар балаға тусиндирип кориниз сиз енди. 1 сынып тугили 4 сынып баласы тусинбиди ана багдарламаны. Менин де сизге косарым бар Аяулым Совет, сизбен калай байланыссам болады? дурыс,сиздер журналистер мугалимдер жайын ашык айтасыздар. Рахмет сиздерге.

    1. Сіз мұғалім болсаңыз, журналистерге шығыңыз! Айтыңыз, беріңіз, нақты қате көріп тұрсаңыз! Биліктің құлағына жеткізеді ғой сосын осылай! Баланың болашағына бейжай қарамаңыз мұғалім!

  13. “Орталық Қазақстан” газеті үнемі жүрекжарды мақалалармен көз қуантады! Ал осы тақырыпты қозғаған Аяулым сіңлім, саған ризамын! Біз де отбасымызбен, достарымызбен, таныстарымызбен осы Сауат ашудан көресінін көрдік! Ол ол ма? Баланын санасына еліне, жеріне сүйіспеншілікті ұялатудың орнына, қай қайдағы мағынасы келіспейтін, маңызы жоқ, сананы улайтын кірме сөздермен жазылған оқулықты оқыту, оны сатып алғызу – халқымның болашағына жасалған қиямет деп ойламайды ма басшылық? Көңілдегіні дәл тауып, халқыңның дауысы болған газетке алғысым шексіз! Қаламдарың талмасын! Газетке ұзақ ғұмыр тілеймін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button