Жаңалықтар

Әлеуметтік жобаның әлеуеті зор

    Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созу – қоғамның парызы. Президент Жолдауында да бұл мәселеге терең мән берілген. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Максим ГАЛИУЛЛИН аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

– Елбасының халыққа Жолдауында бірнеше міндеттер жүктелді. Оның ішінде, Қазақстанды мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз аймағына айналдыру үшін жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Қарағанды облысында 373 мүгедек жан жұмыспен қамтылып, 32 адамға шағын несие берілді. Биыл Қарқаралыда жаңа оңалту орталығы ашылады. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандардың психикалық тұрақтылығын жоғарылату бойынша әлеуметтік-медициналық көмек аясында іс-шаралар жүргізіледі. Онда барлығы 64 науқасты орналастыруға мүмкіндік бар. Оларға терапевтік, нев­рологиялық, ортопедиялық және травмотологиялық көмек көрсетіледі. Орталық үшін физиотерапевтік және механотерапевтік жабдықтар алынады, емдік дене шынықтыру және су процедураларын, саз ванналарын қабылдауға мүмкіндік туып, саунасы бар кабинеттер жасақталады. Оңалту орталығына жазылу осы жылдың басынан бері басталды.

Сонымен қатар, жолға қойылған жобалардың бірегейі – мүмкіндігі шек­теулі балалардың ата-аналарына ке­ңестік көмектер беру. Айта кетейік, ата-аналар мен балаларға психологиялық көмек көрсету, мүгедек баланың дұрыс дамуы үшін жағдай жасау, және де отбасында жағымды жағдайды қалыптастыру басты міндетіміз. Тегін психологиялық көмек алу үшін 1411 нөміріне қоңырау шалып, кезекке тұруға болады. Өз қызметтерін Қазақстан-Ресей медициналық университетінің арнайы кеңесшілері ұсынады. Бағдарламаны түсіндіру аясында біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға осы оңалту орталығында ем ала алатындары туралы айтып келеміз,– деді Максим Галиуллин.

Нұрдос КӘРІМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button