Ресми

Әлеуметтік жауапкершілік аясы кеңейеді

Аймақта мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналас­тыруға ниетті әлеуметтік кәсіпкерлер қатары артып келеді. Бұл үшін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан субсидия төленеді. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әлеуметтік кодекс аясында жүзеге асуда. Субсидия арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға жұмсалған шығындарды өтеуі үшін жұмыс берушілерге төленеді. Бүгінде аймақта мүмкіндігі шектеулі 55 мыңнан астам адам бар. Оның 30 мыңға жуығы жұмысқа қабілетті. Жұмыспен қамтылғандары – 10 863 адам, 36,5%. Бұл республика бойынша көрсеткіштен жоғары (27,4%).

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Сала мамандары былтыр 12 арнайы жұмыс орны құрылған болса, биыл 26 орын ашу жоспарланғанын айтты. Оның көбісі, 23-і есту қабілеті бұзылғандарға және үшеуі көзі нашар көретін жандарға арналған. Мұндай жұмыс орындары Қарағанды қаласынан бөлек, Теміртау, Балқаш, Шахтинск, Саран қалалары мен Абай және Бұқар жырау аудандарында ашылады.

– Бүгінгі таңда жұмыс беру­шілер тарапынан 10 өтініш түсті, қазірдің өзінде сегіз адам жұмыс істейді, – деді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов. – Олардың қатарында көру, есту қабілеті бұзылған адамдар бар. Келесі жылы арнайы жұмыс орындары одан да көп болады деп ойлаймын. Жұмыс берушілер мемлекет тарапы­нан қолдау бар екенін көріп, қызығушылық танытуда.

Жұмыс берушіге арнайы жұмыс орындарын жабдықтауға ар­налған құрылғылар сатып алу және орнату шығындары өтеледі. Сондай-ақ, мемлекет мүгедек адамдардың жалақысының бір бөлігін өтеуді өз жауапкершілігіне алады. Субсидия үш жыл бойы ай сайын төленеді. Бірінші жылы – жалақының 70%-ы. Бұл 30 АЕК-тен аспауы тиіс екенін айта кеткен маңызды. Екінші жылында жалақының 65%-ы, ал, үшінші жылы – 60%-ы аударылады.

Ұйымдастырылған баспасөз туры аясында Теміртау қаласындағы жеке кәсіпкердің ұсынып отырған арнайы жұмыс орындарын көрдік. Жеке кәсіпкер Сергей Лещановтың корпустық жиһаз өндіру цехына екі адам қабылданған. Олардың бірінің құлағының мүкісі, тілден кемдігі бар, ол аппараттық оюшы болып жұмыс істейді. Екінші жұмыс­кердің көру қабілеті төмен, оны дизайнер ретінде қабылдаған.

– Біздің кәсіпорын 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Цехта 14 жұмыс орны бар. Біз осындай бағдарламаға қатысқанымызға және мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескенімізге қуаныштымыз. Олар мансап орталығына өтініш берген, бізге сол арқылы келіп отыр. Барлығы ыңғайлы, жайлы және қауіпсіз болуы үшін арнайы жұмыс орындарын жабдықтап, жағдай жасадық. Көру қабілеті нашар адам үшін арнайы бағдарламасы бар жаңа компьютер сатып алынды. Сондай-ақ, олар жұмыс істейтін орынды қосымша жарықтандыр­дық. Нашар еститін адам үшін дұрыс сызба мен кесуге мүмкіндік беретін есту аппараты мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алдық, – деді кәсіпкер Сара Лещанова.

Кәсіпкер өткен жылдың қазан айында жабдықты сатып алу үшін көру қабілеті бұзылған адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруға өтінім берген. Оның барлығы мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыс істеу жағдайын жақсартады.

– Он жылдан бері зейнеткермін. Техникалық білімім бар. Бұрынғы жұмысымнан денсаулығыма байланысты шығып қалдым. Бір көздің торы бөлінуіне байланысты көрмей қалды. Мансап орталығына хабарласып едім, маған мүмкіндіктер ту­ралы айтып, жұмыс орнын ұсынды. Бұған дейін дизайнмен айналысқан емеспін, бұл мен үшін жаңа бағыт болып тұр. Жұмысқа үйренісіп кетуіме барынша көмектесті, жағдай жасады. Өмірде қандай жағдай болсын, үміт үзбеу керек. Мен сияқты адамдарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесетін мемлекеттік бағдарламалар мен осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер бар екеніне ризамын, – деді ІІІ топ мүгедегі Дмитрий Калинкин.

Сара Лещанованың айтуынша, олар осы бағдарламаға әрі қарай да қатысуға дайын. Көру қабілеті бұзылған тағы бір қызметкер үшін арнайы жұмыс орнын дайындап отыр.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button