Бас тақырып

Әлеуметтік қызметкерлер – арда мамандар

Мейірім ешқашан артық етпейді. Әсіресе, тағдыр тәлкегіне түскен, өмірдің ауыр соққыларына тап келген әлжуаз жандар үшін. Бес саусақтың бірдей болмайтыны секілді мына қоғамдағы пенде атаулының да алуан-алуан тағдыры, түрлі-түрлі ғұмыр жолы бар. Біреудің пешенесіне денсаулықтың кемдігі, енді екіншісінің жазмышына жалғыздық жазылатын кездер де жиі. Мейірімге мұқтаж жандарды ұршықтай зырылдаған уақыт ұмыттырмауы тиіс. Былайғы жұрт қайдан білсін?! Ал, дәл осындай жандарға ұдайы қол ұшын созатын жалғыз-ақ маман бар. Ол – әлеуметтік қызметкер. Мемлекет тарапынан қандай да бір әлеуметтік қорғау қажет болса, ең алдымен жұртшылықтың жүгінетіні осы мамандар. Бұл – маман иелерінің жұмысының есігі бір жабылмайды. Табалдырығын бұйымтайын айта барған бұқара тоздырады. Тек қана алғыс алуға тиіс мамандықтар санаулы десек, соның бірі һәм бірегейі – әлеуметтік қызметкерлер екенін ел білуі тиіс. Оған көзіміз жеткен. Жеткен соң айтып отырмыз.

Елімізде әлеуметтік салада аянбай еңбек етіп жүрген 30 мыңға жуық қызметкер бар екен. Оның ішінде, 12 мыңға жуығы – әлеуметтік қызметкерлер. Қарағанды облысында да сондай жүздеген қызметкер бар. Әрбір қала, әрбір ауданда әлеуметтің әлжуаз тобына сүйеу мамандар жетерлік. Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметі де әлеуметтік көмекке және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бастап, тұрақты жұмыспен қамту, мүгедектерді оңалту және өзге де әлеумет үшін маңызы зор қызметтерді атқарып келеді. 2021 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекке республикалық, облыстық бюджеттен жеткілікті қаражат бөлініп, қажет еткен тұрғындарға жетуіне мұрындық болған да осы сала мамандары. Бұдан бөлек, тұрғын үй көмегін алу да бөлім арқылы жүзеге асады. Тұрақты жұмыспен қамту саясатын іске асыруда. Мәселен, 2021 жылдың 9 айында жұмысқа орналасуға көмек көрсету шеңберінде 6923 адам жүгініп, оның ішінде 5345 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Мұның сыртында, Қарағанды қаласында үйде әлеуметтік көмек көрсететін 20 бөлімше жұмыс істейді екен. Онда 1883 жалғызбасты және бір өзі ғана тұратын зейнеткерлерге, мүгедектерге, психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарға қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 4 үй бөлімшесі бар екен. Ондағы балалардың саны – 312 дейді деректер.

«Мүмкіндігі шектеулі балаларды күту бойынша әлеуметтік қызметкерлер әр баламен жеке жұмыс жүргізеді. 2021 жылдың басынан бастап, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектері, барлық топтағы мүгедектер, туберкулезбен ауыратындар қатарынан 2761 адамды қамти отырып, 129 қайырымдылық акциясы өткізілді. Сондай-ақ, 50 төсек орынға арналған «Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайта әлеуметтендіру орталығы» жұмыс істейді. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 83 адам әлеуметтік бейімделуден өтті», – дейді бөлім басшысының орынбасары Бақытнұр Талипова.

Бұл – әлеуметтік қызметкерлердің атқарған игі ісінің бір парасы ғана. Мұндағы мамандардың жұмыс ауқымы – кең. Оның бәрін тізбектей беру мүмкін емес. Күнделікті жұмыстарының өзі тұтастай көмек беруден құралған. Ол мамандардың бір күні текке өтпейді. Әр күнінде жұртшылыққа жақсылық бар. Қарағанды қаласының тұрғыны жалғызбасты ана Полина Сергеевна өзін әлеуметтік қызметкерлердің ұдайы қамқорлыққа алғанын айтады. Қысылғанда, қиналғанда жалғыз тастап кетпеген мамандарға ыстық ықыласын жеткізеді.

– Әлеуметтік қызметкерлерге алғыстан басқа айтар жоқ. Жапандағы жалғыздығымызды сездірмейді, – дейді кейуана. Айтқандай, жақында ғана тағы бір кейуана хабарласты. Барша әлеуметтік қызметкерлерге алғыс жаудырды. Өзі ауруханада ем алып жатыр екен. Телефон тұтқасын алған бізге жалпы әлеуметтің ауыр жүгін арқалап жүрген арда мамандық иелеріне өз атынан зор алғыс айтуды аманаттады. Соның ішінде, Шет ауданы Ақадыр кентінде өзінің қасынан 8 жыл бойы үздіксіз табылып жүрген әлеуметтік қызметкерге риясыз ризашылығын жеткізді.

«Айналайын, қарағым. Әлеуметтік қызметкерлердің мерекесі қарсаңында маған көмек беріп, қызымдай болған бір адамға алғысымды айтқым келеді. Өзім Шет ауданы Ақадыр кентінде тұрамын. Қазір денсаулығыма байланысты химиятерапия алып жатырмын. Саған, қарғам, ауруханадан хабарласып тұрмын. Мен газет арқылы әлеуметтік қызметкер – Гүлзат Медиеваға рахмет айтсам деймін. Тура туған қызымдай, бар жақсылықты тілеймін. Осындай мейірі мол адамдар бар екенін білсін жұрт», – деді Рымтай Жаукумова есімді оқырман.

Ана аманатын аттап кетуге хақымыз жоқ. Бұл – бір ананың емес, бүтін халықтың дүйім әлеуметтік сала қызметкерлеріне алғысы деген ой түйдік. Сондықтан, бүгінгі мереке қарсаңында әдейі атын атап, түрін түстеген жайымыз бар. Сол арқылы барша әлеуметтік сала қызметкерлеріне халықтың құрметін, алғысын жеткізуді ниет еттік.

Мерекелеріңізбен, арда маман иелері!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button