Басты тақырып

ӘЛЕУМЕТКЕ БЕТ БҰРҒАН КӘСІПОРЫН

«Эфес Қарағанды сыра қайнату зауыты» компаниясы – облыстағы ірі салық төлеушілер санатында. 268 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған іргелі кәсіпорын біршама тартымды жобаларды жүзеге асыруы және корпоративтік-әлеуметтік жауапкершілік саласындағы әлеуетті ұстанымымен де ерекшеленеді. Мәселен, қала әкімдігімен бірлескен «Эко Эфес» – қоқыстарды бөлектеп жинау жобасы – соның бірегейі. Облыс орталығындағы Ленин көшесі бойындағы гүлзарды абаттандыру мәселесі де осы компанияның жауапкершілігінде.

Өткен сенбі күні «Эфес Қазақстан» өзінің 19 жылдығын кең көлемді іс-шаралармен атап өтті. Арнайы шақырыл­ған меймандар кәсіпорынның цехтарын асықпай аралап, тек, Қазақстанда ғана емес, ел аумағынан сыртқары жерлерде де айтарлықтай сұранысқа ие сусынның әзірленуінен бастап, қаптамаларға салынуына дейінгі үдерісімен жете танысты. Цех басшыларымен пікірлесті.

Мереке аясында жұртшылық назарына тартымды концерттік бағдарлама ұсынылып, ықыласты жандардың қол күресі, столдағы шағын футбол бәсекелеріне қатысуларына мол мүмкіндік берілді. Танымдық тұрғыдағы сұрақ-жауап ойындары ойнатылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сый-тартулар табыс етілді.

Компанияның туған күніне орайластырылған салтанатты шара барысында «Эфес Қарағанды сыра қайнату зауытының» директоры Ержан Әділбеков пен «Эфес Қазақстан» ЖК АҚ корпоративтік қатынастар департаментінің директоры Шыңғыс Қаскеев құттықтау сөз сөйледі. Жауапты тұлғалардың жүрекжарды лебіздерінен аңғарылғандай, өткен 19 жыл аралығында айтарлықтай ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған. Отандық шикізаттан өндірілген өнімнің сапасы аталған санаттағы өнімдерге қойылатын әлемдік сапа деңгейіне және ең жоғары халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келеді. Өндіріс жаңғыртылып, кеңейтілген, жаңа технологиялық желілер іске қосылған, қызметшілерді оқыту мен біліктілігін көтеру шаралары тұрақты әрі жүйелі негізде жүргізіледі. Егер, 1997 жылы Қарағанды зауыты жылына 0,23 млн. гектолитр өнім өндірсе, қазіргі таңда оның көлемі 1,2 млн. гектолитрге жеткен екен.

Тынымсыз талап пен еселі еңбек нәтижелі жетістіктерге жетуге жол ашары анық. Компанияның халықаралық конкурстар мен көрмелерде ат оздыруы – соның айғағы. Мәселен, 2004 жылы Сочиде өткен халықаралық сыра көрме-жәрмеңкесінде алтын медальдар жеңіп алса, 2010 жылы Санкт-Петербургте ұйымдастырылған «Сыра және сусындар индустриясы» ХІІІ халықаралық мамандандырылған көрмесінде дәл осындай биіктікті бағындырған. Осылайша, санамалай беруге болады…

Ең бастысы, әлеуметке әлеуетті түрде бет бұрған кәсіпорын Қазақстан мен Түркияның өзара іскерлік ынтымақтастығының табысты көрінісі болып табылады. Біз мұны компанияның маркетинг мәселелері жөніндегі маманы Дана Үркімбаеваның БАҚ өкілдеріне арнап айтқан аз-кем әңгімесінің астарынан айқын аңғардық.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button