Әлем назарында
Қазақстанда өтіп жатқан референдум тек ішкі саяси оқиға ғана емес, халықаралық ақпарат кеңістігінің де назарын аударған маңызды оқиғағ айналды. Бүгін қазақстандықтар жаңа Конституцияны қабылдау бойынша дауыс беріп, елдің саяси және құқықтық даму бағытына қатысты шешім қабылдауда. Сарапшылар бұл реформаны мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістердің бірі деп бағалайды.

Әлемдегі ең ықпалды ақпарат агенттіктерінің бірі – «Reuters» Қазақстандағы референдумды елдің саяси жүйесін қайта қарауға бағытталған маңызды қадам ретінде сипаттайды. Агенттік сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, жаңа Конституцияда Парламент құрылымын өзгерту, билік жүйесін жаңарту және мемлекеттік институттардың рөлін қайта бөлу мәселелері қарастырылып отырғанын жазады.
Сонымен қатар «Reuters» талдауларында бұл өзгерістер Қазақстандағы саяси реформалардың келесі кезеңі болуы мүмкін екені айтылған.
Орталық Азиядағы саяси және экономикалық процестерді зерттейтін «The Times of Central Asia» басылымы Қазақстандағы референдумды «институционалдық реформаларға жол ашатын қадам» деп бағалайды. Басылым сарапшылары жаңа Конституция жобасында мемлекеттік басқару құрылымын жаңарту, парламенттің рөлін күшейту және саяси жүйені тиімді етуге бағытталған бастамалар қарастырылғанын атап өтеді.
Ал, халықаралық ақпарат агенттіктерінің бірі «Interfax» Қазақстан референдумды өткізуге толық дайын екенін хабарлады. Агенттік деректеріне сәйкес, ел бойынша мыңдаған дауыс беру учаскесі ашылып, референдумды ұйымдастыру үшін арнайы комиссиялар құрылған.
Сонымен қатар көптеген халықаралық басылымдар референдумның ұйымдастырылуына және оған халықаралық байқаушылардың қатысуына ерекше назар аударған.
Қазақстандағы референдумды шетелдік журналистер де белсенді бақылап отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл саяси науқанды 31 елден келген халықаралық БАҚ өкілдері жариялап, әлемдік аудиторияға жеткізуде.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz



