Қарағандылық Виктор Друзин Парижде өткен әлем кубогынан қола жүлде иеленді
Суда жүзуден Франция астанасы Парижде өткен Әлем кубогы өз мәресіне жетті. Оған жерлесіміз Виктор Друзин қатысып, әртістік жүзуден екінші кезеңге өткен. Әрі жарыс қорытындысы бойынша қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, жерлесіміз – Қарағанды облыстық жүзу мектебінің түлегі. Қазіргі таңда өңірдің жоғары спорт шеберлігі мектебінің намысын қорғап жүрген жас спортшы. Өзі осы турнирде жекелей сында өнер көрсетіп, 226.6050 ұпай жинап, жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынға тұрақтады.
Бұл бағдарламада Қытай спортшысы Муе Го 245.4900 ұпаймен жеңімпаз атанса, Ұлыбритания өкілі Ранджуо Томблин 238.9359 ұпаймен күміс жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Колумбияда өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінде де теміртаулық спортшы жоғары нәтиже көрсеткен еді. Ол топтық акробатикалық бағдарламада күміс жүлде иеленіп, техникалық бағдарламада жеке және ерікті микс дуэт сайыстарында екі бірдей қола медаль жеңіп алған болатын. Осылайша, Виктор Друзин халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етуде.
Диана ТІЛЕМІС,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың IV курс студенті



