Жаңалықтар

Әлекеңнің аппақ әлемі

Әлекең деп отырғаным Әлімжан Жақан замандасым. Кейде жазған шығармаларының астына «Әлімжан Құтжан» деп те қол қояды. Қаламгердің жазған шығармаларынан автордың мінезі көрініп тұрады. Әлекеңнің көркем-публицистикалық мақалалары мен әңгіме, эсселерін оқығанда, неге екенін білмеймін, аса сабырмен, байыппен оқимын. Ол шығармаларды асығыс оқуға немесе жай көз жүгірте салуға болмайды. Әлекең шығармаларын оқыған сайын Абай хакімнің «Шымыр­лап бойға жайылған» деген сөзі есіме түседі. Шымнан шыққан қайнар бұлақтың майда бүлкілін көргендеріңіз бар шығар?! Әлімжан замандасымның қаламынан туған шығармалар да тура сол шым бұлақтың қайнарынан шыққан мөлдір һәм шымыр дүниелер қатарына жатады.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Ес білген есер шақта» демекші, Әлімжан замандаспен таныс­тығымыз сонау алыс күндерге жетелейді. Ол кезде Қарағанды қазіргіден мүлдем бөлек шаһар болатын. «Хрущевка» деп аталатын сұр үйлерден тұратын, көмірлі өлкенің келбеті сұсты еді. Советтер одағының соңғы жылдары… Алып империя ұзақ жылғы сал ауру сияқты ауыр дем алып тұрған шақ. Қарқаралыдан қазақ поэзиясының көкбөрісі Серік аға Ақсұңқар Қарағандыға көшіп келді. Сол кездегі екі-үш боз­бала Серік ақынның қасында жүретінбіз. Нұркен көшесінің бойындағы «Тас қора» күнделікті ат шалдырып, түстеніп қайтатын мекеніміз.

«Жек көрем итті,
Алысып жүрем, шабысып жүрем қағынып,
Сайын даланың тағысымын мен,
Не деген ғажап – тағылық!..» Ақын күркіреп өлең оқиды. Барда отырған көп­шілік ұзақ қол соғып, қошемет білдіріп жататын. Ақынның қасындағы сол үш боз­баланың бірі – осы Әлекең замандасым болатын…

Әлімжан досым – табиғатынан момын азамат. Қырық жылға таяу қатар жүрген күндерімізде осы Әлекеңнің ашынған ащы дауысын бір естімеппін. Өкпелесе де, біз сияқты өкпесі қабынып көрген жоқ. Адам баласына зияны жоқ пенде, сірә, осы біздің Әлекең шығар… Дегенмен, өзіне тән қарапайым, жұмсақ мысқылы болатын. Әлекеңнің ол мысқылы ешкімнің шымбайына батпайтын. Қарағандыда Әлекең айтты деген тұрақты тіркеске айналған сөздер қаншама?!

«Әлемнің ақ періштесі», «Айға ұшқан Асланов», «Маяктар жана бастады», «Қайратым қайда, келші осындайда», «Шоқтығы биік Шоқшин», «Тұран елі шөл­деп жатыр…» сияқты сөздері бір-бір хикаяның тақырыбы десе де болғандай.

Әлекең өскен топырақ киелі. Арқадағы Ақсу-Аюлы сілемінің бір пұшпағы Ай­ғыржал ауылында дүниеге келген. Ол кездегі ауыл баласының ермегі кітап оқу ғой. Кітап жастанып өскен толқынның жаман болғанын көрген жоқпыз. Сол кездің жастары сияқты Әлімжан замандаста университетке әскери міндетін өтеп, есейіп келген. Кітапхана тауысып келген Әлекеңе Е.Бөкетов атындағы университеттің филология факультетінде оқу анау айтқандай қиындық туғыза қойған жоқ.

Бір сәт публицист Әлімжан Құтжан­ұлының шығармашылығына көз жүгіртіп өткенмін. Артта қалған бел-белестер қаламгер уақытының босқа өтпегенін, қал­-қадірінше ұлтымыздың рухани өмірінде із қалдырғанын айшықтап тұр. Назар салып көрелік.

«1992-1993 жылдары аймақтық «Замандас» жастар апталығында тілші, жауапты хатшы қызметтерін атқарған. 1993-1996 жылдары облыстық «Шипагер» ме­дициналық газетінде жауапты хатшы, бас­ редактордың орынбасары қызметтерінде болды. 2000 жылдары «Орталық Қазақстан», «Азия Транзит» газеттерінде журналистік қызмет атқарды. «Сана» газетінде штаттан тыс тілші болды.

1994 жылдан Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. 2001-2009 жылдар аралығында Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультеті қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушы, аға оқытушы болып қызмет істеді. 2002 жылы «Қалам құдіреті» атты студент-жастарға арналған альманахтың шығуына басшылық жасады. 2004 жылы «Көз алдымда Құс жолы» атты әдеби-публицистикалық жеке жинағы жарық көрген.

2005 жылы академик Е.Бөкетовтің шы­ғармалар жинағының төртінші томын, 2006 жылы қазақ тіліндегі «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясын шығаруға атсалысты. 2006-2007 жылдары республикалық «Азия Транзит» журналының бас редакторы болды.

Әртүрлі деңгейдегі шежірелер кітабын, бірнеше автордың жеке жинақтары, бірнеше ұжымдық еңбектерді, «Сәкен Сейфуллин», «Қаздауысты Қазыбек би», «Бұқар жырау» тұлғалық энциклопедия­ларын жарыққа шығаруға қатысты және оларға рецензия (сын-пікір) жазды. Жүзден астам әдеби, тарихи-танымдық, ғы­лыми-зерттеу мақаланың авторы.

2009-2014 жылдар аралығында Қара­ғанды «Болашақ» университеті жанындағы Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми-зерттеу институтының «Мирас» зертханасында ғылыми қызметкер және Қарағанды «Болашақ» университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарған.

2014 жылдың қыркүйек айынан бас­тап, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың журналистика кафедрасында аға оқытушы болып қызмет істеп келеді. Педагогика ғылымдарының магистрі. 2013 жылы «Қазақ әдебиетіндегі Шыңғыс хан тұлғасы» атты монографиясы жарық көрді.

2007-2017 жылдары Жаңаарқа мен Шет аудандарының бірнеше ауылдық тарихи-дерекнамалық кітаптарын, белгілі айтыс ақыны Маясар Жапақов, сазгер Қасымхан Асанов туралы жинақтарды, «Нұра. Нұра ауданы», «Академик Әбілқас Сағынов», «Нілді. Өспен» энциклопедияларын жарыққа шығаруға қатысты. Тарихи-танымдық және әдеби мақалалары, эссе-естеліктері облыстық және республикалық мерзімді басылымдарда, ұлттық сайт-порталдарда жарияланып келеді. Ғылыми мақалалары мен сын-пікірлері облыстық, аймақтық, республикалық, алыс-жақын шетелдердің ғылыми-тәжірибелік конференциялар жинақтарында жиі жарық көруде.

Журналистика және қазақ тілі мен әдебиеті саласында жас буынның шығармашылығын үнемі қадағалап, көптеген шәкірттер тәрбиелеп жүр.

Алпыс деген асқаралы асуға көтеріліп отырған Әлімжан замандастың ғибратты ғұмырын осылай жалғастыра беруге болады. Ең бастысы қаламға адал болды. Ертеректе «Қарағанды жастары», «Шипагер» газеттерінде бірге қыз­мет істедік. Ақындық қасиеті бар еді. Өлең жазатын. Бірақ баз біреулерше өлермендікке барған жоқ. Өлеңінің өрісі қойын дәптерінің ғана парақшаларында сақталды. Сол өлеңге деген іңкәрліктен болар, қара сөзінде поэзия сарыны төгіліп тұратын. Әлекең қаламынан туған «Алтын күз және алтын қыз», «Айлы түн аппақ періште», «Таң алдында үзілген ән…», «Ер Науанның намысы», «Балқантаудың Балқаны еді…» сияқты мөлдір мұңға, тұма ойларға құрылған шығармаларын оқырман іздестіріп, сұрастырып жүріп оқитын.

Әлімжан замандасымның өзіне тән аппақ әлемі бар. Алпыс белес артта қалды. Ең бастысы осынау мағыналы ғұмырында «Әлекең біреудің көңілін қалдырыпты», немесе «Ее, ол сондай жан еді» деген бір ауыз кейіген сөз естімеппіз. Ешбір жанның көңіліне көлеңке түсірмей, ақзер ғұмыр кешіп келе жатқан замандасым туралы ойларымды осылай түйіндегім келеді. Мәртебелі, мерейлі белесің байрақты болсын, Әлімжан дос!

Қойлыбай АСАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ҚР мәдениет қайраткері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button