Өлеңмен өрілген өнеге
Облыстық Абай атындағы балалар кітапханасында қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі «Жеңіс Қашқынов оқулары» өтті. Мектеп оқушылары шығармалары орыс, украин, өзбек, молдован, грузин, қырғыз және ұйғыр тілдеріне аударылған ақынның поэзия әлеміне саяхат жасап, кітап оқуға ынталанды.

Сайыс, сондай-ақ, жерлес ақын Жеңіс Қашқыновтың шығармаларын насихаттауға арналды. Биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп отырған сайысқа 4-5 сынып оқушылары қатысып, ақынның өлеңдерін жатқа оқыды. Облыстың 19 білім ордасынан жиналған қырыққа жуық оқушы арасындағы бәсеке тартысты өтті.
– Облыстық мәнерлеп оқу байқауы 4-5 сынып оқушылары арасында өтті. Қатысушылар «Ашылған сыр» және «Батырдың анасы» атты екі өлеңді жатқа, мәнерлеп оқыды. Байқау балалардың өлең оқуға деген қызығушылығын оятып, Жеңіс Қашқыновтың поэзиясымен таныстыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылды, – дейді кітапхананың мектепке дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ирина Черникова.
Жеңіс Қашқыновтың бұған дейін бірнеше мәрте жарық көрген шығармалары оқырман арасында үлкен сұранысқа ие болып, аз уақыт ішінде таралып кеткен. Ақынның ұрпағы Ернат Рахметолланың айтуынша, бүгінде оның шығармаларын іздейтін жас оқырмандар саны артып келеді.
– Жеңіс Қашқынов өмірінің соңына дейін туған өлкесі – Қарағанды облысын, оның табиғатын, тарихи тұлғаларын, батырларын және бүлдіршіндерді жырлап өтті. Мәселен, Қарағанды хайуанаттар бағында өмір сүрген «Батыр» есімді пілге арнап арнайы өлең жазған. Ақынның кітаптары бірнеше рет басылып шыққанымен, бәрі жылдам тарап кетті. Сондықтан, ақынның туындылары қайта басылып шықса, бұл – рухани өміріміз үшін үлкен олжа болар еді, – дейді ол.
Облыстық мәнерлеп оқу сайысында жүлделі І орын иеленіп, ерекше өнерімен есте қалған оқушы – №65 мектептің 4 «Ә» сынып оқушысы Адина Марат.
– Жеңіс Қашқынов шығармаларында халқымыздың мәрттігі мен ерлігін жырлайды. Өлеңді мектепте оқып жүрген кезден жаза бастаған. Алғашқы өлеңдері 1959 жылы республикалық «Пионер» газетінде жарық көрді. Балаларға арналған тұңғыш «Кешкі күн» аталатын кітапшасы жайлы оқушым Адина жақсы біледі, – дейді жетекшісі Гүлжахан Қадырқызы.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»