Жаңалықтар

Лауазымға сәйкестік – аттестацияда анықталады

    Жуырда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Талант МЕДЕТТІҢ қатысуымен «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін аттестациялау бойынша баспасөз мәслихаты өтті.

    «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15-қадамына сәйкес, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін аттестациядан өткізу жоспарлануда.

   Аттестацияның басты мақсаты – «Б» корпусы қызметшілерінің кәсіби дайындығы деңгейін және атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін анықтау. Қазіргі таңда «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін аттестациядан өткізу бойынша Елбасы Жарлығының жобасы дайындалған.

Алайда, бұл жобаға сәйкес, аттестация кезінде зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан кем уақыт қалған, жүктілік пен босануға, бала күтіміне байланысты демалыстағы, жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынған әйелдер, үш жасқа толмаған балалары бар әйелдер, он төрт жасқа толмаған балаларын тәрбиелеп отырған жалғыз басты аналар (18 жасқа толмаған мүгедек балаларды тәрбиелеп отырғандар), балаларды анасыз тәрбиелеп отырған басқа да тұлғалар, мемлекеттік қызмет өтілі 6 айдан кем мемлекеттік қызметке алғаш тағайындалған тұлғалар, «А» корпусының кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері аттестациядан босатылады, – деді Талант Медет.

   Аттестациядан өткізу үшін әрбір деңгейде тиісті аттестациялау комиссилары құрылады. Бірінші деңгейде – ҚР Президенті жанындағы Жоғары аттестациялау комиссиясы, екінші деңгейде – орталық мемлекеттік органдарда, оның ведомствосында, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде, сонымен қатар, Астана және Алматы қалаларының және облыс әкімдері аппаратында құрылатын аттестациялау комиссиялары, үшінші деңгейде – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардағы құрылатын аттестациялау комиссиялары.

   Аттестация – бағалау парағын дайындау, құзіреттері бойынша тестілеуден өту, ЖАК және аттестациялау комиссияларында әңгімелесуден өту, комиссиямен шешім шығару сынды төрт кезеңнен тұрады. Аттестациялау қорытындысы бойынша комиссия – атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді, атқарып отырған лауазымына сәйкес келеді және жоғары тұрған лауазымға тағайындауға ұсынылады, атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейді және төменгі тұрған лауазымға тағайындауға ұсынылады, атқарып отырған лауазымына сәйкес келмейді және лауазымынан босатылуға ұсынылады деген төрт шешімнің бірін шығарады. Дегенмен, мемлекеттік қызметші аттестациялау комиссиясының шешімімен келіспеген жағдайда, мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшесіне сот тәртібінде шағым жасай алады.

Рауан Қабидолдин

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button