Латын негізді әліпби және емле мәселесі
Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. 30 жыл! Өз алдына бөлек отау тіккен жас мемлекет үшін тым аз уақыт. Әйтсе де, осы жылдардың ішінде керегеміз кеңіп, шаңырағымыз биіктей түскені жасырын емес. Кеңестер одағы ыдыраған тұста қалыптасқан күрделі саяси-экономикалық мәселелер оңтайлы шешімін таба бастады. Ендігі мәселе – ұлт руханиятын жаңғырту. Бұл мәселеге Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жариялап, қазақ тілін кезең-кезеңімен латын негізді әліпбиге көшіру мәселесін көтерген болатын.
«Ең алдымен, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», деп жазды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз мақаласында. Бұдан бөлек, еліміздің Тұңғыш Президенті «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында қазақ тілінің латын графикасына қайта оралатынына ерекше тоқталып өтті. Демек, жазу графикасын ауыстыру арқылы өз тарихымызда бар, бүкіл түркі жұртына ортақ, ұлттық танымға жақын дүниені қайта жаңартамыз. «1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.
«Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды», – дейді Елбасы. Өткен ғасырдың ХХ жылдарында әлемдегі түркі тектес халықтардың ортақ әліпбиі болуы керек деген ұғым қалыптасты. Өйткені, түбі бір, тегі ортақ түркі тілдерінің қолданысындағы дыбыстар, олардың айтылу мәнері бір-біріне жақын. ХХ ғасырда түркі тілдес халықтардың ішінде өз тәуелсіздігін сақтап қалған жалғыз ел – осы Түркия болатын. Сол себепті, латын графикасына Түркия ғана өте алды. Ал, Орта Азия халықтары, оның ішінде Қазақстан кеңестік қызыл саясаттың қырына ілініп, 1929 жылы қабылданған ортақ әліпбиден бас тартып, кирилл қарпіне көшуге мәжбүр болды. Рас, кириллицаға қазақтың айтар өкпесі жоқ. Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі осы әліпбидің тұсында шарықтады. Небір көркем туындылар жарыққа шығып, баға жетпес ғылыми еңбектер айналымға енді. Әйтсе де, әу баста славян текті халықтардың тілдік танымына негізделіп жасалған әліпбидің өзіндік кемшіліктері де бар еді. Әрі саяси себептерге байланысты емле-ережесі де орыс тіліне бейімделіп жасалып, тілімізді жат дыбыстар мен басы артық әріптер енгізілді. Бұның бәрі заманауи талаптарға толық сай келмейтін. Оның сыртында қазақ тілінің табиғи әуезділігін жойып, жасандылығын арттырды. Ал, жаңа әліпби мен емле ережесі осы кемшіліктің орнын толтыруы тиіс. 1929 жылы қабылданған латын әліпбиі сол кезеңдегі қазақ тілінің дыбыс үндестігі негізінде жасалды. Дегенмен, қазіргі уақытты біз оған бірден көше алмаймыз. Өйткені, 1929 жылғы әліпбименарада ғасырға жуық уақыт бар. Бұл тұста қазақ тілінің даму тенденциясы өзгерді, қоғамның, ғылым мен техниканың әліпбиге қояр талабы да күшейді. Яғни, тарихымызда болған әліпбиді сол күйінде қабылдай салу тиімсіз. Сол себепті, Елбасымыздың тапсырмасы бойынша тіл ғалымдарының көмегімен латын негізді қазақ әліпбиінің жаңа жобасы дайындалды. Осы тұста, тағы бір ескере кететін жайт – әліпбимен бірге қазақ тілінің емле ережесі де өзгерді. Есімі елге танымал фонетист-ғалым Ә.Жүнісбек қазақ тілінің жазу реформасына қатысты мынадай пікір білдіреді:
«Реформа бір ғана әліпби ауыстырумен шектелмейді. Реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ереже – бәрін бірдей қамтиды: дыбыс – өзге тілдерден бөлектеп тұратын тілдің тұрпат-тұрқы; әліпби – сол дыбыстың қауызы, басқаша айтқанда, қорғаны мен оққағары; еміле-ереже – дыбыстардың басын біріктіріп, сөз құрап тұратын дәнекері. Осы үш мәселе бір-бірімен байланысты және қатар шешілмей төл жазу қалыптаспайды», – дейді. Латын негізді жаңа әліпби қазақтың төл жазуын қалыптастыра отырып, оны басы артық дүниелерден арылтуы тиіс. Яғни, әліпби ауыстырып, жаңа емле-ережені қабылдай отырып біздің ұтар тұсымыз да көп болған.
Жекелей тоқталып өтер болсақ:
тілдің дыбыс құрамы дұрыс анықталады;
сөздің үндесім әуезі сақталады;
морфем құрамы бұзылмайды;
буын тұрқы сақталады;
тасымал реті сетінемейді;
сөйлеу ырғағына зиян келмейді.
Қазіргі таңда жаңа әліпбиді қазақ орфографиясына оңтайландыру жолдарын анықтап алудың өзектілігі арта түсті. Әсіресе, қазақы айтылым (орфоэпия) және жазылым (орфография) талаптарын бір жүйге түсіру керек. Әлгінде айтып өткеніміздей, кирилл қарпіне негізделген емле-ережеміз орыс тілінің ықпалына түсіп, қазақ тіліндегі орфоэпия мен орфографияның арасы орынсыз алшақтап кеткен болатын. Мойындау керек, қазіргі Түрік елі қолданатын емле-ереже де осындай бұрмалауға түскен. Оларда еуроцентристік ықпал басым. Сондықтан да, түркі халықтарына ортақ жаңа латын графикасына ауысып, оның емле-ережелерін қабылдауда оны сыртқы кеңістіктің ықпалынан барынша тазартып алған дұрыс.
Қазақстан 2025 жылға қарай толықтай жаңа латын жазуына негізделген әліпбиге көшеді. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған реформаға дайындық қызу жүргізілуде. Елдегі тіл саласының мамандары осы бір ортақ іске жұмыла жұдырық болып кірісті десек, жаңсақ айтқанымыз емес. Өйткені, бұл қазақ тілінің ғана емес ұлттың да келешегі үшін жасалып отырған үлкен қадам. Мұндай істе асығыстық пен шалағайлық болмауы керек.
Меруерт ҚАБЫЛОВА, «Bolashaq» жоғарғы колледжінің оқытушысы.