Бас тақырып

«Лашық қалашық» атанбаймыз ба?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керегін айтты. Ал, облыс орталығындағы қарқынды құрылыс кейінгі жылдардағы ең көп талқыланатын тақырыптардың біріне айналған. Қазақстанның ірі индустриялық орталығы болып саналатын қала сәулеті әредік елеулі түйткілдер қатарына тап болып жататындығын жасыра алмаймыз. Тұрғын үй және сауықтық инфрақұрылымының ретсіз даму барысы, түптеп келгенде экологиялық нормалардың бұзылуы, тұрғындардың өмір сүру сапасының нашарлауына әкеп соқтырады.

Сурет baimedia.kz

– Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда, мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек, – деді Мемлекет басшысы.

Рас сөз. 1930 жылдары көмір өнеркәсібінің қайнары ретінде құрылған Қарағанды ондаған жылдар бойы кеңес дәуірінің жоталы жоспарларына сәйкес дамып келді. Кейіннен КСРО ыдырап, республика нарықтық экономикаға көшкен соң құрылысты бақылау әлсіреді, бұл қаланың стихиялық және ретсіз өсуіне әкелді. Көбінесе жаңа ғимараттар қолданыстағы шаһар құрылысы жоспарлары мен аудандастыруды есепке алмай салынады. Әрі құрылыс жергілікті билік пен жұртшылықтың тиісті келісімінсіз жүргізіліп жатады. Соңында бір-біріне иін тірескен лашық қалашық кейпі шығады. Ал, бұл – өз кезегінде маңайдағы жасыл аумақ желекті саябақтың шекарасының қысқаруына, заманауи тазарту жүйелерінің кемуіне байланысты ауа мен су нысандарының ластануына жол. Жаңа нысандардың дұрыс орналаспауына байланысты қозғалыстың қиындауы, жеткілікті автотұрақ орындарының кемшіндігі қылаңытады. Әлеуметтік жағына зер салған болсақ, жаңа аудандарда мектеп, балабақша, емхана сынды нысандардың жетіспеушілігі осыдан келіп шығатын болса керек. Жекелеген аудандарда халық тығыздығының артуы, шырғалаңы мол шиеленістің күрт өсуіне әкеледі.

Енді дәйекке жүгінелік. Соңғы 10 жылда Қарағанды халқы шамамен 12%-ға өсті, бұл тұрғын үй қоры мен инфрақұрылымның едәуір ұлғаюын талап етеді. Әрі келер жылдары Қарағанды мегаполис мәртебесін иеленіп қалатыны да кәдік. Демек, құрылыс бағыты сауатты көзқарасты талап ететіндей. «Мұндай мәселе әр өңірде бар, оған таң қалатын түк те жоқ» десек, қателесеміз. Былтыр осындай бейқамдық салдары 10 бірдей мердігер компанияның ретсіз салған тұрғын үй кешеніне тоқтам салды құзыретті мекемелер. Үйдегі көңіл күйді тыстағы нарық бұзады. Бүгіндегі тұрғын үйге деген жоғары сұраныс құрылыс салушы компания атаулысын жаңа нысандарды неғұрлым тез салуға ұмтылдырады. Салдарынан сапа құлдырайды.

– Біздің көппәтерлі үй 1937 жылы салынған. Сіз түсінесіз бе?! Ал, осы маңнан тағы бір зәулім үймерет салмақшы. Жер қазады. Котлаван жасайды. Коммуникациялық желінің тозығы жеткен. Су қысымы да көңіл көншітпейді. Бұған әлгі көршілес үйді қосайық. Қыста жылудан, жазда судан таршылық көреміз деген сөз емес пе бұл?! – дейді наразылығын жасыр­май Абай көшесі 3 үйдің тұрғындары Витали Мкртчан мен Ольга Поднебесная.

Иә, мұндай ұқсас мысалдар әбден жеткілікті. «Енді оның шешімі қандай?» деген заңды сауал туындайтыны анық. Жауабын Президент берді.

– Қазір құрылыс саласында бірнеше ақпараттық жүйе бар. Осындай тәсілдер арқылы бөлінген қаражаттың мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету қажет, яғни, барынша ашық және қатаң бақылау болуға тиіс. Бұл – өте маңызды мәселе. Себебі, қаржының ұрлануы, ең алдымен, құрылыстың сапасына әсер етеді және бюджетке қосымша салмақ салады. Ақшаға цифрлық теңге арқылы ен салу және оны қадағалау, басқаша айтқанда, «ақшаны бояу» бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын өте маңызды тетік болуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент пәрмені лашық қалашық атаулысына қарсы тосқауыл екендігі айтпаса да түсінікті болды. Әркім айырым-кешірімді себептерін енді қанша алға тартпас бұрын бір ойланып алатын болады. Әрі бейберекет құрылыс жіпсіз қармамайды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button