Ғұлама ғалым
Қазіргі қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби сынының көрнекті өкілдерінің бірі, Ұлттық Ғылым академиясының академигі С.Қирабаевтың өмірі мен шығармашылығы, ғылыми және қызмет жолы өрісті өнегеге, тағылымға толы. Серік Смайылұлы әдебиетке тым ерте араласқан. Алғашқы сын мақаласы 1948 жылы студент кезінде беделді республикалық газетте жарияланған екен. Содан бері жетпіс жылға таяу, үзіліссіз жемісті еңбек етіп келеді. Институттағы оқуын бітірмей жатып, соғыстан кейін қайтадан ашылған Көркем әдебиет баспасына редакторлық қызметке шақырылады. Оның үстіне Одақ жанындағы «Әдебиет және искусство» (кейіннен «Жұлдыз») журналында проза бөлімінің меңгерушісі деген лауазым қоса жүктеледі. Сөйтіп, ол әдеби процестің қалың ортасына бойлай кіреді. 1951 жылы институттың филология факультетін үздік бітірген студент қазақ әдебиеті кафедрасы бойынша аспирантураға қалдырылады.
Содан кейін «Пионер» журналында редактор, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1957 жылы сыншы-әдебиетші С.Қирабаевтың өмірінде екі түрлі маңызды оқиға болады. Біріншісі – оның аспирантурадағы зерттеушілік жұмысы нәтижелі аяқталып, ол «Спандияр Көбеевтің шығармашылығы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Екіншісі – бүкіл қазақ халқының рухани өміріндегі бір ерекше оқиға – отыз жетінің қуғын-сүргінінде жазықсыз жазаланып кеткен қазақ әдебиетінің классиктері – Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров үшеуінің ақталып, шығармашылық асыл мұраларының халыққа қайтарылуы еді.
Соның ішінде Серік Смайылұлын ерекше елең еткізгені С.Сейфуллин есімі болды. Жасынан ауыл адамдарының аузында аңыз ертегідей естілген, кейін олардың бір-біріне сыбырлап, күрсіне айтатын даңқты жерлестері Сәкен аға! Дереу оның кітаптарын тауып алып, құныға бас қояды. Осындай аяулы азаматтардың дер шағында әділетсіздіктің қармағына ілігіп, мезгілсіз қаза болғанына бір жағынан күйіне, екінші жағынан ғажайып асыл қазынаға кенеліп, бүкіл жан дүниесімен тебірене отырып оқыған ол дереу соларды насихаттаған мақалаларын газет бетіне бірінен соң бірін тоғыта бастайды.
Сол кездің тағы бір жемісі – «Қазақ кеңес әдебиеті тарихының очеркі» атты ұжымдық жинақтың академиялық басылымына арнайы тапсырмамен Ғабиден Мұстафин туралы жазылған тарауының кеңейтіліп, жеке монография түрінде қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Келесі жылы Спандияр Көбеевтің өмірі мен жазушылық қызметі жайында, автордың кандидаттық диссертация негізінде кеңейтіп әзірлеген монографиясы басылып шықты.
Осы кезде С.Қирабаев біраз жыл белсеніп, беріле еңбек еткен практикалық жұмыстардан серпіліп, біржола педагогтық және еркін ғылыми-шығармашылық жұмысқа ауысады. ҚазПИ-дегі ұстаздық жұмысын жалғастырып, қазақ әдебиеті кафедрасына келеді. Әуелі кафедра меңгерушісі болып, кейін ұзақ жылдар осы институтта проректорлық қызмет атқарады. Оның ғылыми-педагогикалық лауазымды абыроймен атқара жүріп, ғылыми-зерттеу жұмысын да ілгері дамытқан аса бір жемісті жылдары осы тұс еді. Соның алғашқы нәтижесіндей, 1960 жылы «Өрлеу жолында» деген атпен мақалалар жинағы жарық көреді. Бұдан кейінгі тындырымды жұмысы – 1964 жылы Сәкен Сейфуллин шығармашылығы туралы докторлық диссертация қорғайды.
Бұл Серік Смайылұлының көп жылдық ғылыми-зерттеу жұмысының шоқтықты бір биігі еді. Біріншіден, Серік ағаның әлі қырыққа да толмаған, бар болғаны 37 жастағы кезі. С.Сейфуллиннің шығармашылығы туралы ғалымның еңбегі сол кездегі Мәскеу мен Алматының ең көрнекті әдебиетші ғалымдары тарапынан өте жоғары баға алды. Соның нақты дәлеліндей еңбек екі рет орыс тілінде (1966 ж. Алматыда, 1973 ж. Мәскеуде) басылып шықты.
С.Қирабаевтың 60-шы жылдардың бас кезінен басталған бірыңғай ғылыми-педагогикалық жұмыс кезеңі қалыпты ырғақтан жаңылмай, 80-ші жылдардың аяқ кезіне дейін жалғасып, тың ізденістер мен толайым табыстарға толы болды. Ғылыми мақала, сын-библиографиялық очерк, ғылыми эссе, шағын монография сияқты оңтайлы жанрлар түрінде жазған еңбектері түрлі тақырыптарға арналған өрісті ой, толғаулы пікірлерге бай дүниелер болып табылады. Солар уақыт өте келе қайта сұрыпталып, ой елегінен тағы бір өткізіліп, бірнеше жинақтарға айналды. Олар: «Әдебиет және дәуір талабы» (1970), «Өнер өрісі» (1971), «Революция және әдебиет» (екі томдық, 1977), «Шындық және шығарма» (1981), «Шындық және шеберлік» (1983) атты көлемді еңбектері еді. Осылардың ішінен бірқатарлары орыс тіліне аударылып, «Революцией призванный», «Высокое назначение» (1985) деген атпен және басылып шықты.
Бұл еңбектерде қазыналы қазақ әдебиетін қалыптастырған қабырғалы тұлғалардың шығармашылық жолдары баяндалады. Олар: жыр алыбы – Жамбыл, жаңа әдебиеттің классиктері Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, т.б. жайлы мазмұнды әңгімелер.
Сондай-ақ, жоғарыда айтылған қазақ әдебиеті қарқараларының соңына ерген үзеңгілес замандастары Ілияс Омаров, Мәлік Ғабдуллин, Қажым Жұмалиев, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Асқар Тоқмағанбетов пен Әбділда Тәжібаевтан бастап, аяғы ғалымның замандас іні-қарындастары Ғафу Қайырбеков пен Тұманбай Молдағалиевке, Қадыр Мырзалиев пен Мұқағали Мақатаевқа, Фариза Оңғарсынова мен Марфуға Айтхожинаға дейінгі аралықтарда қалың қаламгерлер қосынының Қирабаев қаламына ілінбей қалғандары кем де кем.
Серік ағаның өзінен жасы кішілеу тағы бір ұрпақ Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази сынды прозиктер туралы олардың алғашқы қадамдарынан-ақ қалтқысыз байқап, ғалым-сыншының кезінде жақсы лебіз білдіргенін де біз көрегендік пен кеңпейілділіктің белгісі деп білеміз.
«Академик Серік Смайылұлының азаматтық ажарын ашып, айбатын асыратын және бір қасиеті – дүниеден мезгілсіз өткен, жазықсыз жапа шеккен ақын-жазушылардың талантына, әдеби мұрасына деген асқақ құрметі», – деп жазады белгілі ғалым Жанғара Дәдебаев.
С.Қирабаев Тәуелсіздік кезеңіндегі барлық әдеби мұраны қайта қарау, жаңаша бағалау жұмыстарының ортасында жүрді. Алаш жазушыларының ақталуы, олардың кітаптарының шығуы, зерттелуі Секеңнің басшылығыммен іске асты. 1988 жылдан бастап Секеңнің М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет атқарғаны белгілі. Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» бас редакторы болды. Автор ретінде де қатысты. Кеңес дәуіріне арналған үш томды түгелдей өзі басқарып, көп тарауларын жазып, редакциялап шығарды.
Сол кезде институт алдында аса зор маңызды екі міндет тұрды. Бірі – Алаштың арыс азаматтары ақталып, солардың асыл қазынасы халыққа қайтарылып жатқан, екіншісі – ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы жақындап келе жатыр еді. 1995 жылы Ұлы Абайдың біржарым ғасырлық мерейтойы бүкіл дүниежүзілік көлемде дүрілдетіп өткізілді. Сөйтіп, Елбасының осы мерейтой арқылы Абай есімін бүкіл әлемге танытсақ деген мақсатты ойы жүзеге асырылды. Осы абыройлы істің ішінде дайындықтың негізгі орталығы болған М.Әуезов институтының, әсіресе оның директоры С.Қирабаевтың өлшеусіз зор еңбегі бар еді. Ұлы ақынның мерейтойын өткізу қорытындысында институтта істейтін және сырттан тартылған бір топ абайтанушыларға Мемлекеттік сыйлық берілді.
Сондай-ақ, Алаш арыстарының мұрасын игеру бағытында да дәл осындай көрініс орын алды. Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек шығармаларын насихаттау жөніндегі ұлан-ғайыр жұмыстардың ұйымдастырушысы ғана емес, соларды тікелей зерттеген орындаушылар қатарында да академиктің өзі жүрді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовтың тарихи еңбектеріне баға бергенде, «қазақтың тұңғыш революцияшыл демократтары» деген тұжырымды айтқан Серік Қирабаев еді.
Осындай ғылыми зерттеулердің нәтижесінде С.Қирабаев осы мерзім ішінде Алаш әдебиеті мен жалпы Тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттің проблемалары жөнінде үш бірдей іргелі еңбектер ұсынды: «Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері» (1995), одан кейін «Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет» (2001) және соған жалғаса жарық көрген «Тәуелсіздік рухымен» (2002). Академик тәуелсіздік кезеңі әдебиеттануының міндеттерін нақты айқындап, былай деп көрсетеді: «Ендігі жерде ұлттық әдебиеттің өзіндік көркем тәжірибесін жинақтайтын теориялық еңбектер жазылуы керек. Әдебиет дамуының ұлттық, басқаға ұқсамайтын сыпаттарын ашу, оны теориялық жағынан дәлелдеу – біздің көркемдік ойымызды жалпыадамзаттық ортақ мұраға апаратын бірден-бір жол».
Академик С.Қирабаевтың мектеп шәкірттері мен студенттерге арнап қазақ әдебиеті пәнінен жазған оқулықтары өз алдына бір төбе. 1952 жылы З.Қабдолов, А.Нұрқатов үшеуі бірігіп, орта мектептің 9-сыныбына арнап оқулық жазды. Бұл құралдың талапқа сай болып сәтті әзірленгеніне бір дәлел – 16 жыл бойы шамалы өзгерістерімен қайталап басылып отырған.
Ғалым сонымен бірге жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне арнап «XX ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» (Б. Кенжебайұлымен бірігіп), «Кеңес дәуіріндегі әдебиет» атты оқулық та жазды. Профессор С.Қирабаевтың оқулығынан сан мыңдаған қазақ шәкірттері әдебиет пен әдебиеттанудың әліппесін үйренді.
1989 жылы Р.Бердібаев, Н.Ғабдуллин үшеуі бірігіп әзірлеген 11-сынып оқулығы да мектеп бағдарламасына енгізіліп, біраз жыл қолданыста болған.
С.Қирабаев 1953 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданады. Одан бұрын да Одақтың жұмысына араласып, әр түрлі жиындарда сөз сөйлеп, баяндама жасап жүрген жас әдебиетші енді Одақ жұмысына тұрақты түрде белсене араласады. 1954 жылы шақырылған Қазақстан Жазушыларының ІІІ съезіне делегат болып сайланған ол соңғы съезіне дейін түгелдей қатынасып келеді. Кейін келе ол Одақтың басқарма мүшесі, одан кейін Президиум мүшесі, біраз жыл штаттан тыс Басқарма хатшысы болып істеді.
Осы сияқты кең көлемді қоғамдық жұмысты Ұлттық Ғылым Академиясының аясында да көп жыл бойы атқарып келеді. 1957 жылы кандидаттық, 1964 жылы докторлық диссертация қорғады. 1960 жылы доцент, 1966 жылы професссор деген ғылыми атаққа ие болды. 1968 жылы КСРО Педагогикалық ғылымдар академиясына мүше-корреспондент, 1994 жылы ҚР Ғылым академиясына академик болып сайланды. Ұзақ жылдар бойы Одақтық ЖАК-тың сараптау комиссиясы, сондай-ақ, республикалық ЖАК-тың сараптау комиссиясы құрамында болып, кейін оның Президиум мүшесі болып сайланды. ҚазМУ мен ҚазПИ-дің қазақ филологиясы мамандығы бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғайтын комиссияларында мүше және төраға болып қызмет істеді. Оның ғылыми жетекшілігімен әлденеше ондаған адамдар кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғап шықты.
Ғылым мен әдебиет саласындағы зор еңбектері үшін оған Қазақ КСР-ның және Қырғыз КСР-ның ғылымға еңбек сіңірген қайраткері деген, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері деген құрметті атақтар берілген. Абай шығармашылығын зерттеуге байланысты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болғаны жоғарыда айтылды. Одан бұрын «Жүсіпбек Аймауытов» атты монографиясы үшін оған Республика Ғылым Академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілген. Ғалым көптеген ордендер мен медальдардың да иегері.
Сөз жоқ, осының барлығы бір адамның басын берілген өте лайықты марапат белгілері, оның адал да білікті еңбегінің нәтижесі. Серік Смайылұлы бұрынғы Одақ көлемінде, қазіргі алыс-жақын көршілер елдердің ғалымдарына кеңінен танымал, өте беделді тұлға.
Әлбетте, Серік Смайылұлы есімін елдің зиялы қауымы ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу барша жұртшылығы жақсы біледі. Өз саласының майталманы, жаны таза, жүрегі қашанда ояу Секеңнің әріптестері мен достары арасында ғана емес, ел ішіндегі абырой-беделі де көптеген замандастарынан асып түсіп жатады. Ағамызбен дәм-тұздас болған сыралғы дос-жаран кезінде Серік ағаның осындай қадір-құрметке бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған сүйікті жары, адал өмірлік серігі Әлия Сәрсенқызы Бейсенованың өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлылығы мен пейілінің дарқандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризалықпен айтып отырады.
Әлия апай да елімізге танымал тұлға өз саласы бойынша ірі ғалым, география ғылымдарының докторы (1984), профессор (1985), ҚР ҰҒА-ның академигі (2003).
Ғалымдар отбасында дүниеге келген ұлдары Нұр да белгілі ғалым, ұзақ жылдардан бері Мәскеу университетінде кафедра басқарады. Ғылыми өрісі шығыстану мәселелері болып табылатын Нұр да ғылым докторы, профессор.
Ғалым ағамызға Елбасы Н.Назарбаевтың да ықыласы ерекше. 80, 85 жылдық мерейтойларында Серік Смайылұлын жұбайы Әлия Сәрсенқызымен бірге арнайы қабылдап, мемлекеттік наградаларды өз қолымен табыстады. Бұл да құз-қиялы ғылым, білім жолында төккен тер, сіңірген еңбекке деген шынайы құрметтің бір көрінісі болса керек.
Серік аға туған топырағы Жаңаарқа елімен де тығыз байланыста. Қайсыбір жылы Алтай-Алсай ұрпақтары берген ұлан аста бас қонақ болды, беташар сөзді өзі айтты. Осы орайда Серік ағаның туған топырақтың құдіреті, туысқандық-тамырластық негіздеріне қатысты жазған естелік-эсселері де жетіп артылады. Соның бірі, 1995 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Менің әкелерім» атты қазақтың туыстық дәстүрі жайлы эссесінде былайша толғанады:
«Қазақ қашаннан-ақ алысты жақын тұтып, бауыр еткен ерекше дәстүрі бар халық. «Қарға тамырлы қазақ», «Сұрай-сұрай қарын бөле шығады», «Құда мың жылдық» деген орамды сөз жүйелері де тегін шықпаған. Оның бәрі араласып, бытысып, бірімен-бірі байланысып жатқан қазақтың туыстыққа ерекше мән бергенін байқатады. Туыстықты аялау адамды адамға жақын тұтудың жолына айналған…
Менің әкелерім Қирабай, Жақсыбай деген ағайынды екі жігіт болыпты. Әкесі Аққошқар үлкен ұлы Қирабайды қолына ұстап, барлы-жоқ шағын шаруасына ие етіпті де, кіші ұлы Жақсыбайға бөлек отау тігіп, бірақ енші бермей, «ағаңның шаруасын істеп күн көр» депті. Содан ағайынды екі адамның үлкені мал иесі болып, кішісі соның қызметін істеген. Әйелдері де тату болған. Балажан (Қирабайдың әйелі), Балжан (Жақсыбайдың әйелі) аттары да ұқсас екен. Балжан апамызды жұрт «Күң» дейтін еді, сөйтсек бала көтермеген Балажан оның балаларына бауырына салып, Балжанды «Ол – біздің үйдің күңі, аналарың – мен» деп үйретіпті. Содан марқұм өмір бойы ешкім атын атамай, «Күң» атанып кетті. Бірақ оған еш қорланбайтын. Үлкен қызы Бәкен, одан кейін туған ұлы Смайыл Қирабай баласы болып, Балажанның бауырында өскен. Одан кейінгі ұлы Жәкен ата-анасының өзінде қалыпты да, кіші ұлы Жаманды (шын аты – Зейнелғабиден) тағы да Қирабай асырап алған.
Қирабай атамыз мен туған жылы (1927 ж.) қайтыс болыпты, кешікпей әйелі де дүние салған. Біздің көрген ата-анамыз Жақсыбай мен Балжан еді. Атам («көке» деуші ек) 1937 жылы 77 жасында, әжем («апа» дейтін ек) 1961 жылы 93 жасында қайтты. Әр түрлі әке атына жазылған балалары осылардың маңында өсті.
Ағайынды үш адам – Смайыл, Жәкен, Жаман үшеуі де бөлініп, әкесінен енші алмаған. Жақсыбайдың қолында қалған Қирабайдың малы Жақсыбайдан Жәкенге көшкен. Кеңес заманында Смайыл мен Жаман атқа мінген де, Жәкен ауылда солардың ортақ малына ие болған. Әкем (Смайыл) марқұмның «Мал иесі Жәкен ғой» деп отырғанын талай естіп едім. Енші алысуды олар туыстықтан бөліну сияқты көретін.
Бірінің баласын бірі асырап алу менің әкемнің тұсында да берік еді. Смайылдың үлкен ұлы Алпысбай Жақсыбай атамның алпыс жасында туыпты. Мен Жәкеннің үлкені екем – анам бір жасымда қайтыс болыпты да, мені де Смайылдың бәйбішесі Бибіқамзе («Төлеупас» дейтін ек, жас кезінде тілі келмеген Алпысбай «Төлеудің қызы» деген сөзді бұрмалап, осылай атандырған) бауырына салған. Менен кейін туған Смайылдың ұлы Хамитті, қызы Бибіғайшаны Жаман иемденген. Одан кейін Жаман Жәкеннің Мереке деген ұлын асырап алған. Бұлардан басқа Смайылдың өзіне тән Мәжит, Сәбит, Майра, Жәкеннің кейінгі әйелден туған Бөде, Тоқабай, Жәмила, Орынтай деген балалары бар. Жаманның жалғыз қызы Күләйша әкесі 1937 жылы ұсталып кеткенде туып, шешесі Бәден жас босана салып, баласын тастап, күйеуін іздеп кеткенде қайтыс болған. Жас босанған әйел содан аурулы болып, кейін бала көтермеген.
Ағайынды үш адамның атына бөлініп жазылғаны болмаса, балалардың да «менікі», «сенікісі» жоқ еді. Бәрі де үш үйге ортақ өсті… Ағайынды адамдардың бір-біріне деген көңілі, туыстық сыйласуы, құрметтеуі ерекше еді. Жылтырағы жоқ, терең, іштей құрмет сезілетін. Бірінің қалауы жоқ іске екіншісі баспайтын. Көбінесе, Смайылдың қас-қабағына қарайтын, ал, ол «Жәкен қалай қарайды екен?» деп отыратын. Бибіқамзе шешеміз қайтыс болып, орнына Айтыман деген жас шешеміз келді… Айтыман да айтулы ана болды. Ешкімді де өгейсіткен жоқ, барлық халыққа қамқор бола білді…
Әкелерім сөзіне де ие, ісіне тиянақты, ұрпағына көп өнеге қалдырған кісілер еді. Смайыл жасынан ел ішіндегі Кеңес жұмысын атқарып, ауылдың беделді, жағымды басшыларының бірі болып атағы шыққан адам болатын. Біздің елімізде Қирабайдың Смайылын білмейтін адам аз еді. Жас Жаман Смайылдың інісі болып танылды да, кейін аудан көлемінде ол да көп қызмет атқарды, белді азаматтардың бірі болды. Үнемі ағасы сияқты ауылдық советтің, колхоздың, совхоздың басшылық қызметтерінде жүрді. Жаңаарқа көлемінде ол екеуі болмаған ауыл жоқ еді. Солардың қолында жүріп біз де көп жер көрдік, ел таныдық, жақсыға жанасуға үйрендік. Кезінде Смайыл да, одан кейін Жаман да ауданның қай жері олқы жатса, сол жерді толтыруға жұмсайтын еңбеккерлері болды.
Смайыл қайтыс болғаннан кейін (1960 ж.) де Жаман бірқатар жыл қызмет етті. Бұл жылдары ел ағасы дәрежесіне көтеріліп, беделі көп артты. Смайылдың бар кезінде оның інісі болып қана жүрген Жаманның кейін елге беделі одан да артқанын замандастары да, онымен істес болған ел де Жаман қайтыс болғанда егіліп тұрып айтып еді. Жәкен осы екеуінің шаруасына ие болып, ауылда, өз колхозында отырды, қозғалған емес.. Әкелерімнің қоғамдық істері, көппен сыйлас мінезі, жұртпен тіл табысып, түсінісе кететіні, төменгі адамдарға ілтипатты кішіпейілділігі өз балалары үшін ғана емес, кейінгі ұрпаққа да өнеге боларлықтай еді. Ондай әкелердің атына сөз келтіру – күнәнің күнәсі», – деп тебірене жазады.
Айта кету керек, жоғарыда аталған Жаман ақсақал өмірінің соңғы жылдарын Жаңаарқа ауданы Қараағаш ауылында өткізді. Ол қайтыс болғанда жаназаға жиналған жұртшылықтың көп болғаны соншалық, бүкіл ауыл болып күткені есімізде…
Аруақты аталардың кейінгі ұрпақтары да елге белгілі тұлғалар болып өсіп-жетілді. Хамит Жаманов есімі атырапқа мәлім айтулы ақын болды. Мәжит Смайылов ұзақ жылдар шаруашылық басқарды. Сәбит Смайылов бүкіл саналы ғұмырын Қараағаш ауылында өткерді, шаруашылықта түрлі жұмыстар атқарды. Өмірінің соңғы жылдары ғана Ақтүбек ауылына қоныс аударды.
Сондай-ақ, Хамиттің Нұрланынан туатын Төлеген Жаманов бүгінде елімізге танымал ақын, айтыс ақыны ретінде талай-талай дүбірлі додаларда топ жарды. Мәдени-көпшілік, ұйымдастыру-іс басқару жұмыстарына да белсеніп араласып жүр.
Телегей теңіз білім иесі, абыздық пен қазыналық қасиетке ие тұғырлы тұлға, академик С.Қирабаевтың өмірі мен шығармашылығынан алатын өнеге, тұтатын тағылым аса мол.
Жомарт ОСПАН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
СУРЕТТЕРДЕ:
1. ҚР ҰҒА-ның академигі С.Қирабаев.
2. Жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары. Сол жақтан бірінші – Серік Смайылұлы, оң жақтан бірінші – Жаман Қирабаев ақсақал, екінші – Әлия Сәрсенқызы және балалары – Нұр, Әділ.
Абыз
Запыран заманалар түнегінен,
Түңлігін көңілінің түре кірген, –
Азамат соғысы екен әдебиет,
Алаштың жүріп өткен жүрегінен.
Ұлтыңның бетке ұстайтын бәрі – осында,
Данасын көрдің содан, дарасын да.
Өмірің өтті Ақан серілермен,
Батыраш-Қотыраштың арасында…
Елі ылғи егілгенде туады – ері,
Көз жасын ес жиған соң жуады елі.
Моцарт пен Сальеридің майданының,
Өзіңсің–
Көзі тірі куәгері!
Қоғамың құбылғанда не түрге еніп,
Әлихан көшкен жұрттың шетін көріп, –
Отырсың сол соғыстың, даңқы мәшһүр,
Генералиссимусы секілденіп!
«Бір тұяқ арыстардан қалды ма?- деп, –
Құдайдан құлағың үн шалды ма?!»- деп, –
Абызым!
Сан қатерден аман шыққан,
Алашың абдырап тұр алдыңа кеп…
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Дана
Нұрға толып арайлы аспаныңыз,
Талай ізгі бастама бастадыңыз.
Ғалым аға, жүрегі жасын аға,
Құтты болсын торқалы тоқсаныңыз!
Болашаққа нақ басып сеніміңіз,
Ғылымға ауды қызығып көңіліңіз.
85-ке келіпті бірге жасап
Әлия апай – өмірлік серігіңіз.
Есімдерің ұрпаққа аңыз әлі,
Сіздер жайлы сан дастан жазылады.
Шайқалмайды ешқашан жантаймайды
Қос ғашық, қос ғалымның шаңырағы.
Бақыт нұры төгіліп көздеріңнен,
Сіздерге сан мінбеден сөз берілген.
«Ұстаз – ұлы» деген бар ғой, ғалым аға
Шәкірттер асып түссін өздеріңнен!.
Сан тұжырым, ғылымда шешім айттың,
Мың қаққандай шегелеп, тесіп айттың.
Сыр жазғанда тербетіп, тебірентіп
Сын жазғанда қылыштай кесіп айттың.
Аққу қонған айдын көл шағалалы,
Тарқаған жоқ думаны, базары әлі.
Өрмек болған өзімшіл өлеңіме
Қара сөздің қатепті қара нары.
Ермек Омаров.
ЖАҢААРҚА ауданы.