Ұлағатты ұстаз Еркін Көбеев бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнады
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Жоғары мектептің халықаралық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасындағы заң ғылымы мен жоғары білімнің көрнекті өкілдерінің бірі ұлағатты ұстаз Еркін Көбеевтің дүниеден өткеніне бір жыл болып қалды. Еркін Қинаятұлы 2004-2019 жылдар аралығында Арқа жеріндегі іргелі оқу орны академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды. Арда азамат бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнады.

Өнегелі өмір жолы
Еркін Көбеев 1959 жылғы 31 наурызда Қарағанды қаласында дүниеге келді. Орта мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, оны 1981 жылы тәмамдады. Сол уақыттан бастап, оның кәсіби және ғылыми тағдыры туған университетімен және отандық жоғары білімнің дамуымен тығыз байланысты болды.
Іргелі ғылыми білімге ұмтылыс алғыр азаматты М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына алып келді. 1989 жылы конституциялық құқық саласы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Кейін Мәскеу мемлекеттік заң академиясының докторантурасында оқыды. «Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысының негіздері» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, 1999 жылы заң ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды. 2001 жылы профессор ғылыми атағы берілді.
2004 жылдан бастап, Еркін Қинаятұлы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін басқарды. Ректор болған тұста университет өз позициясын едәуір нығайтып, ғылыми-зерттеу қызметін кеңейтті, халықаралық байланыстарды және ғылыми кадрлар даярлауды белсенді дамытты. Оның басқару стилі стратегиялық ойлауды, принципшілдікті және академиялық дәстүрлерге ұштастырды.
Еркін Көбеев – 300-ден астам ғылыми еңбек, оқулықтар мен оқу-әдістемелік әзірлемелердің авторы. Білікті заңгердің қызметінде жас ғалымдармен жұмыс ерекше орын алды. Ғылыми жетекші ретінде зерттеушілердің тұтас бір буынын тәрбиелеп, оларға тек білім емес, сонымен қатар, ғылыми жауапкершілік пен кәсіби этиканың жоғары стандарттарын сіңірді. Заң ғылымының, жоғары білім жүйесінің дамуына үлес қосты. Еркін Қинаятұлының жарқын бейнесі шәкірттері мен әріптестерінің жадында сақталып қалады.
Ғалым. Ұстаз. Ғылыми жетекші
Еркін Қинаятұлы ғылыми-педагогикалық қызметінде аспиранттармен, докторанттармен бірлесе ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Ғылыми жетекшілікті формальды міндет емес, болашақ зерттеушілер мен жоғары мектеп оқытушыларын қалыптастыруға бағытталған жауапты әрі күрделі еңбек деп білді.
Ғылыми жетекші ретінде зерттеудің әдіснамалық негізділігіне, ұғымдық аппараттың айқындығына және ғылыми баяндаудың логикасына ерекше мән берді. Диссертациялық жұмыстың әрбір тұжырымы дәлелді, тексерілген және зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне сәйкес болуы тиіс деп есептеді. Ғылымдағы формализм мен үстірттікті мүлде қабылдамады. Жетекшілік стилінің маңызды қыры – зерттеушінің дербестігін қалыптастыру болды. Шәкірттеріне үнемі ғылыми ізденістің бағытын көрсетіп, негізгі бағдарларын белгілей отыра, ғылыми дереккөздерді талдауға, қолданыстағы тұжырымдамаларға сыни көзқараспен қарауға және өз ұстанымын құқықтық логика мен дәлелдерге сүйене отырып, қорғауға үйретті. Бұл тәсіл тәуелсіз ғылыми ойлау қабілетін қалыптастырды. Ғылыми жетекшінің талапшылдығы әрдайым зерттеушінің тұлғасына деген құрметпен ұштасып отырды. Ескертулері кейде қатаң болғанымен, мазмұны жағынан әділ әрі орынды еді. Ғылыми адалдық, тұжырымдардың дәлдігі мен қорытындылардың негізділігі мәселелеріне баса назар аударатын. Сонымен қатар, ұстаз сирек кездесетін педагогикалық әдеп иесі болды. Күрделі кезеңдерде қолдау көрсетіп, сенім ұялатып, кәсіби күмән мен қиындықтарды еңсеруге көмектесе білді.
Еркін Қинаятұлы үшін ғылыми жетекшілік – ғылым, университет және қоғам алдындағы жауапкершілікті тәрбиелеу еді. Ол ғалымды құқықтық мәдениеттің, кәсіби этиканың және азаматтық ұстанымның тасымалдаушысы ретінде қалыптастыруды басты мақсат санады. Ұстаздың еңбекқорлығы, ұйымдастырушылық қабілеті және ғылыми дәстүрге құрметі ерекше еді.
Еркін Қинаятұлы Көбеев – өз өмірін ғылымға, университетке және Қазақстан Республикасының құқықтық дамуына адал қызмет етуге арнаған тұлға. Конституционалист-ғалым, мойындалған педагог және тәлімгер, жоғары білімнің ірі ұйымдастырушысы ретінде ондаған жылдар бойы академиялық ортаның ғылыми әрі адамгершілік бағытын айқындады. Академиялық ойшыл мен тәжірибелі басшының қасиеттерін үйлестіре білді. Ректор ретінде университеттің стратегиялық даму мақсаттарын көре отырып, ұжымды біріктірді, дәстүрді сақтап, ғылыми жаңаруға жол ашты. Ғалым ретінде конституциялық құқық мәселелеріне терең бойлап, Қазақстанның ұлттық құқықтық ғылымын дамыту идеясын табандылықпен қорғады.
Ғалым ғылымды тарихи контекстен және этикалық өлшемнен тыс қарастыруға болмайтынын үйретті. Құқықты нормалар жиынтығы емес, мемлекеттілік пен қоғам тағдырын бейнелейтін тірі механизм ретінде түсінді. Бүгінде ғылыми мұрасы – оның ғылыми мектебінің жалғасы шәкірттерінің еңбектерінде өмір сүріп келе жатқаны рухани сабақтастықтың айқын көрінісі дер едік.
Аса құрметпен еске алушылар: шәкірттері, конституциялық және халықаралық құқық
кафедрасының профессорлары
Гульнара Балгимбекова,
Қуат Мусин


