Ұлағатты ұстаз
Қаби Ахмедиұлы Есімов 1935 жылы туған. Сәбилік, бозбалалық шағы Бұқар жырау ауданы Белағаш (бұрынғы Буденный атындағы кеңшары) қонысында өтті. Еңбек жолын кен-байыту фабрикасында жұмысшыдан бастаған ол оң-солын таныған шақта жоғары білім алуға талап қылады. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдап, Қарағанды педагогика институтының оқытушысы болып орналасады. Педагогикалық қызмет барысында жас ұстаз ізденушілік қырын танытты.
Қаби Ахмедиұлының ұсынысымен тарих факультетінің студенттерінің оқу бағдарламасына археологиялық тәжірибе қосылды. Бұндай бастамалардың болашақ ұстаз-тарихшылардың іргелі білім алуында маңызы ерекше болып табылады. Себебі, бұл тарихшылардың оқыту жүйесін университеттік деңгейге көтерілуін жақындата түседі. Бұл ұсыныстың тарихшылар үшін маңызы зор болғаны кейінгі жылдар дәлелдеп келеді. Археологиялық тәжірибе тұрақты түрде өткізіліп тұратын экспедицияда жалғасын тапты. 1972 жылы педагогикалық институт негізінде университет ашылған кезде экспедициялардың ізденістері мен нәтижелері арнайы археологиялық және этнографиялық музейдің қалыптасуына себеп болды. Университет құрамына кірген музейді университеттің негізін қалаған академик Е.Бөкетов салтанатты түрде ашты. Заман талаптарына сай жүргізілген ғылыми зерттеулер мен жетістіктер 2004 жылы музейдің негізінде мамандандырылған Сарыарқа археологиялық институтының ашылуына әкелді. Міне, Қабекеңнің ұсынған бір бастамасы университетіміздің даму барысында еліміз мақтан ететін ғылыми орталықтың пайда болуына алып келген еді. Қазіргі таңда республикамызда Қарағанды археологиялық мектебінің ғалымдарының есімдері елімізде және жақын-алыс шетелдерде танымал. Олардың жетістіктері ғылыми басылымдар әлеміндегі іргелі өте жоғары рейтингті жариялымдар «Nature» және «Science» журналдарында басылып отырады.
1969-1972 жылдары Қаби Есімов Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. 1975 жылы Қабекең Қазақстандағы Совет үкіметінің (1920-1925 ж.ж.) мәдени құрылысының тарихына арналған кандидаттық диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Қазақстан мәдениеті тарихында бұл кезең Алаш зиялыларының елге, халқына, жаңа құрылған автономиялық республикамызға деген көп қырлы қызметтерімен тікелей байланысты болып табылады. 1970 жылдары саяси себептерге, жартылай реабилитацияға қарамастан, Алаш зиялыларының аттары, Алаш партиясы да, Қазақстан тарихынан, мәдениет тарихынан мүлдем өшіріп тастауға жақын болатын. Дегенмен, диссертация қорғау барысында осындай күрделі сұрақтарға Қаби Ахмедиұлы өзінің тапқырлығымен, абыроймен жауаптар тапты.
Кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Қабекең аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары лауазымын атқарды, студенттерге дәріс оқумен бірге куратор ретінде тәрбие жұмыстарына да көңіл бөлді. 1980 жылдың басында КСРО тарихы кафедрасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ол жылдары Қарағанды облысы Совет Одағының ең мықты дамыған 20 облыстар қатарына кірді. Осыған байланысты Қаби Есімов облыстың жаңартылған физикалық-географиялық картасының ғылыми кеңесшісі болды.
1964 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығына сәйкес Қаби Ахмедиұлы «Тың жерлерді игергені үшін» және 1985 жылы ұзақ жылғы ізгі еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Қаби Есімов кеншілер астанасы Қарағанды қаласының қоғамдық һәм мәдени өміріне белсене араласып, қайнаған өмірдің ортасында жүрді. 1986 жылы тұңғыш жарық көрген «Қарағанды. Қарағанды облысы» энциклопедиясының белсенді авторы, жұмыс тобының мүшесі болды. Қаби Есімов кафедра меңгерушісі қызметін атқарған жылдары ұжым құрамында профессор Ф.Базанова, К.Жуасов, В.Свиденко, А.Құндақбаева, Б.Қыздарбеков, М.Омаров, B.Орешниковалар дәріс оқыды.
Ол жылдары факультет тарихында өзіндік іздерін қалдырған Н.Фарфутдинов, Е.Тажибаев, В.Евдокимов, Ю.Евстигнеев және тағы басқа ұстаздар қызмет етті. Қайта құру кезеңі келгенде Қаби Ахмедиұлы кафедраның ұстаз-тарихшыларының жаңа буынын іріктеп, тәрбиелеп және өсіруге көп көңіл бөлді. Қаби Есімовтің тікелей қамқорлығымен Мәскеу университетінің күндізгі аспирантурасына Б.Абдрахманова, Д.Бажиров, Р.Жұмашев, Е.Есенғараев, С.Селиверстов, Л.Шотбақова жолдама алып, бәрі де диссертациясын қорғап, университетке оралып, факультет дәстүрін жалғастырып, оның дамуына еңселі үлес қосты.
1991 жылы университет басшылығына Жамбыл Ақылбаевтың келуіне байланысты тарих факультетінің оқу үдерісі саласында, ұйымдастырулық құрылымында айтарлық өзгерістер басталды. Жас ғалым-ұстаздардың ұсыныстарын алға қойып, Қаби Ахмедиұлы тарих факультетінде жаңа тарихнама, деректану кафедрасын ашу мәселесін университет басшылығына Ғылыми кеңес мәжілісінде жеткізді. 1992 жылы ұсынылған жаңа кафедра ашылды. Тарихнама, деректану кафедрасының ашылуына байланысты студенттерге жаңа пәндерден дәріс оқытыла басталды. «Қазақстан тарихының деректануы», «Тарих методологиясы», «Түркітектес халықтардың тарихы», «Білім беру философиясы» сияқты лекциялық курстар қазақ және орыс тілдерінде алғаш рет студенттерге ұсынылды. Осы күнге дейін аталған пәндер тарихшыларды даярлауда іргелі пәндердің негізін құрайды. Қаби Есімовтің Қазақстанда алғаш рет жарық көрген «Қазақстан тарихының деректануы» атты оқулығы жоғары бағаланды. ХXІ ғасырдың басында елімізде «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылуы жылдарында Ресей мұрағаттарынан қазақ Орта жүзінің төбе биі, мәмлегер, ойшыл, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаздауысты Қазыбек би жайлы құнды деректер тауып, ғылыми айналымға қосты.
2011 жылы оқырман қолына тиген «Қаздауысты Қазыбек би» тұлғалық энциклопедиясын әзірлеу ісіне белсене араласты. Ұстаздық қызметін аяқтап, зейнеткерлікке шықса да Қабекең өзінің ізденушілік жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Ұлы бабамыз туралы ел аузында сақталған, шежірелік материалдарды жинауды жалғастырды.
Қаби ағамыздың шыққан тегі де осал емес еді. Қаби Ахмедиұлы – Қаздауысты Қазыбектің Қазымбет есімді баласынан тарайтын тікелей ұрпағы. Ол кісі бұны орынды мақтан етуші еді. Кез келген тұлғаның қалыптасып, дамуына ортасының әсері жоғары болып табылатыны бәрімізге мәлім. Ол кісінің де жүріп-тұрған ортасы да ғажайып еді. Атақты ғалым, белгілі азамат, Жамбыл Ақылбаев, медицина докторы Құсни Елеуов, қоғам қайраткері Қасымбек Медиев тәрізді ағалар қалжыңы жарасқан құрбы-құрдастары болды.
Қаби Ахмедиұлы Есімов 2019 жылдың шілдесінде мәңгілік ұйқыға кетіп, жер бесігіне бөленгенше туған еліне, кіндік қаны тамған жеріне қалтқысыз қызмет етті. Аяулы ұстаздың есімін құрметпен атайтын шәкірттері әріптес ағаға деген ілтипаты мен құрметі ретінде еліміздегі екінші болып ашылған академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде 2019 жылдың желтоқсанында профессор Қаби Ахмедиұлы Есімовтің атындағы дәрісхана ашқан болатын. Осыған орай, қадірлі ағамыздың отбасы – Зияда жеңгеміз бен балалары ғалым, ұстаздың бай кітапханасындағы 200-ге жуық оқулықтар мен ғылыми әдебиеттерді университет кітапханасына сыйға тартты. Қаби Ахмедиұлы университет, тарих факультетінің, отандастарымыздың есінде өзінің тамаша ізденушілік, іскер ұйымдастырушылығымен, шаншар өткір сөздерімен, ұлағаттылығымен мәңгі қалады.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
ҚР Ұлттық Ғылым
Академиясының академигі
заң ғылымдарының докторы, профессор
Рымбек ЖҰМАШЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор