Ұл – мактаныш, қыз – куаныш болсын
Үкінің ұлпасындай шашы жалбыраған сары қыз бүгін тағы әлек шығарып, тыңдамағаны үшін әкесі шәйнекке қыстырылған сымның тоғын ала сала тартып жібергені бар… Азынап далаға қашқысы келген, өйтпеді. Бар қайратын бойына жинап, көзіндегі жасты шығармауға тырысты. Қақшиған беті далаға ата жөнелді.
Өзінен үлкен, мінезі жуас әпкесі артынан тұра жүгіргісі келген, шешесінен батпады. Дегенмен, бала көңілі алаңдап-ақ отыр. Алдына келген асты да дұрыстап іше алмады. Күн батып кетсе де алаңдай қоймаған әкесі мен шешесі шайларын асықпай ішіп, бөлмелеріне кеткен кезде үстелді жинамай басқа шаруаға мойын бұрмайтын әдеттегі қалпынан жаңылып, далаға жүгіре шыққаны… Шашы жалбыраған сіңілісін іздеп жүр. Алысқа кетпегені анық, қараңғы ғой, қорқады. Үй мен қораны айнала жүгіре жүріп, тауып алды. Малдың қысқы жемі үшін қораның арт жағына жапсарлас үйген сабанға тоңбас үшін көрші үйдің иті қазып қойған ойықта тығылып отыр екен… Сіңілісін тауып алғанға қуанса да, оған арашашы бола алмағанына ренжіді. Әйтеуір, алдап-сулап, үйге енді бармаймын дегеніне қарамай алып келгені бар…
Осы бір сәт көңілінде мәңгілікке жатталып қалды, балалық шағын есіне алса, сабанның арасында тоңып отырған сіңілісі келе береді ойына. Ерке баланың есерсоқ қылығы үшін жөнге салғысы келген әкенің бұл қылығы дұрыс та еді, бірақ, бала жаны өте нәзік болады екен…
Неміс жазушысы Герман Гессенің «Душа ребенка» атты әңгімесі бар. Ұрлық жасаған баласын қараңғы бөлмеге қамап жазалаған әке баласын кешіріп, оның бұл әрекеті туралы уақыт өте келе ұмытып кетсе де, баласы толық кешіре алған жоқ…
Мінезі шатақтау бір қызын жазалаған әке екінші қызының көңіліне қаяу түскенін білмей де қалды. Үйдегі келеңсіз жағдай үшін бір қиналса, жазалағаны үшін үйден қашып, бір қорқытып алуды ойлаған сіңілісі үшін екі қиналғаны оның жадында жатталып қалды. Жоғалтудан қорқып, жан-жағына жалтақтап қарай беру әдетіне айналса, кейін келе қанына сіңіп, мінезге айналды…
***
«Бала – ата-ананың аманаты» делінген Құранда. Дұрыс тәрбие беріп, оқытып-тоқытып, ұясынан ұшыра алсаң – аманатқа қиянат жасамағаның. Ал керісінше болып жатса ше?..
Осы күні баланы кінәлап, сорлы болған әке мен шешеге жанымыз ашып, аяушылық танытып жатамыз. Қазір саябыр тапқанымен, кезінде қартайған әкесі мен шешесін қарттар үйіне тапсырған балаларға лағынет айттық. Бірақ, тереңіне барған ешкім жоқ.
Қазір мектептерде психология дұрыс жолға қойылған. Кез келген мектеп психологымен сөйлесе қалсаң, айтар ойлары да мүлдем басқа. Балаға, ең бірінші, мейірім беру керек, тіпті, болмаса бір мезет баланы әңгімеге тартып, керек екенін білдіру керек, ол өзінің бұл өмірге жайдан-жай келмегенін сезінуі керек дейді. Бала жаны нәзік қой… Қолдауыңды, қолпаштауыңды күтеді. Үйдегі әкесі мен шешесінен асқан беделді адам бар ма олар үшін?!
Тұқымды тұздай құртқысы келген қызыл империя әбден-ақ тырысқан екен.
– Бұл елдің ең мықты жері – ана сөзінің алдында бас иетіндігінде екен. Шешесінен айыру арқылы ғана рухын төмендетіп, тізе бүктіре аламыз, ол үшін әйелдерін оқытып, бала тәрбиесінен алшақтату керек, деп, дегеніне жетудің аз-ақ алдында қалған кезде тәуелсіздік таңы атып, төл тәрбиеміз жаңғырды. Балаға да, ата-анаға да тағылар кінә жоқ. Орны толмас ойсыраудан аман қалып, еңсемізді тіктедік… Ендігі міндет – замана көшінен қалмай, балаға дұрыс тәрбие беріп, қателікке ұрынбау. Әрине, бәрін қойып, бала тәрбиесімен ғана айналысып үйде отыр деуден аулақпыз. Оған уақыт талабы да мұрша бере қоймас. Тек кез келген нәрсенің теңгерімі болатыны сияқты, ұрпақ тәрбиесінде де сол теңгерімге келе алсақ – ұлт ретінде ұтқанымыз…
***
… Құлдық психологиядан әлі де болса арыла алмай жүр екенбіз.
Бірде балама киім алмақшы болып, дүкенге барғаным бар. Алты жасар ұлыма «Өзіңнің көңіліңе ұнаса ғана ал» деп айтып жатқанымды естіген сатушының бұрқырап сөйлеп, біраз жерге барғаны бар. Сонда айтатыны:
– Бұрын баласына таңдау жасатқанды орыстан көретін едік, қазір қазақтар да солай. Шегедей бала қайдан таңдау жасасын? – дейді. Тауарының балаға ұнамағанына ашынғаны ма, ол жағы – беймәлім.
Бірақ, кей кезде балаға да таңдау еркін беріп, өз өмірі, болашағы, тіпті, елінің келешегі үшін жауапкершілік артудың да артықтығы болмас деген ойға қалдым…
Салтанат ИЛЬЯШОВА