Корея медицинасы Қарағандыда өркен жаяды

    Қазақстандағы корейлер қауымдастығының бастамасымен Қарағанды қаласында «Корея Республикасы мен Қазақстан Республикасы Қарағанды облысының медициналық ұйымдарының серіктестігінің болашағы» атты халықаралық конференция өтті. Конференция мақсаты – өңірдің қалыптасқан медициналық базасы есебінен жаңа мүмкіндіктерді көрсету.

Корея Республикасы медицина саласы бойынша дамыған елдердің қатарында екендігі жасырын емес. Халқының өмір сүру ұзақтығы бойынша 81,3 жасты құрап, Қазақстанмен салыстырғанда оқ бойы алда тұрған Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау нәтижелері, әсіресе, онкологиялық ауруларды емдеу әдістерінің тиімділігі 90 пайыздан асады. Мұның барлығы – соғыстан кейінгі жылдары бәрін жоқтан бастаған медицина қызметкерлерінің еңбегі.

Қазақстандағы корейлер қауымдастығының вице-президенті Сергей Огайдың айтуынша, іс-шара үш стратегиялық мақсатты көздейді. Біріншісі – тәжірибе алмасу, екіншісі – медициналық қызметтің әр түрлі әдіс-тәсілдерін үйрену болса, үшіншісі – мемлекеттік және жеке ынтымақтастық бойынша бірлескен жобалар.

Конференцияның Қарағанды қаласында өтуі де тегін емес. Медицина облысында шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығымен қатар, 335 мыңнан астам дәрігер оқытып шығарған ірі медициналық оқу орны да осы Қарағандыда. Сонымен қатар, облыстың медицина саласы Германия, Израиль, Қытай және Франция сияқты елдердің медицина ұйымдарының өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Облыстық бюджеттен медицина саласына, оның ішінде медициналық ұйымдарды заманауи жабдықпен қамтамасыз ету үшін бөлінетін қаржы да қомақты. Отбасы денсаулығы мен балаларды қалпына келтіру орталықтарын ашу жөніндегі жобаларды жүзеге асыру да жоспарланып отыр.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Хорошаш екі тараптың да ұзақ мерзімді серіктестікке мүдделі екендігін және оны жүзеге асыру үшін Қарағанды облысының мүмкіндігі жеткілікті екендігін айтты.

Корея Республикасынан келген делегация құрамында тәжірибелі дәрігерлер мен профессорлар ғана емес, топ-менеджерлер, Корея Республикасының денсаулық сақтауды дамыту және индустрияландыру институтының өкілдері де бар. Оңтүстік Корея ғана емес, шетелдерде де медициналық қызметтер сапасын жақсарту мен денсаулық сақтау индустриясын дамыту бойынша орталықтандырылған орган 15 жылдан астам уақыт табысты жұмыс жасауда. Еліміздегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Северанс» оңтүстік-корей клиникасы бірлесе ашқан диагностикалық орталық осы ынтымақтастық нәтижесі.

Ынтымақтастықты дамытудың ақтық нәтижесі Қарағанды облысына корей медицинасын бейімдеу болып табылады. Бұл өз кезегінде өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін беріп, тұрғындарға жоғары сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік береді. Қарағандылықтар сапалы медициналық қызметке лайық, — дейді Қазақстандағы корейлер қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Лилия Ким.

Конференция соңында Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы мен Корея Республикасының денсаулық сақтауды дамыту және индустрияландыру институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.