Конституция – тірі механизм
Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толады. Бұл кезең – еліміздің Тәуелсіздігінің нығаюына, демократиялық қағидаттардың орнығуына және азаматтық қоғамның қалыптасуына жол ашқан тарихи белес. Негізгі Заң – мемлекеттілігіміздің негізін қалаушы құжат қана емес, сонымен қатар, елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі, құқықтық жүйенің басты тірегі. 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция мемлекетті басқарудың жаңа үлгісін бекітіп, тәуелсіз Қазақстанның дамуына тың серпін берді. Негізгі Заң мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласын қамтып, әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жоғары құндылық ретінде танитын құжатқа айналды.
Ата Заннның қалыптасу тарихы
Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін елді құқықтық тұрғыдан дамыту міндеті күн тәртібіне шықты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қабылданған 1993 жылғы Конституция өтпелі кезеңнің ерекшеліктеріне сәйкес жасалған құжат болды. Дегенмен, қоғамның қарқынды дамуы мен нарықтық экономикаға көшу жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігін туындатты.
1995 жылғы Конституция демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруды мақсат еткен елдің жаңа бағытын айқындап берді. Бұл құжат биліктің үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөліну қағидатын бекітті. Сондай-ақ, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына ерекше мән берді.
Конституцияда Қазақстанның егемендігі мен тұтастығы, азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтары, Мемлекеттік биліктің халыққа тиесілі екендігі, тілдердің тең қолданылуы, дін бостандығы мен зайырлы мемлекет қағидалары бекітілді. Конституция – тұрақтылық пен дамудың кепілі.
Негізгі Заң қабылданған сәттен бастап, Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптасу жолында көптеген өзгерістер орын алды. Қоғамның сұраныстарына сай Конституцияға бірқатар түзетулер енгізіліп, ел дамуының жаңа басымдықтары белгіленді.
2007 және 2017 жылдардағы конституциялық реформалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, парламенттің рөлін арттырды. Ал, 2022 жылы жүргізілген ауқымды конституциялық өзгерістер мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіріп, суперпрезиденттік басқару үлгісінен ықпалды парламенті бар президенттік республикаға көшуге жол ашты. Бұл қадам биліктің ашықтығы мен есептілігін арттырып, халықтың мемлекетті басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Сонымен қатар, Конституция елдегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың заңдық негізін қалады. Әсіресе, соңғы жылдардағы цифрландыру, құқықтық жүйенің жаңғыртылуы және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту – Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамып келе жатқанының айқын дәлелі.
Адам құқықтары мен бостандықтары – құндылық
Қазақстан Республикасының Конституциясы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітті. Негізгі Заңның екінші бөлімі азаматтардың өмір сүру, білім алу, еңбек ету және еркін пікір білдіру құқығын қамтамасыз ететін нормаларға арналған.
Халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларын мойындау арқылы Қазақстан азаматтарының құқықтарын халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік алды. Еліміздің Конституциясы адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау тұрғысынан БҰҰ-ның негізгі құжаттарына және демократиялық мемлекеттердің тәжірибесіне сәйкес келеді.
Жаңа Қазақстан және Конституция
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасы Конституцияға негізделген. Елдегі әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, заң үстемдігін орнату және экономиканы әртараптандыру бағыттары Конституцияда бекітілген қағидаттарға сүйене жүзеге асырылуда.
2022 жылы өткен референдумда қабылданған өзгерістер елдің саяси жүйесін жаңартуға, биліктің халыққа жақындауына және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталды. Бұл өзгерістердің барлығы Конституцияның қоғам дамуына сай үнемі жетіліп отыратын тірі механизм екенін көрсетеді.
30 жылдық белес және болашаққа бағдар
Конституцияның 30 жылдық мерейтойы – өткен кезеңді бағалап, болашаққа нақты жоспарлар құратын маңызды сәт. Бұл мерейтой тек заңнамалық құжаттың мерекесі емес, сонымен қатар, Қазақстан халқының ортақ құндылықтарын атап өтетін бірегей тарихи оқиға болып табылады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – азаматтық қоғам институттарын дамыту, заң үстемдігін одан әрі нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсаттарға жету жолында Конституция басты бағыт-бағдар болып қала береді.
Негізгі Заң әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекетімізді одан әрі нығайтуға бағытталған негізгі құжат болып қала береді. Сондықтан, Конституцияны құрметтеу – әрбір қазақстандықтың парызы және ел болашағына қосқан үлесі.
Алмаз ЖЕКСЕКИН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті заң факультеті Конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының профессор ассистенті, PhD докторы.