Бас тақырып

«Коньки»-ден құтылсақ қайтеді?..

Қысқы спорт түрлерінің қай-қайсысы да жақсы. Əсіресе хоккей, конькимен жүгіру, шорт-трек, мəнерлеп сырғанау секілді ең басты атрибуты коньки болып табылатын айдын аламандарына қызықпайтындар некен-саяқ. Менің айтпағым, негізі, спорттан гөрі тілге – қазақтың тіліне қатысты. Құдайға шүкір, осы күнге дейін қазақша спорт тілі де əжептəуір қалыптасып қалды. Оны күнделікті баспасөзден де, спорт комментаторларының сөз саптаудағы еркін көсілуінен де аңдап жүреміз. Дегенмен, ағылшын немесе грек тілінен енген кей терминдерді дұрыс дегеннің өзінде, қайсыбір атауларды, қазақша баламасы болса да, орыс тілінде айтып жүрміз. Соның бірі – осы айтып отырған «коньки».

Сурет: sputnik.by сайтынан

Санаға сіңіп қалған сөздің таза орысша табиғаты мен мағынасына көпшілік мəн де бере қоймайды. «Коньки»-дің бір сыңары – «конек», жұп болса, яғни көпше – «коньки». Арғы түбірі – «конь» – «ат» қой, енді. «Конек» – соның орысша айтқанда «ласкательный», қазақша айтқанда биязы түрі. Қысқасы, аяққа киетініміз «тай» ма, «жабағы» ма, бірдеңе… Орыс тілінің көшке берген сол «тайын» қайтып берсек қайтеді?.. Қазақтың тілінде осыны алмастыратын сөз жоқ па? Жылқының жасы түгіл, қазысының өзін неше еліге бөліп атайтын қазақ «конькиді» қазақшалай алмапты дегенге сену қиын. Айдын үстінде адамға қанат бітіретін аяқкиімді ойлап тапқан да олар емес. Сондықтан, атын өзімізше қазақшалап алсақ, несі айып?..

Əлемнің біраз елдері конькиді «патинак» дейді екен. Ол, енді, біздің бəтеңкенің де «төркіні» болса керек. «Коньки» атауын бəріміз білетін «бəтеңкеге» ауыстырсақ, өзгеден бұрын өзіміз күлеміз ғой. Мұз үстінде зырлауына жақын атау болса жөн еді. Қазақ тілінде «зырылдауық» деген зат, «зырлағыш», «зымырағыш», «зырылдақ» деген анықтауыш, сын есім есебінде қолданылатын сөздер бар. Мүмкін «зырлауық» немесе «зырлауыш» деген дұрыс па?.. Меніңше, мағынасы тура келеді. Көпшілік осы орайда өз білгенін ортаға салып, пікір бөліссе, бір жақсы пəтуаға келер ме едік. Халық қаласа, Терминком да теріс қарамас. Бала-шағаның босағада жатқан конькиінен басқа сөз қалмады ма деп сөкпеңіздер, мұның сыртында əлемдік деңгейдегі спорт түрлері, соларға қатысты ұлттық таным-түсінігіміз тұр.

Ақыры спорттық журналистиканың тілі жайлы айтқан соң, мына жайды да айта кетейін. Қазір «атлетші», «гимнастшы» деп сөз саптайтын журналистер баршылық. Соларды түзейтін ешкім жоқ па, əлде елдің көбіне сол дұрыс па?

Қарапайым тілмен түсіндірсек, «футболшы» дейтін себебіміз: футбол – спорт түрі, онымен шұғылданатын адам – футболшы; баскетбол, волейбол, хоккей тəрізді толып жатқан түбір атаулы басқа спорт түрлерінде де солай. Ал атлет пен гимнаст – атлетикамен, гимнастикамен шұғылданатын спортшылар: ауыр атлет, жеңіл атлет, гимнаст, т.с.с. Фантаст қаламгерді фантастшы, телепатты телепатшы, журналисті журналистші демейсіз ғой, мысалы. Спорттан басқа тақырыптарда да наубайды наубайшы, диқанды диқаншы деп «жаңалық» ашып жүретін əріптестер бар. Тоқшылық тілеуімен баласының атын Диқанбай деп қойған бұрынғы қазақтың Диқанбаев деген ұрпақтары толып жатыр, арасынан Диқаншыбаевты көрген-естігендеріңіз бар ма?!

«Американдық спортшы», «британдық боксшы» деген сияқты тіркестерді жиі естиміз. Бұл да жартылай орыс тілінен барымталанған қолданыстар. Орыс тіліндегі сөздер мен атаулардың дені, əсіресе дауысты дыбыспен аяқталатындары түгелге жуық жалғау жалғанғанда түбірімен қоса морфологиялық, фонетикалық өзгерістерге ұшырайды. Тіл заңдылығына сəйкес, «америкийский» немесе «италийский» емес, «американский», «итальянский» дейді. Біз аламыз да оны сол күйінше қазақ тіліне əкеп тықпалаймыз. Бұл мысалдардың қазақша дұрысы – «америкалық», «британия лық» болуы керек. «Орловтық», «вологодалық» дегенді де естідік, сөйтсек оны айтқандар Ресейдің Орел, Вологда қалаларынан келген спортшыларды таныстырып жатыр екен. Орыс тілінде септегенде, əлбетте, «орловский», «вологодский» болады.

Ал қазақшада түбірі сақталуы тиіс. Ал «жапондық», «ағылшындық» деп сөйлеу қанымызға əбден сіңіп алды десе де болады. Мұндай тəуелділік жалғаулары ұлттың емес, мемлекеттің атауына жалғануы тиіс: жапониялық, англиялық, т.с.с. Ертең біреу «қазақтық палуан», «орыстық самбошы», «немістік футболшы» деп жатса, сенікі дұрыс емес деп қалай айтамыз?..

Қиялы ұшқыр авторлардың жаңа сөз ойлап тауып жатқаны дұрыс та шығар, тіл біліміндегі неологизм тармағы өмірлік қажеттіліктен туындайтынын дəлелдеу қажет емес. Бірақ сөздік қорымызда бұрыннан бар төл сөздерімізді жұлмаламасақ екен.

«Ойлап тауып жатады» дегеннен шығады, атын айтпай-ақ қояйын, спорт тақырыбында ондаған жылдар бойы қалам тербеп келе жатқан бір ағамыз қайсыбір мақаласында «Есеп айырмашылығындағы нөлді спорт тілінде «баранка» деп атайды» деп соғып жібергенін оқып, тіксініп қалғам. Орыс тілінен аз-мұз хабары бар адам біледі, «баранка» – азық-түлік дүкенінің сөресінде жататын «сушки» мен «бубликтің» бір түрі. Пішіні «О» əрпіне немесе нөлге ұқсаған соң, орыс тілді спорт комментаторлары бұл тоқаштың атауын сөз қайталамау үшін кейде есептегі «нөлге» синоним ретінде пайдаланады. Орыс халқы, дөңгелек болған соң, машинаның рулін де «баранка» дей береді. Оны қазақ тіліне кірістіру əбестік болады. Қарап тұрсаңыз, білместікпен ұятқа қалудың өзі оп-оңай…

«Үшінші орынды місе тұтты» деп сөз саптайды комментаторлар. Қазақта «менсінбеу» бар да, «менсіну» деген сөз жоқ. Сол сияқты «місе тұтпау» бар да, «місе тұту» деген тіркес болмайды. Орын алып, тұғырда тұрған жүлдегер туралы «күміске қол созды», «қолаға қол созды» дейтіндер бар. Қолды ештеңеге жетпей тұрып, алмай тұрып созады. Осындай олқылықтар тым көп. Қазір қазақ комментаторлары баршылық, бірақ соларда ортақ тіл жүйесі, қалыптасқан мектеп жоқ. Тікелей эфирден спорттық сайысты көріп отырып, теледидар дауысын өшіріп тастағысы келетін жалғыз қазақ мен ғана емес шығар?..

Тіл тазалығын айтқанда, журналистика салаларын бөліп-жаратыны жоқ. Ойымыз спорттық терминдерге қатысты өрбіген соң ғана осылай қорыттық. Əйтпесе, қай тақырыпты қозғасақ та, əр сөзді орнымен қолданып, оқырманды, тыңдарман мен көрерменді сыйлай білген жөн ғой. Қазір жоғары білімді филолог мамандардың саны спортшылардан да көп шығар, осы мəселені неге қолға алмайды? Əлбетте, тіл мамандарын тарту үшін де материалдық ынталандыру болуы керек. Спорт саласындағылар қара күшке ғана сенбей, ақылға да салуы керек осындай мəселелер бар.

Болатбек ҚАУЫСОВ.

Басқа материалдар

Back to top button