Бас тақырыпОблыс әкімі

Конфессияаралық келісім – тұрақтылық негізі

Облыс аумағында Рухани келісім күніне орай 1118 қазан аралығында 150ге жуық түрлі форматтағы шаралар өткізілген. Аталған күнге орай, аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен Қарағандыдағы Достық үйінде облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы өтті.

Шараға діни бірлестіктер басшылары, этномәдени орталықтар төрағалары және мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Жиында мемлекеттік органдар мен конфессиялардың обасылық дәстүрлі құндылықтарды нығайту жөніндегі ынтымақтастық, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу, мемлекеттің зайырлы негіздерін сақтау және дінаралақ диалогты сақтаудағы конфессиялардың ролі мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ, кездесу барысында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен ерекше діни жәдігерлер көрмесі өтті. Көрме де өз кезегінде жұртшылықтың қызығушылығын туғызды.

– Келісім – экономикалық өсуіміз бен тұрақтылығымыздың негізі. Біз – конфессияаралық бейбітшілік пен келісім бойынша көптеген елдерге үлгі бола алдық. Сонымен қатар, этносаралық даулардың салдарынан мемлекеттердің құлдырап жатқаны да өтірік емес. Сондықтан, отбасы, бейбітшілік, мейірімділік және қайырымдылық секілді дәстүрлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, рухани құндылықтарды және зорлықзомбылыққа төзбеушілікті насихаттау жұмыстарын күшейту қажет, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыстағы ірі діни бірлестіктер басшылары да аймақ басшысының бұл ойымен келісетіндіктерін аңғартты. Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа мешіттерде жастар үшін жұмыс табуға көмектесетінін жеткізді.

– Қазір жастар имандылыққа жаппай бет бұруда. Жұма намазына 4 мыңдай адам келсе, соның 70-80% жастар. Бұл – қуанарлық жағдай. Алайда, олардың көбісі жұмыссыз және жұмыс таба алмайтынына шағымданады. Осы мәселені ескере отырып, біз жұмыспен қамту орталығымен намаз алдында олардың өкілдері жамағатқа қайда және қалай жұмысқа орналасуға болатыны туралы әңгімелейтініне келістік. Осының арқасында көптеген адамдар жұмыс табуға мүмкіндік алды, – деді ол.

Шынымен де, Рухани келісімнің еліміздегі тыныштықты сақтауда ролі ерекше. Мысалы, Арыс қаласында болған апатты жағдайдан кейін еліміздің түпкір-түпкірінен жұрт көмекке ағылды. Ұлтына, дініне ешкім қараған жоқ. Басқа аймақтар секілді Қарағанды облысы да жұмыла жұмыс істеп, Арыс қаласының қайта қалпына келуіне өз үлестерін қосты. Мұны 130-дан астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан тәуелсіз еліміздегі этносаралық татулық пен ынтымақтастың жемісі дер едік. Қарағанды және Шахтинск епархиясының хатшысы Владимир Фрейганг қазіргі жастар дәстүрлі отбасы моделінен көбірек алыстап бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді.

 – Некеге анағұрлым кешірек тұрып, жас отбасыларда он-он бес жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда анағұрлым аз бала туу үрдісі қалыптасып отыр.

Мемлекеттік органдармен бірге православие шіркеуі жастар арасында отбасы құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған насихат және ағарту жұмыстарын жүргізуге, барлық көмекті көрсетуге дайын, – деді протоиерей.

Ал, «Каритас – Caritas Караганды» діни орталығының директоры Грыгорцевия Звигневтің айтуынша, орталықта көмекке мұқтаж адамға ұлтына, дініне қарамай қолдарынан келгенше көмек көрсетіледі екен. Мәселен, жуырда бір келіншек кішкентай баласымен көмек сұрай келіпті. Күйеуі ішімдікке салынып кеткен. Сол келіншекке жан-жақты қолдау көрсетіліп, 6 айға дейін еңсесін тіктеп алғанша тегін жатар орын берілген.

Отырыс барысында діни бірлестіктер өкілдері кезекпен сөз алып, өздерін толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салды. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жиынды тізгіндеп, қатысушылар тарапынан айтылған маңызды сұрақтарға баса назар аударып, дін саласындағы оң бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Түрлі діни бірлестіктер мен этномәдени орталықтар өкілдерінің өзара тіл табысып, қызу сұхбат жүргізуінің өзі – көпұлтты мемлекетіміздегі ішкі татулықтың нышаны дер едік. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Рухани келісім күні 1992 жылдан бері 18 қазанда тойланып келеді. Бұл атаулы дата Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен енгізілген.

Жәлел ШАЛҚАР

Басқа материалдар

Back to top button