Клинкерлік плита өзімізде өндіріледі
Облыста өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы ірі жобаның бірі жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, премиум санаттағы қасбеттік клинкерлік плитка өндіретін жаңа зауыт іске қосылмақ. Бұл бастама – импортты алмастыру, құрылыс материалдарының қолжетімділігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу тұрғысынан маңызды қадам.

Бүгінде Қарағанды өңірі индустриялық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Соның айқын көрінісі – QAZCLINKER компаниясы жүзеге асырып жатқан клинкерлік плитка өндіру жобасы. Аталған өндіріс елімізде алғаш рет қасбеттік клинкерлік плитка шығаруға бағытталғанымен ерекшеленеді.
Жобаның жүзеге асырылу барысымен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев танысып, құрылыс жұмыстарының қарқынына оң баға берді. Қазіргі уақытта өндірістік алаңда технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Қажетті құрал-жабдықтар толық сатып алынып, кезең-кезеңімен жеткізілуде.
Компания директоры Дәулет Смағұловтың айтуынша, кәсіпорынның негізгі мақсаты – сапалы әрі қолжетімді өнім өндіру.
– Біздің ұстанымымыз – премиум сападағы өнімді қолжетімді бағамен ұсыну. Жобаны өз қаражатымыз есебінен және Қазақстан даму банкінің қолдауымен жүзеге асырып жатырмыз. Өндіріс толық іске қосылған кезде жылына 1 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаруға мүмкіндік болады, – деді ол.
Жаңа зауыт тек ішкі нарықты қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде отандық құрылыс индустриясының бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Жобаны Қарағанды облысында іске асыруға өңірдің тиімді географиялық орналасуы, дамыған инфрақұрылымы және қолайлы логистикалық мүмкіндіктері әсер еткен. Сонымен қатар, өндірісті табиғи газға қосу мүмкіндігі де маңызды факторлардың бірі болды. Қазіргі таңда өндіріс алаңында барлық қажетті инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген.
Зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 170 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуға қосылған нақты үлес.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



