АймақБұқар жырау

Кітапсүйер қауымның басын қосты

Бұқар жырау аудандық мәдениет үйінде өткен «Кітап – ғажайып әлем» фестивалі кітапсүйер қауымның басын қосты. Оны аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырып, әдіскері Майгүл Асқарова бастан-аяқ жүргізді.

Суретті түсірген автор

– Бұл фестиваль республикамызда осыменен үшінші рет бір күнде, бір уақытта өткізіліп отыр, – дейді Майгүл Асқарова. – Оған ауылдық кітапханалардың барлы­ғы атсалысып, ауданымызда кітап оқушылардың қатарын көбейтуді көздедік.

«Кітап – рухани байлық» бөлімін Ақбел ауылдық клубының «Еркетай» би тобының бишілері әсем бимен ашып, одан кейін сахна төрінде аудандық орталық кітапхананың жас оқырмандары Інжу Райымқұл, Айзада Ахметжан, Гаухар Ойгорбай, Айару Байділдинова, Дарын Елтаев, Ойрат Нұржанұлы «2024 жылғы мерейгер кітаптар» шеруін жасап, жүріп өтті. Бұл мерейгер кітаптардың ішінде биыл туғанына 100 толғаны ЮНЕСКО көлемінде тойланып жатқан жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туындылары да бар. Оның шығармашылығына арналған жеке стенд Мәдениет үйінің фойесінде қойылғанын да айтуға тиіспіз.

Келесі кезекте «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңінде Айдынгүл Даривхан, аудан мектептерінің оқушылары Балауса Еркінова, Сырым Манкеев, Сырым Байжиен, Төлеген Әділжан қазақ ақындарының өлеңдерін келістіріп, жатқа оқыды.

Ал, фестивальдің екінші «Шы­ғармашылық алаңдар» бө­лі­мі 7 бөліктен құралып, әрқайсы­ның өз атқарар жүгі болды. Мә­­селен, «Қалқымалы кітап» көр­ме-креативінде ел көзіне көрсе­ті­ліп, ілінген әлем және қазақ әде­­биеті классиктерінің қанатты кі­тап­тары қалқытпақ түгілі қия­лыңызды көкке көтеріп жібереді екен.

«Отбасымен оқимыз» алаңы да үлкен-кішіні кітап оқуға тартудың бір көрінісі болса, Үштөбе ауылдық кітапханасының «Бір ел – бір кітап» алаңында жазушы Бердібек Соқпақбаевтың өмірі мен шығармашылығына байланысты сауалдар қойылып, жауап берген оқырмандарға шағын сыйлықтар берілді. Сол сияқты Мұстафин кенті көпшілік кітапханасының «KITAPTIME – 2024» зияткерлік алаңында көрме-сұрақ, кітап-инсталляция, «Сиқырлы дорба» ойыны ұйымдастырылса, Байқадамдық кітапханашылар «Шебер қолдар» алаңында үйірме жұмыстарының көрмесін ұсынып, шеберлік сағаттарын өткізді. Ал, аудандық балалар кітапханасының «Кітапханалық дәмхана – рухани құндылық» библиокафе алаңында безендірілген үстелге ас мәзірі қойылып, викториналық сұрақтарға жауап бергендер сол дәмнен ауыз тиіп жатты.

Бұл жолғы фестивальдің бір қызығы, «GUEST READER PHOTOBOOK» алаңында кітап және оны оқу туралы нақыл сөз, пікірін жазған оқырман фотоға түсіріліп, оның 1 данасы арнайы альбомға жапсырылып, екінші данасы сол адамға тегін беріледі екен. Оны ізденуден жалықпайтын Майгүл Асқарова Павлодар қаласына бір тойға барғанда, «Тілек бұрышынан» көргенін бүгінгі шараға бейімдеп, енгізген көрінеді. Онысы сәтті шықты да.

Сондай-ақ, фестиваль барысында «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясына қатысып, өздерінің басы артық кітаптарын кітапханаға тапсырғандар да аз болмады.Сөйтіп, осы күнгі өткен шарада бұқаржыраулық кітапханашылар кітап қорын толықтырып қана қоймай, оқырмандары қатарын молықтырды деуге де болады.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button