Кітапханашылар тәжірибе алмасты
Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі кітапханасында негізгі, жалпы білім беретін, магниттік, эксперименттік мектептер мен Жас ұлан мектебінің кітапханашыларына арналған «Мектепте білім берудегі кітапхананың ролі» атты семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – оқушылар мен мұғалімдердің функционалдық және оқу сауаттылығын арттыруда сыни ойлау, сюжетті қабылдау, үйрету, кітап оқуды дамытудағы заманауи әдістер мен формаларды тәжірибеде қолдану, тыңдаушылардың мектеп кітапханасының ролі туралы ойларын мотивациялау, өз жұмысындағы өзгерістерге қатысты шешімдер қабылдау дағдыларымен таныстыру.
Кітапханашыларға «Keyword Hexagon» тақырыбындағы шеберлік сағаты, «Графикалық органайзер» көмегімен өткен тақырыпты, шығарманы талдау, «Book Dingo» «Book Bingo», «Терминдерді анықта» ойындарымен бес сұрақ көмегімен қысқаша-талдаулар практикалық түрде жүргізілді. «Book Puzzle» активитиінде семинар қатысушылары кітапханадан құрастырмақтың бөлшектерін тауып, көркем шығарманың бетін құрастырса, топпен жұмыс жасап, «Эмодзи» идеограмм графикалық тілі және «Fantasy Cards» картасы арқылы сюжетті қабылдау, түйсіну әдістерімен танысты. Сонымен қатар, кітапхананың инновациялық жобаларының түрлері туралы мағлұмат алды.
Семинарға қатысушылар «Әлеуметтік ақпарат құралдары – кітапхананы дамыту құралы ретінде» атты тақырыпты талқылау барысында Қарағанды қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі кітапханасының әлеуметтік парақшаларымен танысты.
Өте қызықты, тиімді, еш қиындықсыз, қаржыландырусыз ақ жүргізілетін кітапхана жұмысының заманауи қыр-сырымен таныстырған семинар ұйымдастырушылары НЗМ кітапханашылары – С.Ахметжанова мен А.Алиакбароваға алғысымыз шексіз.
Алдағы уақытта семинарға қатысушылар үйренген білім-біліктерін тәжірибеде қолданып, кітапхана жұмысын одан әрі жандандырары сөзсіз.
Маржан СЕИТОВА,
Шашубай кентіндегі
«Мектеп-балабақша кешені» ТМ(РО)» КММ аға тәлімгері.
АҚТОҒАЙ ауданы.