Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы Ұлттық Құрылтайда, кейінгі кездесулерде де кітапханалар жұмысын жандандыру жөнінде ортаға ой тастады. Сондай-ақ, туризмді дамыту жайы да сөз болды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының өкілдері осы мақсаттарды бір бағытта өрбітуді жөн көріпті.
Биыл аймақтағы алғашқы кітапхана жабдықталған (ХІХ ғасырдың соңы) Қарқаралы мекенінің іргетасы қаланғанына – 200 жыл. Әрине орыс жылнамасына тіркелуі 1824 жылы болғанымен тарихымыз тереңде жатқаны шындық. Оның үстіне, жақында сол жерде, Мәди жерленген Мәліксайдың тұсында «Мәди Бәпиұлы» атындағы мешіт ашылған болатын. Сабақты ине сәтімен деп «Кітапханалық өлкетану – мүмкіндіктер аумағы» атты семинардың қонақтарын, яғни, облысымыздағы аудан, қала, кент, ауыл кітапханашыларының бір тобын қаланың кіреберісінде қарсы алдық, шашу шаштық.
Бұл шараның ұйымдастырушысы – Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебеп ғылыми кітапханасы болса, қатысушылар – облыстық, қалалық және аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйелері.
Семинардың мақсаты – аймақта халыққа қызмет көрсетудің бірыңғай заманауи кітапханалық-библиографиялық жүйені қалыптастыруға ықпал ету және тиімді инновациялық кәсіби идеяларды тарату, кітапханашылардың кәсіби біліктілігін арттыру.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі орналасқан ғимараттың өзі тарихи жәдігер. Ғимараттың алдында аудандағы кенттік, ауылдық кітапханалардың шағын көрмесі ұйымдастырылған.
Семинардың ашылу салтанаты «Аңыз» бишілер тобының «Шашу» биімен басталды. Арнайы келген салиқалы топтың керуенбасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Қадыр Ашкеев рухани жиынның мән-мағынасын айта келіп, жерлестерімізді мерейтойымен құттықтап, сәт сапар тіледі.
Аудан әкімінің орынбасары Дархан Жиенбаев мырза да мәдениет пен әдебиеттің, тарихтың қаймағында қалқыған Қарқаралы жайында баяндап, алыстан келген қонақтарымызға алғысын білдірді. Бұдан кейін жерлес мәдениет майталмандарымен болған шағын көрініс көңілге шуақ сыйлады. Абай болып амандасқан азамат хәкімнің қара сөзін нәшіне келтіре жеткізді. Мәди бейнесінде келген маңғаз жігіт «Үшқараның» үнімен төңіректі тербеді. Ал, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын сомдап келген өрелі жігіт ұлт болып қалыптасуға не керектің бәрін тізбектеп берді. Қасым болып қасқайып шыққан шабытты азамат ақынның «Туған жер» өлеңін оқып, жүрек тулатты. Осылайша, рух шырақшыларының семинар шарасы басталды.
Кітапхананың жиын залында ел тарихынан мәліметтер тыңдалғаннан кейін, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана басшысы Айнұр Сәкенқызы кездесуде қаралатын мәселелерді баяндап, лебізін білдірді.
Сөз алған Қарқаралы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жазира Қапышқызы өлкетану ісінде аудан ішіндегі шаруаларды алға тартты. Осының көрінісі, дәлелі ретінде ауданымыздағы рухани, тарихи, мәдени байланыстарды байқаған егде тартқан ер-азамат, ақсақалдарымыз Саят Оспанов, Сәбит Тоғамбеков, Манарбек Кәрім ағаларымыздың «Қазақстан тарихындағы Қарқаралы архивы», «Кент баурайында 2» сияқты шежірелі жинақтардың тұсаукесері болып өтті. Ағаларымыз кітапхана ұжымдарына ризалықтарын айтып, мәлімет жинаудағы машақаттарды баяндап берді.
Бұдан кейін үш секцияға бөлінген семинар қонақтарымен тренинг-талқылауларға жалғасты. Облыстық кітапхананың кітапханалық менеджмент секторының басшысы Айгүл Айдынқызы тренинг-ойын өткізсе, кітапхана ісін автоматтандыру бөлімінің жүйе технигі Елена Андреевна «Өлкетану-Digital» тақырыбында дәріс оқыды. Қарағайлы кентінің кітапханашысы Қымбат Қабдкәрімқызы «Ертекші» атымен қуыршақ үйірмесінің шеберлік сағатын өткізсе, Шет ауданының ОКЖ келген қызметкерлер Бердібек Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» повесі желісінде театрландырған көріністі ойнады. Мейлінше мағыналы өткен іс-шаралар мүмкіндіктер аумағын кеңейте түскендей. Қарқаралы аудандық ОКЖ басшысы Айнаш Түсіпжанқызы да таным әрекеттерін іске асыруға тырысқан әріптестеріне шығармашылық табыс тіледі.
Семинар соңында облыстың түпкір-түпкірінен келген жандарға Қарқаралыдағы «Құнанбай мешіті» мен жаңадан ашылған «Мәди мешітінің» сәулетін көрсетудің сәті туды. Маусымның ақ жауынын сіркіретіп, «Үш үңгір» атты жәдігер сайдың маңындағы киіз үйде кешкі асын ішкен кітапханашылардың рухани азығы да аз болған жоқ.
Кітап – идеологияның бірден-бір құралы. Кезінде Жазушылар одағының өзі идеологияның басты қаруы болған. Мемлекеттегі ресми, мәдени, әдеби шаралардың дені ішінара кітапханаларда өтіп жатады. Ұлтыңның ұлылығын тану үшін әуелі туған өлкеңнің ұлағатына үңілген жөн. Шынында да бұл мүмкіндіктер алаңы.
Руслан НҰРБАЙ,
Қарқаралы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкері.