Руханият

Кітапханадағы косплей

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – 21 мамырда Топар кентінің кітапханасында әдеби кос­плей (костюм шоу) өтті. Бұл көркем шығарма кейіпкерінің костюмінде көрініп қана қоймай, оның қимыл-әрекеті мен сөйлеген сөзіне дейін актерлік шеберлікпен орындау деген сөз.

Сурет ұйымдастырушылардан

Аталған кітапхананың кітапханашысы Салтанат Ербаева бұл шараны республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ұйымдастырып, оған биыл туғанына 100 жыл толатын мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабын арқау етіп алған екен.

Бұл көркем шығарма бойынша өткен косплейге кенттегі Абай Құнанбаев атындағы тірек мектебінің 5-6 сынып оқушылары қатысып, жазушының бұл туындысын қаншалықты оқып, меңгергендерін сарапқа салды. Олар осындағы кейіпкерлер құсап киініп, ел алдына шығып, Қожаның өз бейнесін суреттейтін сәтін айнытпай қайталауы керек болатын. Міне, айна алдында тұрып, сондай бір көріністі қаз қалпында шебер орындаған 6 сынып оқушысы Ерлан Ергенбекұлы бәрінің арасынан топ жарса, қалған екі орын оның мектептес достары, 5 сынып оқушылары Танхай Мадияр мен Еділбай Сұлтанға бұйырып, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан тәтті-дәмділер сыйлыққа ұсынылды.

– Біз жыл бойы жазушы Бердібек Соқ­пақ­баевтың шығармаларын жарнамалап, насихаттауды жалғастырып келеміз,– дейді кітапханашы Салтанат Ербаева, – Бұл жолы таңдап алған әдеби косплей әдісіміз арқылы осы туындының балалар жадында мықты да ұзақ сақталуын көздедік.

Өзіміз көргендей, Салтанаттың алға қойған мақсаты жүзеге асып, оған қатысқан балалар кітап пен өнерге құштарлығын анық байқатты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық Құрылтайда бұл жөнінде «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз» дегені бар. Сондықтан, Топар кітапханасы ұжымының, соның ішінде, кітапханашы Салтанат Ербаеваның осы жолда жасаған қадамы қуанарлық та құптарлық.

Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button