«Кітапхана» – білімнің қазынасы
Адам баласының табиғаты рухани қажеттілігін қанағаттандырып, жан дүниесіне ләззат сыйлайтын кітап әлеміне асығып тұратыны белгілі. Көзіқарақты қалың оқырманға осы рухани байлықты ұзақ жылдар бойы тарту етіп келе жатқан кітап патшалығы туралы ой айтпақпын.
Қарағандының Оңтүстік-Шығыс аймағындағы 27-ықшам ауданында орналасқан Қарағанды қаласының «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №11 кітапхана филиалы – кітапқұмар, көзі ашық, көкірегі ояу талай оқырманның сүйікті мекеніне айналды. 16 379 дана кітабы бар кітапхана қоры жыл сайын жаңа кітаптармен толығып отырады. Бізге 40-қа жуық ғылыми-көпшілік журналдар мен газеттер Қазақстаннан бөлек, Ресейден де келеді. Оқу залында түрлі анықтамалық басылымдар, энциклопедиялар, сөздіктер, қазақстандық және әлемдік басылымдар да бар. Кітапханада жоғары талғаммен безендірілген кітап көрмелері келушілердің қосымша мәліметтер алуына көмек көрсетеді.
Мәдениетті кітапхана қызметкерлері келушілердің іздегенін тез арада тауып беріп, кітап оқуына мүмкіндік жасайды. Газет-журнал оқып, кітап парақтап, өзіне қажетін жазып алып отырған үлкен-кіші оқырмандар кітапхана ұжымының көрсеткен қызметіне дән риза. Кітапхана ұжымы оқырмандардың рухани мәдениетін көтеруге, әдебиет пен ғылымның, мәдениет саласының жаңалықтары мен жетістіктерін үздіксіз насихаттап отыруға, жалпы халықтың кітапқа, білім алуға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған іс-шаралар жүргізуде аянбай еңбек етіп келеді.
Қазір біз «жастар кітап оқымайды» дейміз. Жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін біз, үлкендер, өзіміз үлгі болуымыз керек. Шындығында, біраз уақыт ақпараттың басқа арнасына түсіп, қасиетті кітапты шетке ығыстырған қалың оқырман қазір рухани қазынаны кітап парақтарынан қайта іздей бастағандай көрінеді. Олардың арасында үлкеннен ұлағат көрген жастар да баршылық.
Осы жолда жас ұрпақтың кітапқа құмарлығын арттырып, оларды халқымыздың асыл қазынасын, салт-дәстүрін сүйетін, елін, жерін, тілін құрметтейтін азамат етіп тәрбиелеуде кітапханада өткізіліп келе жатқан шараларды да айтып өткен орынды. Коронавирус пандемиясы басталған кезеңнен бері кітапхана қызметкерлері Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде оқырмандарға кітапхана қорындағы әдебиеттерді насихаттау жұмыстарын жүргізіп келеді. Мәселен, өткен жылдан бері коронавирустың алдын алу бойынша түрлі ақпараттар, белгілі тұлғалардың мерейтойы мен мерекелік күндерге орай іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. Мысалы, адамзат тарихында өзіндік қолтаңбалары қалған Әбу Насыр әл-Фараби мен Абай Құнанбайұлы, қазақ алыптары Б.Момышұлы, Ж.Жабаев, Ы.Алтынсарин, Қ.Аманжоловтың тағы басқа белгілі тұлғалардың кітаптарынан онлайн көрме, кітап таныстырылымдары, онлайн шолулар күнделікті әлеуметтік желілерде жарияланады.
Кітапханашылар көрсетілген тақырыптар бойынша слайдтар, бейнероликтер көрсетіп, оқырмандар арасында қызу пікірталас жасау арқылы көптеген мәліметтер берді, аталған тақырыптар бойынша қосымша мағлұматтар алуға болатын әдебиеттермен таныстырып келеді. Осы ретте іс-шаралардың заманауи материалдармен жабдықталуына, келушілердің қызығушылығын оятуға үлес қосып келе жатқан кітапхана меңгерушісі А.Ыдырысова және кітапханашы А.Кенжеғалиеваның еңбегін айрықша атап өткен жөн. Олар ұйымдастырған түрлі кездесу кештері, тақырыптық шаралар, сауалнамалар мен пікірсайыстар оқырмандар көңілінен шықты. Біздің кітапханашыларымыз – жоғары білімді және мәдениетті, заманға лайық ақпараттық технологияларды меңгерген.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Болашақ – білімді ұрпақ қолында» деп атап көрсеткеніндей, өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, болашақтың іргетасын қалауда кітапхана атаулы ел игілігіне қызмет ете береді деп нық сеніммен айта аламыз.
Зікірья Абдрахманов, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің доценті.