Кітап – сенімді серігің
Балқаш қалалық жалпы білім беретін №5 орта мектепте «Оқу шаттығы» жобасы аясында «Бәрін таста, кітап оқуды баста!» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оқушыларды оқыту бағдарламасын әзірлеуді қолдау, оқуға қызығушылығын дамытуды бағдарлау, сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру мақсатын көздеді.
Оқушыларға арналған көрме энциклопедиялар жинақталған «Сіздің көмекші құралыңыз», танымдық журналдар таныстырылатын «Мерзімді басылым – өмір айнасы», қазақ және орыс тілдеріндегі «Көркем әдебиеттер» кітаптары, сонымен қатар, мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар көрсетілген «Әдістеме көмекке келді» атты бөлімдерден тұрды. Кітаптың маңыздылығын балаға жеткізу және оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында өткізілген бұл көрменің оқушыларға берері көп.
«Оқу шаттығы» жобасының жетекшісі Г.Ибраева кітаптың адам өміріндегі маңыздылығын түсіндірсе, кітапхана меңгерушісі, осы жолдардың авторы «100 кітап оқу» жобасы бойынша «Кел, жастар, оқылық!» аясы негізінде оқушыларды кітап оқуға шақырды. Соңында оқушылар кітап көрмесін тамашалап, бір-бірімен пікір алмасты.
Кез келген адамның білімі мен танымының, ой-өрісі мен сана-сезімінің дамуына кітаптың берер әсері мол. Бұлақтың дарияға бет алғанындай, әліппеден бастау алатын білім кілті – кітап оқимын деген адамның сенімді серігіне, айнымас досына айналары сөзсіз. Бәріміз бірге кітап оқуды әдетке айналдырайық.
К.МАХАШОВА,
Жалпы білім беретін
№5 орта мектептің
кітапхана меңгерушісі.
БАЛҚАШ қаласы.