Кітап оқыған кіріптар болмайды
Қоғамда «Бүгінгі жұрт кітап оқымайды» деген стереотип бар. Бірақ, «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыратын өңірдегі жобалық кеңсе жетекшісінің ресми дерегіне сүйенсек, бұлай деуімізге еш негіз жоқ. Мәселен, Қарағанды облысы бойынша жобаға қатысуға 67 мыңнан астам тіркелген. Мамандардың сөзінше, бұл – республика бойынша жоғары көрсеткіш. Ұлттық сананы, мәдениетті жаңғыртуды мақсат тұтқан ауқымды жобаның Қарағанды облысындағы аяқ алысы осындай.

«Кітап оқитын ұлт» жобасында 6 санат бар. Олар: «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын педагог». Жобаны жүзеге асыратын өңірдегі жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бақтығалиева халықтың кітап оқуға деген құлшынысына жоғары баға берді.
– «Кітап оқу – жақсы адаммен сырласқанмен бірдей» дейді ұлылар. Бұл жобаны бастағанымызға жарты жылдай болды. Пилоттық жоба ретінде біздің өңірімізде басталады дегеннен жобалық кеңсе құрдық. Кеңседе сегіз менеджер бар. Алтауы алты санатқа жауапты. СММ маманымыз бар. Бұл қатарда мен де бармын. Жұмысты былтыр шілде айынан бастадық. «Кітап оқитын ұлт» қоры қойған талаптарға сәйкес келетін кітаптарды іріктедік. Қазақ және әлем әдебиетін қамтыдық. Алты санаттың әрқайсына 15 кітаптан бекітілді. «Кітап оқитын ұлт» қорының жетекшілері «жобаға Қарағанды облысының 40 мыңға жуық тұрғыны тіркеледі» деп шамалаған еді. 6 айдың ішінде аудандарды, шалғайдағы ауылдарды аралап, қатысушылармен кездестік. Жұмыс барысында «XXI ғасыр – технологиялар заманы, бәрі – компьютер мен гаджеттерге тәуелді. Ешкім кітап оқымайды» деген стереотиптердің жалған екеніне әбден көзім жетті. Жастар да, қариялар да, бәрі кітапқа құмар. Жасы сексеннен асқан қариялардың да жата-жастана кітап оқығанына куә болдық. Жоба басталған бетте өтініш білдіргендердің қарасы қалың болды. Белсенділік өте жоғары деңгейде. Тіпті, аудандардың халқы осы жоба аясында өз бастамаларымен байқаулар ұйымдастырды. Жергілікті кәсіпкерлер қаржыларына кітап алып, қатысушыларға сыйлап жатты. Бұл нені білдіреді? Бұл халық осындай рухани бастамаларға сусап отырғанын білдіреді. Арқа – интеллектуалды орталық екеніне көзім жетті, – деді Дана Бақтығалиева.
Өңірдегі жоба кеңсесінің жетекшісі бүгінде парасат-пайымы биік орта қалыптасып жатқанын айтты. Сонымен қатар, бұл жоба 5-6 жылда өз нәтижесін беріп, ел дамуына қарқын қосатынына сенім білдірді.
«Кітап оқитын педагог» санатының қатысушылары мектепішілік, яғни, алғашқы кезеңнің тестін тапсырды. Санат менеджері Мөлдір Әлжанова жобаға облыс бойынша жалпы саны 17 мың педагог қатысқанын айтты. Өңірдегі барлық мектеп қамтылған.
– Облыс бойынша 17 мыңан астам педагог тіркеліп, оның 4,5 мыңы тест тапсырды. Бұл жерде жарты жыл ішінде 15 кітапты толық оқымағандар жобадан шығарылғанын ескеру керек. Бұл жобадағы әр қатысушы жеңімпаз деп ойлаймын. Жоба аясындағы кездесулерде педагогтармен сұхбаттасқанымызда, мұнда ешкім жүлде үшін қатысып жатпағанын аңғардық. Бәрінің басты мұраты – өздерінің рухани қазынасын еселеу, таным көкжиектерін кеңейту, ішкі мәдениеттерін қалыптастыру. Кітап оқу – олардың өмірлік дағдысы. Жобада Өзбекәлі Жәнібековтің «Мәдени майдан», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Дэйл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» секілді мұғалімге керек кітаптар бар. Мұғалім – ұлттың келешегін тәрбиелейтін тұлға. Сол себепті де, педагогтардың жобаға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады, – деді Мөлдір Әлжанова.
Мектепішілік кезеңде жүлделі орын алғандар аудандық кезеңге жолдама алады. Ал, аудандық кезеңде үздік болғандар облыстық кезеңде бақ сынайды. Осы орайда, Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп мұғалімдерінің арасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Жапатайұлы платформада 45 сұраққа 6 минут 30 секундта жауап берді. Бұл – ел бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі.
– Жоба басталғалы бекітілген 15 кітапты оқып шықтым. Бала кезден бері кітап оқып келемін. Көбіне талғамым көркем әдебиетті таңдайды. Осы жобаға қатысып, өзім үшін пайым жасадым. Негізі «уақыт жоқ» деген сөзіміз жай ғана сылтау екен. Адам өз уақытын үнемдеп, жоспарлай алса, өмірі де ретке келеді екен. Бұл жоба еңбекқорлығымды, шыдамдылығымды шыңдауға көмек берді. Қатысудағы әуелгі мақсатым – мәреге бірінші болып жету еді. Бірақ, кітаптарды оқыған сайын жүлде маңызды емес екеніне көзім жетті. Жүлдеден де маңыздысы – білім мен рухни байлық екенін түсіндім, – деді Бекзат Жапатайұлы.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген ұлағатты сөзі бар. Кітаптан алшақтаған ел тарих жолында өркениеттен кеш қалары анық. Өйткені, тамшыдан теңіз құралғандай, әр азаматтың дүниетанымы, ар-ожданы, ішкі мәдениеті ұлттың тұтас болмысын қалыптастырады. Бұл жобаның да әуелгі миссиясы осы деп білеміз.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



