Кітап – ұлттық иммунитеттің дәрумені
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырыстарында кітап оқу мәселесін жиі қозғап жүр. «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп еді. Ал, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін әлбетте кітапханаларды дамытуымыз тиіс. Мемлекет басшысы бұл тақырыпқа да ерекше назар аударған. «Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды» деді. Тіпті, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды ашуды ұсынды. Біздіңше бұл – дер кезінде көтеріліп отырған мәселе. Өйткені, ұлтты бір ағзамен салыстырсақ, кітап – сол ағзаға аудай қажет дәрумен іспеттес.
Атырауда өткен Үлттық Құрылтайдың үшінші отырысында «Өздеріңізге мәлім, мен былтыр Түркістанда өткен құрылтайда елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы айттым. Ондай кітапханалар көптеген елде бар. Менің тапсырмаммен Алматыда және Астанада көп ұзамай осындай тамаша ғимараттар бой көтермек. Жалпы бұл саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шараларды қолға алу қажет» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы сөзінен кейін біздің аймақта да осындай кітапханалар ашыла ма деген сауал туындады. Сауалды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жолдадық. Басқарма басшысы Еркебұлан Жұмакенов алдағы уақытта тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды ашу жоспарда жоқ екенін айтты.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Астана және Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханаларды салу туралы мәселе көтерілді. Кәзіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша барлық кітапхана бейімделген ғимараттарда орналасқан. Сонымен қатар, тәулік бойы жұмыс істеу – ҚР Еңбек Кодексіне сәйкес Еңбек шартына, Ұжымдық шартқа өзгерістер енгізуді талап ететін ауқымды жұмыс. Сондықтан, бүгінгі күні өңірімізде тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашу жоспарда жоқ. Ұлттық Құрылтайдың қорытындысы бойынша жұмыс жоспары құралып, кітапханаларды жаңғырту мәселесі қарастырылады, – деді Еркебұлан Жұмакенов.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханаларды ашу әсте оңай емес. Дегенмен, Президенттің Ұлттық Құрылтайда айтқан осы сөзі елдің қолдауын тауып отыр. Алаштың айбоз ақыны, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы да келешекте түні бойы есігі айқара ашық тұратын кітапханалар міндетті түрде ашылуы тиіс деген пікірде.
– Өркениеттің шыңына шығамын деген ел кітап оқиды. Кітап оқымай, адам баласының көкірек көзі ашылмайды. Ал, көкірек көзі жабық, санасы таяз адамдар мемлекетті қуаттандыра алмайды. Оқудан ажыраған ел тағылыққа қарай беттейді. Меніңше, Президенттің осы сөзі жерде қалмай, міндетті түрде жүзеге асуы тиіс. Жан азығын емес, тән азығын күйттеп кетсек, рухымыз сөнуге айналады.
Сосын, бүгінде көбінің кітапханаға баратын уақыты жоқ. Күні бойы жұмыста. Ал, кешке кітапханалар жабылады. Тәулік бойы есігі жабылмайтын кітапханалар болса, оған оқырмандар ағылады деген сенімдемін, – деді Серік Ақсұңқарұлы.
Жауапты басқармаға өңірдегі кітапханалар қорының ахуалы жөнінде де сауал жолдаған едік. Еркебұлан Жұмакенов қорларды толықтыру жоспарға сәйкес жүріп жатқанын айтты.
– Қарағанды облысы кітапханаларының қоры 4 млн. 640 мың 756 дананы құрайды. Оның ішінде 4 млн. 472 мың 803 данасы кітап, 167 мың 953 данасы мерзімді басылымдар. Соңғы 2 жылда кітапханаларға бюджет қаражатынан 64 мыңнан астам кітап сатып алынды. Мәселен, 2022 жылы – 36 868 дана, 2023 жылы – 27 825 дана, – деді Еркебұлан Жұмакенов.
Кейінгі кезде кітаптарды тиісінше насихаттауымыз тиіс деген пікір жиі айтылып жүр. Еркебұлан Жұмакенов оқулықтарды дәріптеу шаралары бір ізге түскенін мәлімдеді.
– Ол үшін кітапхананың сайты, әлеуметтік желілер арқылы жаңадан түскен кітаптарға бейне роликтер жасалып, шолулар өткізіледі. Жарыққа жаңа шыққан кітаптардың тұсаукесерлері өтеді. Сондай-ақ, кітап қорын насихаттау үшін көпшілік іс-шаралар барысында оқырмандардың назарына кітап көрмелері ұйымдастырылады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz