ЖезқазғанТұлға

Кішілігі кісілігіне ұласқан

1973 жылы Жезқазғанның Қарағандыдан еншісін алып, жеке облыс болып отау тігуіне байланысты қалалық мекемелердің негізінде облыстық басқармалар мен мекемелер, ведомстволар көптеп ашылып, Жезқазғанға бұрынғы Қарағанды облысына қарасты қалалар мен аудандардан, тіпті, республикамыздың түкпір-түкпірлерінен әртүрлі деңгейдегі кадрлар келіп, шоғырлана бастады.

Солардың бірі Қали Жақанов – Жамбыл облысы Сарысу ауданы, Талдыбұлақ ауылында туып, Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында өсіп, мектеп бітіріп, еңбек жолын 1962 жылы осы аудандағы «Дружба» совхозында тракторист болып бастаған. Одан кейін Жаңаарқа аудандық қаржы бөлімінің инспекторы, Жаңаарқа аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің инспекторы және меңгерушісі жауапты қызметтерін атқарды. Еңбек ете жүріп 1975 жылы Бүкілодақтық заң институтын сырттай оқып бітіріп алды.

Білімін үздіксіз жетілдіріп, өмір мектебінен өтіп, тәжірибе жинақтаған Қали Жақанов сол 70-ші жылдардың орта тұсында Жезқазған облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылық қызметке шақырылды. Облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі, облаткомның ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары сияқты жауапты қызметтер атқарады. Ал, Алматыдағы екі жылдық жоғары партия мектебін тәмамдағаннан кейін Жезқазған облыстық партия комитетінің әкімшілік органдары бөліміне нұсқаушылыққа бекітіледі. Одан кейін облыстық партия комиссиясының мүшесі, халық депутаттары Жезқазған облыстық кеңесі президиумының тұрақты комиссиялармен жұмыс жөніндегі бөлім меңгерушісі, облыстық кеңес аппаратының мемлекеттік-құқықтық мәселелері жөніндегі бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ол кезде шынын айтайық, қабілеті мен сауаты аз адамның облыстық партия-кеңес органдары түгілі, аудандық, қалалық органдардың аппараттарында да жұмыс істеуі мүмкін бола бермейтін. Өзінің білімі мен біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруды ережеге айналдырған ол осындай үлкен мектептен өтіп, әбден ысылып, шыңдалып, кемелденген уақытында 1992 жылы Жезқазған облысының Әділет басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. Оны облыс жабылған 1997 жылға дейін атқарып, осы өзі жетекшілік еткен салада елеулі істер атқарды.

Менің Қали Жақановпен таныстығым 70-ші жылдардың шамамен орта кезінен басталып, ал жақын араласуымыз оның осы облыстық басқармасына жетекшілік еткен кезеңге, яғни екеуіміздің облыстық деңгейдегі мекемелерді басқарып, әріптес болған тұсқа дөп келеді. Оның үстіне Қалекеңнің жары Мәкен мен басқарып отырған облыстық телерадиокомитетте журналист болды. Қали Жақанов халықтың құқықтық сауаттылығының кемдігінің орынын толтырудың бірден-бір және бірегей жолы – баспасөз құралдарын, оның ішінде телевизия мен радионы пайдалану екенін жете түсінді. Кішілігі кісілігіне ұласқан басшы азамат журналист қауымымен тез тіл табысты. Телерадиоэфирге өзі де, сондай-ақ, орынбасарлары, басқарманың басқа да жауапты қызметкерлері де телерадиоэфирге жиі шығып тұратын. Қабылданып жататын құқықтық нормативтер жұртшылыққа кеңінен ұғынықты түсіндірілетін.

Жасыратыны жоқ, Жезқазған облысы жабылған кезде әрі-сәрі күй кешкендер аз болмады. Жезқазған облыстық мекемелерінде істеген талай сауатты да іскер мамандарға оңай болған жоқ. Көптеген әріптестері сияқты Қали Жақанов та жылы орнын суытып, қоныс аударуға мәжбүр болды. 1997-2010 жылдары сот төрелігі және соттардың қызметін ұйымдастыру жүйесінде: Ақмола қалалық сотының судьясы, Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы, Ақмола облысы Аршалы аудандық сотының судьясы, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Соттардың қызметін ұйымдастыру департаментінде әртүрлі жауапты лауазымдарда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот әкімшілігі жөніндегі комитеті Астана қаласының әкімшісі болып еңбек етті. Баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету жолында аянбай тер төкті. Өмірін негізінен еліміздің құқықтық жүйесін нығайтуға, адамдардың құқын қорғауға арнады. Байыпты мінезді, нендей істі болсын ақылмен шешуге ұмтылатын, өз мамандығын жетік меңгерген салихалы жан өзінің білімі мен күш-жігерін әділ шешімдер қабылдауға жұмсады.

Әділдікті, адалдықты көздеген, қиянатқа, жалғандыққа төзбеген, үздіксіз ізденіске толы нәтижелі еңбегі болар, бүгінде оның омырауында «Еңбектегі жетістіктері үшін» медалі жарқырайды. Өзіне тән сергек ойлылық, шындықты, шынайылықты, әділдікті жақтаушылық, азаматтық жауапкершілік, мемлекеттік құқықтық және ұйымдастыру жұмысын жетік білуі, үлкен өмірлік тәжірибесі, жан-жақты ой-өрісі қай істе болмасын оны жұршылық алдында құрмет-беделге ие етті. Мағыналы ғұмыр сүрді. Жүріп өткен жолының ұлағатты ізі бар. Зейнеткерлікке шыққаннан бері де еңбектен қол үзген жоқ. 2010 жылғы қарашадан бері Ақмола облыстық адвокаттар алқасының мүшесі. Жетпіс деген кемел жасына кісілік келбетінен аласармай, сымбатты да сындарлы қалыпта жеткен Қалекең қазіргі таңда да өзінің мол кәсіби тәжірибесін іс жүзінде қолданып, Ақмола облысының халқы мен заңды ұйымдарына білікті құқықтық қызмет көрсетуде. Ол көптеген жас адвокаттардың тәлімгері. Ал, Қалекеңнің құдай қосқан қосағы Мәкен болса, Қалидің биік жетістіктерге жетуіне әрқашан қолдау көрсетіп, барлық жағдайларын жасап отырған адал да сүйікті жар. Жезқазған облыстық телерадиокомитетіндегі қаламгерлік тірліктен кейін ол Астанада 20 жылға жуық ҚР Президент әкімшілігінің кадрлық саясат бөлімінде жауапты қызмет істеп, зейнеткерлікке шығып, соның жемісін көріп отырған ана. Балаларынан немерелер сүйіп, соны жұбаныш етіп отырған ардақты әже. Ақеркесі – Қазақ Британ технологиялық университетін, Ердені – Астанадағы Агротехникалық университетті тәмамдап, өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жатса, Сәкені Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүр.

Сәбит БАЙДАЛЫ,

журналист, алаштанушы,

«Құрмет» орденінің,

«Ана тілі» айрықша

белгісінің иегері,

Жезқазған қаласының құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button