Бас тақырып

Кінәлілерге кешірім жоқ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ «Қазақстан» шахтасында апат салдарынан қаза тапқан шахтерлердің отбасы мүшелерімен кездесіп, ауруханада жатқан зардап шеккен кеншілерге барды. Кездесу барысында Үкімет басшысы қаза тапқан кеншілер отбасыларының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. «Сіздердің орны толмас қайғыларыңызға ортақпыз», – деді Әлихан Смайылов.

Арсилормиттал

Жауаптылар жазаланады

Үкімет басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шахтадағы апаттың себептерін егжей-тегжейлі зерттейтін арнайы комиссия құрылғанын атап өтті.

– Жауаптылар тиісті түрде жазаланады. Былтыр да дәл осындай жағдай болған. Ол кезде басшылық қажетті шара қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, инвестиция салуға уәде берген еді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, қайғылы оқиға қайталанды. Қажетті көлемдегі қаражат бөлінбеді. Сондықтан, күн тәртібіне «Бұл компания иесіне қатысты қандай шешім қабылданады?» деген сұрақ қойылды. Қайғылы оқиғалар бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын. Қыркүйек айында материалдар сотқа жіберіліп, кінәлілер, оның ішінде, компанияның топ-менеджменті жауапқа тартылады деп күтілуде. Мұның соңына жететініміз анық, – деді Премьер-Министр.

Қамқорлық қамы

Жүздесу кезінде қаза тапқандар отбасына мемлекет пен жұмыс беруші тараптан ең қажетті қолдау шараларының атқарылатыны мәлімденді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен асыраушысынан айырылу жағдайында берілетін жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.

Бұған қоса қаза тапқандардың отбасына жұмыс беруші компания кеншілердің жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшерінде моральдық зиян үшін біржолғы өтемақы төлеп, жерлеу және еске алу шараларын өткізу шығындарын өтейді.

Кеншілер отбасы тұрғын үйі болмаған жағдайда Қарағанды облысы аумағында пәтер беріледі. Отбасындағы жасөспірімдерді жоғары оқу орнында тегін оқыту қамтамасыз етіледі. Компания отбасы мүшелерін жұмысқа орналастырады әрі ипотекалық несиесін өтейді. Атап өтерлігі, осы міндеттемелер легі «АрселорМиттал Теміртау» АҚ меншік иесі ауысқан жағдайда да жалғасатыны белгіленді.

Премьер-Министр атап өткендей, қазіргі уақытта «АрселорМиттал Теміртауда» халықаралық компанияларды тарта отырып, экологиялық аудит және өнеркәсіптік қауіпсіздік аудиті аяқталуға жақын. Қыркүйекте нәтижесі шығып, тиісті шешімдер қабылданады. Кездесу барысында кеншілер үшін зейнеткерлік жасты төмендету мәселесі көтерілді. Әлихан Смайылов қазіргі уақытта шахтерлерге ертерек – 55 жастан бастап, зейнетке шығуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.

Әлихан Смайылов профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада ем алып жатқан кеншілерге жолықты. Кәсіпорын шахтерлерге еңбекке жарамсыздық кезеңінде орташа еңбекақының 100% мөлшерінде төлем жүргізетіні, дәрі-дәрмек құны төленетінін, санаторий-курорттық ем ұсынылып, тиісті өтемақы өндірілетіні жеткізілді.

– Тезірек сауығып, отбасыларыңызға оралыңыздар, – деп тілек қосты Әлихан Асханұлы.

Арсилормиттал

«АрселорМиттал Теміртау» пайда табуды ғана көздеген

Шахтинск қаласында ПремьерМинистр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «АрселорМиттал Теміртау» АҚның «Қазақстан» шахтасындағы жағдайға қатысты кеңесі өтті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев оқиға хронологиясын жариялады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша апат себебін анықтау жөніндегі арнайы комиссия жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, шахтада жоғалған екі кенші іздестірілуде. Д-6 көмір конвейерінің жанындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасқан. Жұмысқа тау-кен құтқарушыларының төрт бөлімшесі жұмылдырылған.

Ал Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, 2016 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір шахталарында апаттар қатары еш азаймаған. Мысалы, 2016-2022 жылдары аралығында 18 апат орын алып, салдарынан 19 жұмысшысы қаза тапқан. Тағы 45 жұмысшы әртүрлі дәрежеде жарақаттанған. 2021-2022 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында төрт апат тіркеліп, 21 адам зардап шекті. 12 адам қайтқан.

Апат себептерінің сап басында технологиялық процестердіөз деңгейінде ұйымдастырмау, қауіпсіздік талаптарын біле тұра ескермеу, өндірістік бақылаудың тиімсіздігі, негізгі және қосалқы жабдықтардың тозуы тұр.

Биылғы жеті ай қорытындысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір кәсіпорындарында алты рет тексеру жұмысы жүргізілді. Онда 957 өнеркәсіптік қауіпсіздік талабының бұзылуы анықталды. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 55 қауіпті өндірістік нысан мен қауіпті техникалық құрылғы жұмысын тоқтату туралы жеті талап-арыз жолданған. Қазір сот шешімімен 25 нысанның жұмысы тоқтатылған.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев соңғы жылдары «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен өндірісті жаңғыртуға инвестициялар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы шаралар бойынша бірқатар стратегиялық құжаттарға қол қойылғанын хабарлады. Алайда, кәсіпорын өз міндеттемелерін орындамай отыр.

Осылайша, жыл сайынғы пайда тек ағымдағы қызметті қолдауға ғана бағытталады. Мәселен, кокс пештерінің бірқатар батареялары мен химиялық өңдеу цехы апатты жағдайда. Екі жаңа пештің құрылысына келісімшарт жасалмай, пеш қоры бұзылуда. Нәтижесінде бұл өндірістің қысқаруына әкеледі.

Премьер-Министр болған қайғылы оқиға өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заң бұзушылықтармен тікелей байланысты екенін атап өтті.

– Бұл – ең алдымен, кәсіпорын иесінің кінәсі. Олар компания тыныс-тіршілігінен хабарсыз. Салдарынан бірнеше жыл бойы қайғылы жайттар қайталануда. Көріп отырғанымыздай, жұмысшы үшін тиісті қауіпсіздік деңгейі сақталмай, кәсіпорын жұмысының барлық кезеңінде тек пайда табуды көздеген. Ең қайғылысы, адам өлімі жиілеген, – деді Әлихан Смайылов.

Дерек көңіл көншітпейді

Үкімет басшысы атап өткендей, «АрселорМиттал Теміртау» басшылығы қауіпсіз еңбек жағдайын қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен елеулі инвестиция көлемінің бағытталатыны жөнінде әрдайым мәлімдеп келеді. Алайда, орын алып жатқан апаттар мен қайғылы оқиғалар кері көрсеткіш көрсетті.

– «АрселорМиттал Теміртау» нысандарында соңғы 15 жылда 100-ден астам адам қаза тапты. Бұл сан жыл сайын өсіп барады. «АрселорМиттал» халықаралық компаниялар тобындағы әрбір екінші қаза қазақстандық дивизионға тиесілі болып отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, аймақтағы экологиялық жағдай да ерекше назар аударуды қажет етеді. Теміртаудағы барлық зиянды шығарындылардың 88%-ы осы кәсіпорынға тиесілі. Нәтижесінде қала тұрғындарында онкологиялық аурулардың, тыныс алу жолдары ауруларының және басқа да сырқаттардың өсуі байқалады.

– Атап өткеніміздей, кәсіпорын өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу бойынша шаралар қабылдамайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде біз комбинаттың күйреуін ғана көріп отырмыз. Жекешелендіру кезінен бері оның өндірістік көрсеткіштері жартысына дейін төмендеді. Болат шығару көлемі өткен жылы 6 млн. тоннадан 3 млн. тоннаға дейін екі есеге қысқарды. Көмір өндіру төрттен бір бөлікке азайды, – деп атап өтті Премьер-Министр.

Ол сондай-ақ, лонжеронды және электротехникалық болатты, басқа да жоғары маржиналды номенклатураларды шығару бойынша құзыреттерінен айырылғанын айтты. Нәтижесінде жұмыспен қамтылғандар саны 72 мыңнан қазіргі 30 мың адамға дейін қысқарды.

Әлихан Смайылов инвестициялар бойынша міндеттемелер де мәз емес екенін атап өтті. Олар декларацияланып, бірақ орындалмай келеді. 2018 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қарағанды облысының әкімдігі және «АрселорМиттал Теміртау» арасында Кәсіпорынды дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды.

– Инвестициялар 305 млрд. теңге көлемінде мәлімделген еді. Алайда, бұл міндеттемелер орындалмады, – деді Үкімет басшысы.

Арсилормиттал

Кесім

2021 жылы 3 млрд. доллардан астам сомаға Жаңғыртуға инвестициялар құю туралы келісімге қол қою жоспарланған еді. Алайда, компания тек 1 млрд. долларлық жоба ұсынды.

– Іс жүзінде бұл қаражат ағымдағы жөндеуге бағытталып, жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді инвестиция емес еді, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр апатты тез арада жою жөнінде жедел шаралар қабылдау, оның себептерін жан-жақты зерттеу және осы қайғылы оқиғаға кінәлілерді анықтау қажеттігін атап өтті.

– Қарағанды облысының әкімдігі «АрселорМиттал Теміртаумен» бірлесіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіп, оның ішінде асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы мен әлеуметтік төлем тағайындап, жерлеу шараларына қаражат беру, жұмыс беруші есебінен қаза тапқандар отбасына үй алып беру және моральдық зиянды өтеуді қамтамасыз етуі керек, – деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button