«Кінәлілер жазалануы тиіс»
Қарағандыда Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Қырық алты кеншінің өмірін қиып, жиырма сегізін мүгедек еткен апатқа кінәлі деп танылған 10 адам сот алдында. Оның тоғызына «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, біреуінен ешқайда кетпеу түріндегі қолхат алынған. Сот отырысына мемлекеттік айыптаушылар, жәбірленушілер, олардың өкілдері, сотталушылар және олардың қорғаушылары қатысты. Резонанстылығына байланысты Бас прокуратураның өзі тергеп-тексерген қылмыстық іс 106 томнан тұрса, жәбірленушілер саны – 74. Қылмыстық іс қатысушылар санының көптігіне байланысты сот залында емес, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің № 61 мекемесінде, яғни, тергеу изоляторында өтуінің себебі де – осы.

Тергеу изоляторындағы сот отырысы үш сағатқа созылды. Жарылыс кезінде қаза тапқан кеншілердің фотосуреттерін өздерімен бірге алып келген туыстары сот залында эмоцияға берілмей, салқынқандылық таныту қажеттігіне қарамастан, көз жастарына ерік берді. Олардың бірқатарлары сотқа өздерін жәбірленуші ретінде тануға өтінішхат берген. Себебі, оқиғадан кейін әуелде жәбірленуші ретінде танылған туыстары қайғы салдарынан денсаулықтары сыр беріп, сот отырысына келуге жарамай қалған. Одан бөлек, Әлихан Бөкейхан аудандық сотының судьясы Бақтияр Ақанов айыпталушылардың қорғаушылары ұсынған бірнеше өтінішхатты қарастырды.
Жалпы, қылмыстық істі тергеп-тексеру қорытындысы бойынша шахта басшылығы мен инженерлік-техникалық персонал арасынан 10 адам Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі бойынша айыпталуда. Яғни, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу. Бұл баптың санкциясы белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Бірақ, адвокаттар қорғалушыларының күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен келіспейтіндігіне байланысты оларды үй қамағына жіберу туралы өтінішхат білдірді. – Мұнда отырған айыпталушының қылмыскерлер емес. Олар қоғамға қауіп төндірмейді. Әлбетте, қайғылы жағдайдың ауыр зардаптарға әкелгенін түсінемін. Бірақ, мен оларды күзетпен ұстау дұрыс емес деп санаймын. Сондықтан, бұлтартпау шарасын кепілге немесе үй қамағына өзгертуді сұраймын, – деді адвокат Ахат Ликеров. Әріптестерінің бұл өтінішхатын сотталушылардың басқа қорғаушылары да қолдады.
Бірақ, жәбірленуші тарап бұл өтінішхатпен келіспейтіндіктерін білдірді сотқа. «Жақындарымыздың өмірі қыршынынан қиылды. Ал, бұлар болса, ештеңе болмағандай. Біз олардың қамауда отырғанын талап етеміз, – деді қаза тапқан кеншілердің туыстары сот залында.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Әділ Садықов та өтінішхатпен келіспейтінін білдірді. Себебі, айыпталушылардың қылмысын жеңілдететін мән-жайлар жоқ.
Қайтыс болған кенші Сергей Киселевтің қызы Алена Парамонова да өз наразылығын білдірді.
– Бізді, яғни, жәбірленушілерді «қанға – қан, жанға – жан» сұрағандай кінәлауда. Бірақ, біз тек қана әділеттілікті талап етеміз. Кінәлілер тиісті жазасын алуы керек. Болған жайтқа олардың кінәсі бар. Себебі, шахта басшылығының жұмысқа қажетті қарапайым құралдардың өзін беруден бас тартқан кездері болғанын естігенбіз, – дейді ол.
Одан бөлек, айыпталушы тараптың адвокаттары бұлтартпау шарасын «үй қамағына» өзгерту туралы өтінішхат берудің тағы бір себебі ретінде бұған дейін дәл осындай іске қатысты айыпталушылар күзетпен ұстауда болмағанымен уәждеді.
– Бұған дейін шахтадағы жарылысқа қатысты істі тергеп-тексеру барысында айыпталушылардың қамауда отыруы Қарағанды облысында болған емес. Сондықтан, оларды үй қамағына шығаруды сұраймыз, – дейді қорғаушылар.
Судья Бақтияр Ақанов адвокаттардың өтінішхаттарын қанағаттандырудан бас тартты. Себебі, адвокаттар қылмыс ауыр санатқа жатпайды дегенмен, талай адамның өмірін қиып, ауыр салдарларға әкелген.
Іс бойынша негізгі сот талқылауы 12 наурызға белгіленді. Ол да тергеу изоляторында өтеді.
Айта кетейік, тергеп-тексеру деректері бойынша, Костенко шахтасында болған қайғылы оқиғаның себебі – тау-кен жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»