Әкіммен ашық әңгіме
Келер жылдың ортасында «Қарағанды-Балқаш» күрежолының құрылысы аяқталады. Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларында газ желілерінің құрылысы тәмамдалуға жақын. Үш жыл ішінде үш жүзге жуық мектеп жөндеуден өтеді. Кеше аймақтағы журналистер қауымымен кездескен облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК осы және басқа да мәселелер туралы кеңінен сөз қозғады.
– Пандемия кесірінен көптен бері бетпе-бет жүздесе алмадық. Дегенмен, мен сіздер көтерген мәселелерді үнемі назарда ұстадым. Бүгін, міне, жеке отырып, сұхбаттасудың сәті түсіп отыр. Сондықтан, бүкпесіз әңгімеге шақырамын, – деді аймақ басшысы сөз басында. Емен-жарқын әңгіме өрбіген отырыс екі сағатқа созылды. Сан түрлі мәселе қаузалып, көңілдерді күпті қылған проблемалар ортаға салынды. Біз қоғам үшін өзекті деген бірқатарына тоқталғанды жөн көрдік…
Көптің көңілін алаңдатқан тақырыптардың бірі – коронавирус. Қарағанды облысы «сары» аймақта. Кесел әлі де аяғын тартқан жоқ. Сәйкесінше, облыстың денсаулық сақтау саласы індетті өршітпеуге күш салуда. Вакцина алуы тиіс облыс тұрғындарының 62,5 пайызы толық егілді. Медициналық мекемелердің де әзірлігі ойдағыдай. Ауруханаларда 3214 төсек орны бар. Бірақ, олардың 18-19 пайызында ғана науқастар ем қабылдауда. 288 мобильді емханалық бригада, яғни, 864 медицина қызметкері кеселмен күресуде. Техника жеткілікті. Госпитальдар 25 компьютерлік томографпен, 40 сандық рентген-аппаратпен, 364 ӨЖЖ-мен жабдықталды. 26 госпитальда 1160 оттегі жеткізу орны бар. Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларындағы екінші газ желілерінің құрылысы аяқталмақ. Сонымен қатар, Саран қаласына да тартылады. Бұдан бөлек, келесі жылы көктемде Жаңаарқа, Осакаров аудандары мен Шахтинск қаласында газ желісі құрылысы басталады. Үстіміздегі айда тұрмыстық газдың тарифі анықталады. Ел астанасында газдың бір текше метрі 38,9 теңге тұрады. Қарағанды тұрғындарына ұсынылатын газ құны да осы соманың деңгейінде бекітілуі жоспарлануда. Елдің ойында жүрген көп мәселенің бірі – жол. Шыны керек, кейінгі жылдары облыс көлемінде жол құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Қарағандыдағы Маркс-Магнитогорск көшесіндегі жөндеу жұмыстарына қатысты көпшіліктің тарапынан түрлі пікірлер туындағаны рас. Бүгінде бұл жолдың басым бөлігі қолданысқа берілді. Қалаішілік жолдан өзге республикалық, облыстық маңыздағы жолдарда да ауқымды жұмыстар қолға алынды.
– 1500 шақырымнан астам жол жөнделді. «Қарағанды-Балқаш» күрежолы келесі жылдың ортасында қолданысқа беріледі. Бұл аралық – 363 шақырым. «Балқаш-Бурылбайтал» аралығындағы 150 шақырымдағы жұмыстар да жалғасады. Жылдың соңына дейін салалық министрлік жаңа жол жабындысы бойынша қозғалысты ашуды жоспарлап отыр, – деді әкім. Бұдан басқа, «Қарағанды-Қарқаралы», «Қызылорда-Жезқазған», «Жезқазған-Қарағанды» және «Жезқазған -Арқалық» – жалпы ұзындығы 1150 шақырым болатын республикалық жолдарды жөндеуге дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қоғамдық көлік мәселесі де журналистер назарынан тыс қалған жоқ. Кейбір бағыттардағы автобустардың саны кеміп, енді бір бағыт мүлде жоғалған. Облыс әкімі бағыттардағы автобус тапшылығын жою бағытында жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Автобус паркі жаңартылады. Қарағандылық тасымалдаушылар Саран зауытының 40 автобусын сатып алды. Теміртауда «СемАЗ» ЖШС зауытының «Донфенг» марклы жаңа автобусы маршрутқа шықты. Жезқазған мен Саран қалаларына 42 автобус жеткізіледі. Ал, бағыттарды жандандыру мәселесін өзімнің назарымда ұстаймын, – деді әкім.
Жаһан көмірсутегінен бас тартып, сарқылмас энергия көздеріне бет бұрды. Әлемдік экологияға қауіп төнгендіктен, әрине. Қарағанды облысында бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жобалар жолға қойылды. Мәселен, бүгінге дейін баламалы энергия қуатын өндіретін 8 жоба іске қосылды. Бұл станциялардың қуаты 228 МВт-ты құрайды. Балқашта 100 МВт-тық күн электр станциясы тұрғызылуда. Қарағандыда 4 МВт-тық биоэлектр станциясы салынуда. Саранда да станция тұрғызу жоспарда бар. Облысты энергиямен толық қамтуға жеткіліксіз. Десек те, алға басқан қадам бар. Білім беру саласы журналистер тарапынан қозғалған маңызды тақырыптардың бірі болды. Тілшілер қауымы мектеп тапшылығына назар аударды. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін облыста 17 мектеп салынуы қажет. Қазір 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 3-уі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, ал, біреуі инвестор есебінен тұрғызылуда. Ауыл мектебіне келсек, осы уақытқа дейін 166 мектепке жөндеу жасалыпты. Ал, алдағы үш жылда тағы 299 мектептің сәні кіреді. Сонымен қатар, кездесуде баспанамен қамту, мәдениет саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, Қарағанды қаласы маңынан ипподром салу, журналистер мәртебесін көтеру, туризмді дамыту және коммуналдық салаға қатысты сауалдарға әкім тұшымды жауап берді. Және кейбір мәселелер бойынша күнделікті жұмыс режимінде тереңдете жауап беретінін жеткізді.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.
Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.