Облыс әкімінің жұмыс сапары

Әкім ескертуі ескерілуі тиіс

Қарағанды облысында биыл қолданыстағы 1 500 шақырымнан астам жол жөндеу көрді. Оның ішінде, 674 шақырым республикалық маңызы бар жолдар. Сондай ірі учаскелердің бірі – Қарағанды-Балқаш тас жолы. Бұл тас жолды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жол жұмыстарының барысын облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ төрағасының орынбасары Талғат СМАҒҰЛОВ тексерді.

Бүгінде ұзындығы 363 шақырым Қарағанды-Балқаш жолында жұмыстар тәулік бойы жүріп жатыр. 1 400-ге жуық адам мен 687 арнайы техника жұмылдырылды. Кей жерлерде төрт жолақ бойымен көлік қозғалысы ашылды. Бұл – 170 шақырымнан астам жол бөлігі. Қалған учаскелер бойынша екі жолақпен жүруге болады. Өткен жылмен салыстырғанда айналып өту жолдарының саны айтарлықтай қысқарды. Бұған дейін мұндай айналма 92 болса, қазір 15. Бүкіл тас жол бойында айналма жолдар жалпы 25 шақырым. Алайда, мердігердің құрылыс мерзіміне қатысты уәдесі сақталмауда.

– Құрылыстың мәлімделген мерзімдерінен кешігіп келесіздер. Жүргізушілердің айналма жолдарға қатысты шағымдары көп. Өзім де жүріп өттім. Бәрін көріп отырмын. Уақытша айналма жолдарда автокөліктің қауіпсіз жүруі және үздіксіз қозғалысы үшін пішіндеу және шаңсыздандыру бойынша жұмыстарды жүзеге асыру қажет. Бұл орайдағы жұмыстарыңыздың сапалылығын байқамадым. Жүргізушілердің қауіпсіздігі туралы да ұмытпаған жөн, – деді Жеңіс Қасымбек.

Мердігерлер өз кезегінде жағдайды түзетуге уәде берді. Сондай-ақ, құрылыс материалдарының бағасы бірнеше есе көтерілгенін атап өтті. Осыған байланысты кейбір қаржылық қиындықтарға байланысты учаскелерде кешеуілдеулер орын алған. Шарт бойынша жол құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Бүгінде 10 көпірдің 5-і, 330 су өткізу құбырының 310-ы салынды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button