КездесуҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Әкім қабылдауында – спорт саңлақтары

Қарағанды спорты тұғырынан тайған емес. Өңірімізден жылда әлем чемпиондары шығып, облыс абыройын асқақтатып жүр. Биылғы жылы да саңлақтарымыз топ жарып, толағай табыстарға жетті. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында биыл олжалы болған үздік боксшылар мен балуандар және жаттықтырушылармен кездесіп, қаржылай сертификат табыстады.

Кездесуге ұлттық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олардың жаттықтырушылары, сондай-ақ, спорт мектептері мен федерация басшылары қатысты. – Қарағанды облысы – ұлы спортшылардың ұстаханасы. Олардың есімдері елге ғана емес, әлемге де танылды. Тәуелсіздік жылдарында біздің жеті спортшымыз әлемдік жарыстардың жеңімпаздары – олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері атанды. Ең алдымен спортшы тәрбиелеуде маңдай терін төккен жаттықтырушыларға алғысымды білдіргім келеді. Елдің намысын қорғап жүрген боксшылар мен балуандарымыздың жарқын жеңістері біз үшін үлкен мәртебе, – деді аймақ басшысы.

Иә, Қарағанды спортының қарашаңырағына айналған Ә.Молдағұлова атындағы мамандандырылған мектеп-колледж интернатында және Жоғары спорт шеберлігі мектебінде 3000-ға жуық өрендеріміз бокспен шұғылданады. Оның ішінде 21 былғары қолғап шебері ұлттық құрама сапында. Балуандарымыздың да бәсі биік. Қарағандыда 2600 спортшы бозкілемде жаттығады. Ұлттық құрамаға 48 жерлесіміз мүше саналады.

– Бүгінгі таңда қарағандылық спортшыларсыз өтетін бокс немесе күрес бойынша бірде-бір ірі жарысты елестету мүмкін емес. Спортшыларымыз үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Біздің міндетіміз – бұл деңгейді сақтап қалу емес, сонымен қатар әрі қарай дамыту. Күрес пен боксқа әрқашан көп көңіл бөлініп келеді, әлі де бөлінеді, – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары және облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі мен бок федерациясының президенті Асылбек Дүйсебаев.

Бокстан өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов қолдау көрсеткен аймақ басшысына шынайы ықыласын жеткізді.

– Жақында біз Сербияда өткен әлем чемпионатында болдық. Екі алтын, екі күміс және қола медальмен оралдық. Командалық есепте екінші орын алдық. Осы еңбегімізді елеп, қолдау көрсетіп жатқан өздеріңізге үлкен алғыс білдіремін. Елдің намысын қорғап, туымызды биікте желбіретіп келсек, ел боп мерейімізді үстем етіп жатасыздар. Шынайы жанашырлықтарыңызға рақмет. Әлі де облысымыздың есімі әлем біріншіліктерінде жиі айтылатынына күш салатын боламыз, – деді Абылайхан Жүсіпов.

Марапаттаудан кейін әкім мен спортшылар арасында бейресми әңгіме өрбіді. Аймақ басшысына сауалдарын қойып, жоспарларымен бөлісті. Кездесу соңында Жеңіс Қасымбек спортқа әрі қарай да ерекше көңіл бөлінетінін айтып, спортшыларға жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тіледі.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Суретті түсірген Р.ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button