Киіз үй кейпіндегі генератор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасының мақсаты – адамдарға қолайлы орта қалыптастыра отырып, экологияны жақсарту. Осы орайда «Жасыл» экономиканы дамытудағы басымдықтардың бірі – жаңартылмалы энергия көздері екені белгілі. Электр энергиясын алудың шығыны аз болғандықтан да экологиялық таза көздерін табу өзекті мәселеге айналды. «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары желді жан-жақтан ұстайтын генератор жобасын ойлап шығарды.

АҚШ-та өткен робототехника чемпионатында «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары ел тарихында алғаш Champions Award басты жүлдесінің 3-орнына қол жеткізіп, қола медаль жеңіп алды. Талантты оқушылардың желді жан-жақтан ұстайтын генератор жобасы энергия тақырыбындағы өзекті мәселелердің инженерлік шешімін әрі үйлесімін тапты. Оқушылардың айтуынша, жел электр станциясы қолданысқа енсе, өндіріске, әрі ауылдағы шаруашылыққа тиімді болмақ.
– Инновациялық генераторымыз қазақтың киіз үйі іспетті. Конус пішінінің арқасында желді жан-жақтан ұстайды. Ауылдық жерде, әсіресе, елдің солтүстігінде қатты жел тұрса, ескі магистральдық желілер істен шығып қалады. Біздің жоба жеке сектор мен ауылдық аудандарда электр энергиясының үзілу мәселесін шешуге бағытталған. Сол табиғи құбылысты пайдалы механизмге пайдалануды көздедік.
Жобаны бұрыннан бар көп жүзді ротордың негізінде жасадық. Бізде «жел диірменінің» бірнеше нұсқасы болды. Төртбұрыш, дөңгелек тәріздес түрлерінің барлығын тәжірибеден өткіздік. Тиімділігін желдің жылдамдығына байланысты қозғалысына қарай есептедік, – дейді команда инженері Санжар Сәрсембаев.
Санжардың айтуынша, статистикалық мәліметтер еліміздің кейбір аудандарында желдің орташа жылдамдығы қалыпты жағдайда секундына 6 метрге дейін жететіндігін растайды. Демек, Қазақстанның жел-энергетикалық әлеуеті жылына 929 млрд. КВт-ты құрайды. Сол себептен, жердің бетінен үлкен биіктікте соғатын жел энергиясын пайдаланған тиімді.
Қондырғылар станция, жел қуатын пайдалану нәтижесінде электр энергиясын өндіріп, оған қажеттілікті толық өтейді. Ауыл маңындағы өндіріс ошақтары мен жылыжайлардағы электр қуаты тапшылығын жояды.
Оқушылар жобаларын қарағандылық металлургия кәсіпорнының инженерлеріне таныстырған. Жобаға мемлекеттік университеттердегі ғалымдар оң баға беріпті.
– Чемпионатқа әлемнің 20 елінен 700-ден астам оқушы қатысты. Жарты жылдан астам уақыт дайындалсақ та, үш күндік жарыс біз үшін өте қызықты болды. Алғашында қобалжығанмен, ішкі қорқынышты жеңіп, қабілетімізді көрсете алдық. Роботтар ойынында көшбасшылар қатарынан көріндік, – дейді қатысушылардың бірі Акбар Ермеков.
Жарыста қазақстандық оқушылар MIT, Boston University және Harvard секілді беделді оқу орындарының инженерлік факультеттеріне барып, профессорлармен жеке танысқан.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, жел мен күн, су энергиясы секілді сарқылмайтын энергия көздерін қолданысқа енгізу – маңызды. Оның ішінде, жел энергиясы табиғат балансын сақтауда аса тиімді. Оқушылар алдағы уақытта жаңа жобаны жеке кәсіпкерлер назарына ұсынбақ.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz