Киелі сахнаның кемеңгері

Қазақ Ұлттық театр және кино өнерінің бірегей тұлғасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалұлы Кемалов 68-ге қараған шағында өмірден өтті. Қайрат Кемалов 1958 жылы Ұлытау облысының (бұрынғы Жезқазған) Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде туған.
Ол 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясын драма театр актері мамандығы бойынша бітіргеннен бері театр мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында актер болып қызмет етсе, ғұмырының соңына дейін С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында жемісті еңбек етті. Қазақ кино өнері саласында да өзіндік қолтаңбасын қалдырып, шеберлікпен сомдалған Керей хан образы үшін «XXI ғасырдағы қазақ ханы» атанды.
Жарты ғасырдай театр сахнасында қызмет еткенде жарқыраған рөлдері: Ғабит Мүсірепов «Ақан Сері» – Ақан, Сәкен Сейфуллин «Қызыл сұңқарлар» – Еркебұлан, Уильям Шекспир «Отелло» – Отелло, Шерхан Мұртаза «Домалақ ана» – Бәйдібек би, Мұхтар Әуезов «Абай» – Абай, «Айман-Шолпан» – Арыстан, Мирза Ахундов «Мусье Жордан» – Масталишах дәруіш, Жолтай Әлмашұлы «Сәкеннің соңғы сапары» – Сәкен, Мар Барджиев «Ғашықтың тілі» – Мұқамбет және тағы басқа кейіптеген бейнелері көрермен көкейінде.
Кино саласында: Смағұл Елубай «Ақ боз үй» – би Пахраддин, Рүстем Әбдірашев «Қазақ хандығы» – Керей хан образдары таспаланған мәңгілік бейнелер.
2009 жылы ХVII Республикалық фестивальде Абай рөлін сәтті шығарғаны үшін (М.Әуезов «Абай») Гран-при жүлдесіне ие болды.
2017 жылы Кинематография саласындағы «Тұлпар-2017» ұлттық сыйлығымен марапатталды. Режиссер Р.Әбдірашевтің «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильміндегі Керей хан рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» жүлдесін жеңіп алған.
2023 жылы Түркияның Борсу қаласында өткен «Қорқыт Ата» Халықаралық Түркі әлемі кинофестивалінде, «Ақ боз үй» көркем фильміндегі Пахраддин рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен, Африканың Камерун қаласында өткен Халықаралық кинофестивальде «Ақ боз үйдегі» осы рөлі тағы да «Үздік ер адам рөлі» жүлдесімен марапатталды.
2024 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекетіміздің мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталған Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, киелі сахнаның кемеңгері, әріптестің алғыры Қайрат Кемалұлы ағамыздың көркем бейнесі мәңгілік жүрегімізде сақталады.
Бақұл бол, қайран аға! Театрымыздың тірегі, ұлттық өнеріміздің жүрегі – Сіз мәңгі жасайсыз!
Құрман Қалымов,
театр басшысы және С.Сейфуллин атындағы Қарағанды
облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы