Рухани жаңғыру

Киелі үңгір көрікті кейіпке енді

Республикалық «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасы бойынша еліміздегі киелі жерлердің мәдени-географиялық белдеуі түзілді. ҚР Ұлттық мұражайының «Киелі Қазақстан» орталығы Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі объектілерінің тізімін анықтады. Бұлар – ұлттық бірлік пен қайта өрлеудің символы ретінде бағаланатын және қазақ халқының жадысында ескірмес құндылыққа айналған ерекше құрметке ие орындар. Қасиетті ескерткіштерге ел тарихындағы орны ерек таулар, үңгірлер, өзендер, шатқалдар секілді табиғи-ландшафтылы объектілер, ежелгі қалалар, ерекше табиғи құбылыс орындары және халқымыздың рухани дәстүрлерінің негізін құрайтын тағзым ету орындарына айналған табиғи мәдени және тарихи мұралар жатады. Қасиетті орындардың республикалық картасына Шарын шатқалы, Хан Тәңірі шыңы және өзге де тоғыз киелі табиғи мұралар қатарында сегізінші номермен «Бектауата тауы және үңгірі» енді.

Бектауата табиғаты аса ерекше, колоритті мекен болып табылады. Бұл таулар Қазақстанда орналасқанымен, аты алыс-жақын шетелге мәлім. Туристерге ғана емес, ем мен шипа іздеген талай жұртқа жақсы таныс. Жергілікті халық бұл тауларды кие тұтады. Ықылым заманнан бері қазақ халқы мұнда ауруына шипа тілеп, дұға жасап, түнеуге келген. Сонымен қатар, бала сүюге зар болған әйелдер де осында келіп, зиярат еткен. Бектауата үңгірінен ағатын су қайнары шипалы саналады. Ал, көмекке зәру халық міндетті түрде сұрағанын табады деп есептеледі. Былтыр, Еріктілер жылында Ақтоғай ауданы Шашубай кентінің мектеп-балабақша кешені базасындағы тірек мектебі ұжымы қасиетті Әулиеата үңгіріне қажетті тазалық жұмыстарын жүргізуді ұйғарды. Бұл белді бекем бууды қажет еткен шаруа болды. Алда күтіп тұрған шаруа оңай емес еді. Үңгірдің іші мен оны қоршаған тау-тастар сонау өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін әртүрлі шимай-шатпаққа толып, бояу мен сырдың астында қалған еді. Бірақ, шашубайлық ұжым көздеген мақсатқа жетуді мызғымас меже етіп алды.

Ісіміздің негізіне функционалдық сауаттылықты, интернет кеңістігін, практик мамандардың кеңестерін және тікелей үңгір ішінде жүргізілген көптеген тәжірибелік эксперименттер апробациясын қосып, іске кірістік. Дайындық кезеңі үш айды құрады.

Әулиеата үңгірін тазалау жұмысы бес ай жүргізілді: 2020 жылдың тамыз, қыркүйек, қазан айлары және 2021 жылдың сәуір, мамыр айлары. Демалыс күндері де, мереке күндерінде де біздің ер-азаматтарымыз жүректің қалауымен, ниеттің адалдығымен Бектауатаға барып, үңгірді тазалады. Үңгірге бір көтерілгенде 100 бір реттік және екі тұрмыстық оттегі баллонын, дизельдік жанармайда жұмыс істейтін мини-автономды генераторлық электростанцияны, электрощёткалар мен кескіштерді, өрт сөндіру сатыларын, туристік жабдықтар мен арқандарды, отпен жұмыс жасаудағы жеке қауіпсіздік құралдарын, құрылыс инвентарын, осыған қоса әрқайсының арқасында жеке рюкзакты арқалап шығады. Уақыт бойынша тауға көтерілу – сағат сегізде, ал оттегінің бар көлемін пайдаланып болып, бар жұмыс көлемін орындап, лагерьдің базасына төмен түсу сағат 16.00-да. Осылайша, бес ай бойы. Міне, шашубайлық азаматтар қажымас қайраттың үлгісін көрсетті. Мұғалімдер өз қолдарымен Әулиеата үңгіріне барар жолдың бойында үш тілде, мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ақпараттық баннер орнатты.

Олар барша елімізге, тіпті, бар әлемге дерлік өздерінің ұлттық дең гейдегі ауқымды патриоттық жобасын көрсете білді. Қоғамдық сананы жаңғырта отырып, біз заманымыздың жылдам өзгеріп жатқан жағдайына бейімделе білдік. Бізді қоршаған адамдар мен оқушыларымыз шынайы өмірде туған жерге деген, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне деген сүйіспеншіліктен шынайы патриотизмді көре алды. Біз өзіміздің қазақстандық мәдени-генетикалық кодымызды іс жүзінде сақтаймыз.

Акция барысында бізбен қатар әлеуметтік серіктестеріміз болды. Жеке кәсіпкерлер – Ж.Мырзабеков, М.Қалиев, П.Мозговой, М.Жайсанов, А.Төкенова, А.Қалиев, К.Утенова, Н.Өтебаев, Н.Қалиева, Е.Смирнов көп көмектесті. Сонымен қатар, бізбен бірге әріптестеріміз – Приозерск қаласының №№1, 2 мектептерінің директорлары К.Алтынбекова және П.Жұмаханова, Балқаш қаласының №8 мектебінің директоры А.Төкейбекова өз ұжымымен осы іске атсалысты. Оларға осындай игі шараларда бір команда болып, үнемі жанымыздан табылғандары үшін алғысымды айтамын.

Үстіміздегі жылдың 6 тамызында, қасиетті жұма күні, біз үңгірді тазалау жұмыстарын ресми түрде тәмамдадық. Аталмыш акция туралы естелік тақтасын салтанатты түрде құрметті қонақтар, Ортадересін ауылдық округінің әкімі С.Қырқруов, Ақтоғай аудандық білім бөлімінің басшысы С.Жүнісов, Бектауата тау шатқалындағы шаруа қожалығының қожайыны Е.Мұстахаев ашты. Шашубай кентінің имамы, мектебіміздің түлегі Асылхан құран оқыды. Акция туралы экскурсты мұғалімдер Д.Шәйірбеков пен К.Түсіпбек жүргізді. Айлар бойғы жұмыстың нәтижесіне көңіліміз толып, көзіміз тойды.

Бектауата шатқалының жергілікті ақсақалдарына, әлеуметтік серіктестерге және құрметті қонақтардың иығына дәстүр бойынша шапан мен қамзол жабылды. Ас барысында берілген бата міндетті түрде орындалады. Себебі, ол туған өлкедегі киелі мекенде берілді.

Бұл – біздің Отанымыздың 30 жылдығына орай жасалған 30 игі істің бірі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы іс жүзінде жүзеге асуда. Барлығымыз бірігіп, қоғамдық пікірді өзгертуге тырысып, болашаққа қадам жасайық.

А.ТУКБАЕВА, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Back to top button