Киберқылмыс: жем болмаудың жолы – сауаттылық
Бүкіләлемдік ғаламтор қарым-қатынас құралы ретіндегі әлеуметтік желі, түрлі форумдар мен блог жүргізу ғана емес. Дәл осы жерде орайын тапсаңыз, мол ақпарат алумен қатар, қомақты ақша тауып, табыс көзіне де айналдыруға болады. Ал, көп ақша жүрген жер алаяқтың назарынан тыс қалмасы анық. Күн сайын интернет пайдаланушыларды сан соқтырудың түрлі айла-тәсілдерін ойлап табатын олар «алданбаймын» дегеннің өзін алдап соғып, тақырға отырғызып кетіп жатқанына күнде куәміз. Сақ болуды ескертіп, деректерді үшінші тарапқа ұсынбауды қайталап айтып, зар қақсаған құқық қорғау органдарының ескертулеріне қарамастан, киберқылмыскерлер де, алаяқтық түрлері де азаяр емес. Оған себеп біреу ғана – ескертуді елемеу. Ал, алданғандардың түпкі мақсаты – жеңіл жолмен ақша табу. Жыл сайын мыңдаған адам қаржы пирамидаларының құрбанына айналады. Мәселен, бүгінгі таңда облыстың экономикалық тергеу департаменті үш мыңнан астам салымшысы бар 24 қаржы пирамидасын жойды. Салымшылардың жартысынан көбі – облыс тұрғындары. Бірақ, тегін олжаға кенеле қою қиын екенін ескерсек, алаяққа алдану да азаяр деген үміт бар.
Алаяқтық азаймай тұр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында интернет алаяқтыққа ерекше ден қойып, құқық қорғау органдарына тиісті тапсырмалар береді. Биылғы «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда екенін айтқан болатын. «Қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр» деген ол құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс екенін тағы қайталады.
Сондай-ақ, Президент мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажеттігін де ескертті. Мұның бәрі азаматтарымыздың әр түрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік бермек.
Қарағанды облысы бойынша тіркелетін интернет алаяқтық та жыл сайын ұлғайып келе жатқанын көрсетеді статистикалық деректер. Мәселен, 2023 жылы 2 542 қылмыстық іс тіркелсе, биылғы сегіз айда бұл көрсеткіш 2 221-ге жеткен. Бұның 1 405-і – Қарағанды қаласына тиесілі. Бір айта кетерлігі – облыстың полиция департаментінің дерегі бойынша биыл облыс орталығында жасалатын алаяқтық саны 21 пайызға төмендеген.
– Интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрлері мен әдістерінің бірі – хабарландырулар бойынша тауар немесе қызметтер үшін алдын ала төлем жасауды сұрау. Одан бөлек, спорттық ставкаларға, жобаларға, инвестицияларға тиімді инвестиция салуға үндеу де алаяқтықтың бір түрі. Жалған номерлерді пайдаланып, «Halyk Bank», «Forte Bank», «Jusan Bank», «Kaspi bank» Call-орталықтарынан да хабарласады. Кейінгі кезде Instagram, WhatsApp сияқты әлеуметтік желілерді бұзып, контактіде сақталғандар абоненттерден ақша сұрау, тіпті, жиілеп кетті, – дейді Қарағанды қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бастығы Бауыржан Омаров.
Қоңыраудың бәрі ресми емес
Криминалист Бауыржан Омаров қылмыстың негізгі бөлігі банктен жалған қоңырау шалу арқылы жасалатынын айтады. Алдымен, алаяқтар қоңырау шалып, шоттағы күдікті операциялар туралы хабарлайды. Мазасызданған адамның абдырап қалуын қылмыскерлер өз пайдасына жаратады. Мамандар дәл осы кезде адам психологиялық манипуляцияларға оңай түсетінін айтады. Алдамшы «банк қызметкерлері» немесе «Ішкі істер министрлігінің», «Ұлттық қауіпсіздік қызметінің», «прокуратура органдары» клиентке қауіпсіздік үшін «сақтандыру шотына» қаражат аударуды ұсынады. Ақшаны ұрлаудың алдын алу үшін жеке деректерді жіберу қажеттілігіне сендіреді.
Сондай-ақ, «Қазақстан ұлттық банкі» де кейінгі кезде телефон алаяқтарының белсенді бола бастағанын ескертіп, үндеу жариялады.
– Қаскөйлер өздерін коммуналдық қызметтердің немесе ұялы байланыс операторларының қызмекерлері ретінде таныстырады. Сөйтіп, ұялы байланыс операторының сим-картасын немесе коммуналдық есептеу құралының пайдалану мерзімі аяқталғаны туралы қоңырау шалып, оны ұзарту керектігін ескертеді. Телефонмен әңгіме кезінде электрондық кезекке тұруға болатынын айтады. Алаяқтар, ұялы телефонға келген хабарламаны өзіне жіберуді, қосымшаны жүктеуді немесе мессенджердегі жаңа функцияларды іске қосуды сұрайды. Ал, телефонға қосылып алғаннан соң ақша жымқыру оңай, – дейді ҚҰБ Қауіпсіздік департаментінің бас маманы Берікжан Жоламан.
Одан бөлек, «Қарағанды Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де тұтынушыларға ескерту жасады. «ЖШС атынан тұтынушыларға пайдалану мерзімі өткен электр энергиясын есептеу құрылғыларын алмастыру мақсатында қоңыраулар түсуде. Қоңырау шалғанда 1414 номерінен келетін төрт санды айтуды сұрайды. Жеке деректер мен кодтарды ешкімге хабарламаңыздар. «Қарағанды Жарық» ЖШС тұтынушылардан смс-код сұрамайды!» делінген хабарламада.
– «Қазпоштадан» екенін айтып, қоңырау шалған адам маған сәлемдеме бар екенін айтты. Бұл ретте мекенжайыма жеткізілетінін, жеткізу қызметінің ақысы төленгенін де жеткізді. Мен ештемеге тапсырыс бермегенімді айтқанда, таныстарымның біреуі жіберген шығар деп, «1414» номерінен хабарлама келгенде, кодты хабарлау керектігімді айтты. Әдетте, ресми хабарламалардың барлығы 1414 номерінен келетін болғандықтан, ешқандай күдік тумайды. Бірақ, ештемеге тапсырыс бермегендіктен, күдік туып, кодты айтудан бас тарттым. Сенімді болу үшін ерінбестен, «Қазпоштаға» келіп, нақтыладым. Олар менің атыма ешқандай сәлемдеме келмегенін, бұл алаяқтардың әрекеті екенін айтты, – дейді қарағандылық Әлия Жұмабекова.
«Дропперге» кеткен ақша қалай қайтады?
«Дроппер» – ағылшын сөзі. Қарапайым тілмен айтқанда, банк карталарынан қаражат алу үшін заңсыз схемаларға қатысатын, бірақ, өздері алаяқтықпен айналыспаған адамдар. Бұрын алаяқтық жолмен ұрланған ақша қаражатын қайтару мақсатында тұрғындар Азаматтық кодекстің 953-бабының 1-бөлігі, яғни, «Негiзсiз байлықты қайтару мiндетi» негізінде азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну мүмкіндігі бар. Талап арыз беру үшін қылмыстық істің Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тіркеліміне енгізілгені туралы баянаттың көшірмесі, жәбірленуші ретінде тану туралы қаулы көшірмесі, ақша қаражатының шотқа аударылғаны туралы банктен анықтама, жауап алу хаттамасының көшірмесі керек.
Алаяқтардың алдау әдістерінің тағы бірі – WhatsАpp, Telegram мессенджерлерін бұзып, контактілер тізіміндегілерден ақша сұрау. Бауыржан Омаров алаяқтардың әрекеттеріне тап болсаңыз, деректерді қылмыстық пайдаланудан қорғауға көмектесетін қарапайым ережелерді сақтау қажет екенін айтады.
– Төлем картасының деректемелерін ешкімге бермеңіз немесе атамаңыз. Сондай-ақ, SMS кодтарды бермеңіз. Өзге біреудің өтініші бойынша мобильді банкингтегі телефон нөмірін де өзгертуге болмайды. Егер олар ресми сайттардан жүктелмеген болса, белгісіз бағдарламалар мен қосымшаларды орнатуға болмайды, – дейді Бауыржан Омаров.
Егер деректер киберқылмыскерлердің қолына түсті деп күдіктенсеңіз немесе шоттар бойынша өзіңіз білмейтін операциялар жүргізіліп жатқанын байқасаңыз, дереу банктің байланыс орталығына хабарласу керек.
– Алаяқтыққа бейжай қарауға болмайды. Киберқылмыскерлер күн сайын түрлі құйтырқы әдістерді табатындықтан, сақтық шараларын сақтау маңызды. Әлеуметтік желіде құпия сөзді немесе басқа құпия ақпаратты бермеңіз. Банктер мен басқа ұйымдардың қызметкерлері жұмыс істеу үшін пайдаланушының құпия сөзін пайдаланбайды. Онлайн сатып алу кезінде абай болған жөн. Сенімсіз сайттарға несие картаңызды немесе басқа құпия ақпаратты енгізбеңіз. Сатып алудан бұрын сатушының пікірлері мен рейтингтерін тексеріңіз. Егер күдікті болып көрінсе, ол дәл солай болып шығуы мүмкін, – дейді Бауыржан Амангелдіұлы.
Бауыржан Омаров биыл қала бойынша көпэпизодты интернет алаяқтыққа қатысты 63 қылмыстық іс ашылғанын айтады. Мәселен, Instagram желісі арқылы ұялы телефон сату желеуімен ұсталған алаяққа қатысты 17 эпизод, интернет арқылы тағам өнімдерін сату сылтауымен 7 эпизод, «коттедждерді жалға беремін» деп, алдын ала төлем алу бойынша бір эпизод және тағы басқа да қылмыстық істер тергеп-тексерілуде.
Пайдалы ақпараттың артығы жоқ
Қарағанды қаласының полиция басқармасы интернет алаяқтықты тіркеуді азайтуға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүргізетінін айтады Бауыржан Омаров. Мәселен, әлеуметтік желіде және мессенджерлерде тұрғындарға ескерту мақсатында мақалалар, посттар, бейнероликтер жарияланады. Одан бөлек, полиция басқармасы базасында интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел-тергеу тобы құрылды.
– Қарағанды қаласының полиция басқармасы қызметкерлері өздерінің WhatsАpp қосымшасында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша ақпараты бар статустарды үнемі жариялап отырады. Ал, криминалдық полиция бөлімі жол-көлік оқиғаларын сылтауратып, қоңырау шалатын алаяқтардың жолын кесу мақсатында жадынамалар әзірледі. Онда 1000-нан аса интернет алаяқтықтың түрі мен тәсілі егжей-тегжейлі жазылған QR-кодтар пайдаланылады. Олар қоғамдық автобустарда желімделген, – дейді Бауыржан Амангелдіұлы.
Одан бөлек, Қарағанды қаласының қоғамдық көліктеріндегі интернет-алаяқтықтар бойынша азаматтарды хабардар ету мақсатында жолаушылардың қалың легі бар 53, 43, 118, 146-бағытына профилактикалық сипаттағы бейнероликтер қойылады.
Бауыржан Омаров интернет алаяқтықтың алдын алу мақсатында бүкіл органдармен бірлесе жұмыс жүргізілетінін айтады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz