Киберқауіптен қалай қорғаймыз?
XXI ғасыр – ақпараттық технологиялардың дамыған дәуірі. Балалар күнделікті өмірде сандық құрылғылар мен интернетті жиі қолданады. Бүгінгі күні интернет тек білім беру және ойын-сауық көзі ғана емес, сонымен қатар, балаларға қауіп төндіретін ортаға да айналды. Сол себепті балаларды цифрлық қауіпсіздік негіздерімен ерте таныстыру – маңызды міндеттердің бірі. Интернет қауіпсіздігі неге маңызды?
Интернетке оңай қол жеткізу балалардың мүмкіндіктерін кеңейткенімен, сақтықты да қажет етеді. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат, интернет алаяқтары, кибербуллинг, жеке мәліметтердің ұрлануы сияқты қауіптер балаларды түрлі жағдайға ұшыратуы мүмкін. Бүгінгі балалар интернеттің шексіз мүмкіндіктерін тек біліп қана қоймай, ондағы қауіптерден сақтану жолдарын да меңгеруі керек.
Цифрлық әлемде балалар үшін ең негізгісі – жеке ақпаратты құпия сақтау. Мектеп жасындағы балалардың өздері туралы жеке мәліметтерді, ата-аналарының телефон нөмірлерін, мекенжайларын жария етпеу керектігін түсінуі қажет. Сонымен қатар, балаларға құпия сөздерді қалай құру керектігін үйрету маңызды. Құпия сөздер қиын әрі күрделі болған сайын, балалар өз ақпараттарын қорғауға сенімді бола алады.
Балаларға интернет қауіпсіздігін ойын түрінде үйрету – өте тиімді. Бұл оларға қажетті ақпаратты қызықты әрі оңай түсінуге мүмкіндік береді. Мысалы, құпия сөзді таңдау кезінде оларды «құпия агент» ретінде ойнап, маңызды мәліметтерді құпия ұстауға баулуға болады. Сонымен қатар, кибербуллинг туралы әңгімелер жүргізіп, балаларды өздерін қорғау жолдарына үйрету қажет. Осы мақсатта «Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» тақырыбында 4-сынып оқушыларына арналған авторлық бағдарлама жаздым.
Бұл бағдарламаның басты мақсаты – балаларға интернетті қауіпсіз қолдану ережелерін үйрету, өз ақпаратын сақтау, желідегі қарым-қатынастың әдептілігін ұғындыру. Мұндай бағдарламалар, балалардың цифрлық әдеттерін саналы түрде қалыптастырып, болашақта интернетті қауіпсіз әрі жауапты түрде қолдануға дайындайды.
«Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» бағдарламасы балаларды тек цифрлық қауіпсіздікпен таныстырып қана қоймайды, сонымен қатар, сыни ойлау қабілеттерін дамытуға көмектеседі. Мысалы, оқушыларға шындық пен жалғандықты ажырату, ақпаратты тексеру, әлеуметтік желілердегі киберқауіптерден қорғану туралы түсінік беріледі. Балалар топтық жобалар, рөлдік ойындар және нақты өмірлік жағдайларды талдау арқылы бұл білімдерді тәжірибе жүзінде меңгереді. Цифрлық қауіпсіздікті үйрету – тек қана қазіргі күннің қажеттілігі емес, болашақтың да маңызды талабы. Бала кезінен цифрлық мәдениет негіздерін меңгерген балалар болашақта қауіпсіз, саналы және сыпайы интернет қолданушыларға айналады. Бұл оларды әлеуметтік желілерде және интернетте жауапты әрекет етуге, өз қауіпсіздігін сақтауға, сондай-ақ, басқалардың да құқықтарын құрметтеуге үйретеді.
Цифрлық қауіпсіздікті сақтау – тек ата-аналар мен педагогтердің ғана емес, балалардың да жауапкершілігіне айналуы тиіс.
«Цифрлық әлемде қауіпсіз қадам» сияқты бағдарламалар арқылы балалар қауіпсіздік ережелерін меңгереді, интернет мәдениетін түсінеді және болашақта жауапты цифрлық азамат болуға қадам жасайды. Баланың интернетте өз-өзіне сенімді, саналы және қауіпсіз болуына мүмкіндік береді.
Айкүнім ҚАЛҚАМАН,
Әл-Фараби атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
БАЛҚАШ.